Алматыда халықаралық «Алматы туры-2015» веложарысы басталды

/uploads/thumbnail/20170708201443368_small.jpg

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда таңғы сағат 09:45-те халықаралық «Алматы туры-2015» біркүндік тас жолдық веложарысы басталды.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек велошабандоздарды биылғы турға қатысып жатқандарына алғысын білдіріп, оларға сәттілік тіледі.

«Бұл спорт мерекесі жыл өткен сайын ұлғайып, велосайыс әлемінде үлкен беделге ие болуда. Турға қатысушы әлемнің үздік командалары мен велоспорт майталмандарының саны күн өткен сайын артып келеді. Бұл - біз үшін үлкен мәртебе. Отандық велоспортшыларға халықаралық деңгейде күш сынауға берілген бірегей мүмкіндік. Ал қала тұрғындарына жасалған үлкен сый. «Алматы туры» веложарысы биыл үшінші рет өткізіліп жатыр. Өткен жылы халықаралық велосипедшілер одағы бұл турдың мәртебесін 1.1санатына  көтерген. Енді оған әлемдік деңгейдегі кәсіпқой командалар да қатыса алады. Бұл сөзсіз, жарыстың беделін де, мәртебесін де арттыра түседі. Енді командалар арасында жарыс барынша тартысты бола түседі деген сенімдемін. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықсын», -  деді Б. Байбек.

«Нұрлы тау» бизнес орталығының алдындағы сөреге жиналған командалар таңғы сағат 09:45-те  жарыс жолына шықты. Бүгінгі спорттық шараның ашылу рәсіміне құрметті қонақ ретінде қатысқан «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов «старт» тапаншасынан әуеге оқ атып, жарысты бастап берді. 

Велошабандоздар 31 шақырымнан тұратын алты айналымды жүріп өтеді. Яғни, жарыс жолының жалпы қашықтығы - 186 шақырым.

«Astana Pro Team» командасының құрамында мына қазақстандық велошабандоздар қатысады: «Тур Алматы 2014» жеңімпазы Алексей Луценко, Арман Қамышев, Руслан Тлеубаев, Даниил Фоминых, Андрей Зейц и Бахтияр Қожатаев, және де «Вуэльта Испания-2015» велокөпкүндіктін триумфаторы итальялық Фабио Ару мен оның отандасы Паоло Тиралонго.

Айта кетелік, велошабандоздар әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта жарыса отырып, Мұстафин көшесі тұсындағы айналма жолмен кері бұрылып шығысқа қарай беттейді. Әл-Фараби даңғылымен Шығыс айналма жолына шыққан велошабандоздар Талғар бағыты тұсынан айналма жолмен кері бұрылады. Осы айналымды олар алты рет айналады. Мәре сызығы - «Нұрлы тау» бизнес орталығының алды (әл-Фараби даңғылы мен Панфилов көшесінің қиылысы).

Оставить комментарий

Связанные Статьи