ОРАЛ. ҚазАқпарат - Самара қаласында «Ақжол» қазақ ұлттық-мәдени автономиясының 10 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өтіп, оған Батыс Қазақстан облысының делегациясы да қатысып қайтты.
Мерекелік шараға Ресейдің жиырмаға жуық аймағынан, сондай-ақ Қазақстаннан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев бастаған меймандар барып, «ақжолдықтардың» қуанышын бөлісті. Қауымдастықтың қолдауымен Ресей қазақтарының кіші құрылтайы өтіп, онда көрші елде тұратын қандастармен қарым-қатынасты одан әрі жандандыру, олардың ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетін, ана тілін жоғалтпай, сақтауына қолдау көрсету бағытында пікір алмасылып, алдағы жоспарлар пысықталды.
Осыдан он жыл бұрын құрылған «Ақжол» автономиясына ұлтжанды азамат Тоқтарбай Дүйсенбаев жетекшілік етеді. Он жыл ішінде автономия көптеген табыстарға қол жеткізді. Қазіргі кезде аталған ұйымның Самараның он екі ауданында филиалы, үш ұлттық ансамблі бар. Жыл сайын кезекпен әр ауданда Наурыз мейрамы кеңінен тойланып келеді. Бұрын ана тілінде сөйлеуден қашқақтайтын қандастарымыз бірте-бірте ұлт мәдениеті мен өнеріне, өз тіліне бет бұрды. Т.Дүйсенбаевтың атап өткеніндей, осы мерзімде Батыс Қазақстан облысы әкімдігі «Ақжол» автономиясына қолдан келген көмегін аяған жоқ. Қазақ тілін үйрету бағытында бірлескен семинарлар ұйымдастырылып, мамандар іс-тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, қазақ жастары атажұртқа келіп, тіл сындырса, мәдениет мамандары Самараға барып, ондағыларды ұлттық ән-күй мен биге үйретті. Тіпті сонда тұрақтап қалғандары да бар. Көршілес өңірлерде тұратын бауырлар ана тіліндегі әдеби кітаптар, оқу-әдістемелік жинақтармен де қамтылды.
Бұл жолы да өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен барған батысқазақстандықтар атынан БҚО мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар «ақжолдықтарды» құттықтап, игі тілегін жеткізді. Ал Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері өз өнерлерін көрсетіп, мерекенің шырайын аша түсуге атсалысты.
Оставить комментарий