• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:24:52
Алматы
+12°

14 Ақпан, 2018 Саясат

Өркен Кенжебек. Даниал Ахметов неге өтірік айтты?

Алтайдың әдемі табиғаты мен Семейде жарылған бомбаның орнын түсіріп алып, Марк Дакаскосқа екі ауыз сөйлетіп, БиБиСиден көрсеткеннен, қазақ рухани жаңғыра ма?

«Қамшы» – еркін ақпарат алаңы. Хат қоржынымызға келіп түскен журналист Өркен Кенжебектің Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов туралы мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Егер осы мақалаға байланысты ШҚО әкімдігі тарапынан қандай да бір уәж айтылып жатса, оны да «Қамшы» порталында жариялауға әзірміз.

Даниал Ахметов

Қазір Шығыс Қазақстанда Голливудтың қартайған жұлдыздары қонақта жүр. Марк Дакаскос, Бай Лин, Кэрри Тагава, Эрик Робертс, Майкл Мэдсон – осы бестік. Шамасы, эскорт компанияларға біреуін шақырғаннан гөрі, бесеуін әкелген арзан-ау – «оптом дешевле». Былай ниеттері жақсы. Облыс әкімімен кездесті. Енді төрт күн бойы облыстың төрт ауданында болып, тарихи және табиғи тамаша жерлерін аралап, 15 минуттан 4 сериялық деректі фильм түсірмек. Оны тағы National Geographic және BBC-да айналдырмақ. Бұған қазір қайта ораламын.

Мәселе - Даниал Ахметовтың өтірік айтуында. Немесе, оған өтірікті айтқызуында. Міне, сол кездесуде айтқан сөзінен үзінді: «В эпоху цифровизации интерес к Казахстану нужно развивать, приглашая таких популярных личностей, у которых любой пост в социальных сетях набирает более 60 млн лайков. Пример тому демонстрирует наша гостья актриса Бай Линг». Жақсы, Бай Лин. Біз оны көбіне «Такси 3» не «»Адреналин 2» фильмдеріндегі жауыз, ауыш, сәйкесінше, голливудтық типология бойынша ақымақ персонаждарымен білеміз. Бірақ, оның атын шығарғаны бұл фильмдері де емес, әртүрлі кеш-бешірлердегі бір лыпамен шығуы, жалаңаш перфоманстары еді. Егер мен Байзақованың орнында болсам, «Рухани жаңғыруға» тура сол амплуадағы Бай Линді шақырғанына тас-талқан боп, ренжір едім)

Ок, әлеуметтік желідегі кез-келген посты 60 миллион жинайды деді ғой, әлгінде, Даниал...  Инстаграмын қарайық - 33 мыңға да жетпейді. Алматының бір саунасында қыздырынып жатқаны 2 200-ақ көрілім жиған, Қазақстанға келдім деген посты 597 лайк қана. Лентасын қарап шықтым - ең жалаңаш деген фотосының 2 500 лайк жинай алмаған. Қайда 60 миллион лайк? Қайда, миллиондар? Қып-қызыл өтірік. Ахметовке өтірік айтқызды, білмедім, баспасөз хатшысы ма, әлде продюсерлер ме... Бұл үлкен мәселе десеңіз, қателестіңіз.

Біз кез-келген істің ортасын ұстай алмай жатамыз осы. Дін ұстансақ та, не радикал, не атеист. Саясатта жүрсек те, не оппозиция, не жағымпаз. «Рухани жаңғыру» да сондай боп кетті. Бір әкімдер бала қораз әншілердің байқауын да қызыл-жасыл бүркіттің логосымен басып, есебін бастырып жатыр. Ал Шығыс Қазақстан облысы секілділер бұған әлемдік масштаб бергенсіп, мақсатын бұрмалап кетті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсінбей, бұрмалап, қидалап кеткен әкімдерді сынағаны кеше ғана емес? «Рухани жаңғыру» бағдарламасын кім ашып қарады? Ондағы алты басымдықтың жетеуі де тек қазақтардың қамына бағышталған. Қазақтың санасы ашық болсын, эволюциялық жолмен дамысын, бәсеке қабілетті болсын, кәнсе де кәнсов, ысырапшыл болмасын, прагматик болсын дегенді айтады.

Айтайын дегенім, Алтайдың әдемі табиғаты мен Семейде жарылған бомбаның орнын түсіріп алып, Марк Дакаскосқа екі ауыз сөйлетіп, оны БиБиСиден көрсеткеннен, қазақ рухани жаңғыра ма? Жоқ! Сыртқы істер министрлігінің сыртқы имидж бойынша бағдарламасы болса, түсінер ем. Жүзеге аспай қалған «Ұлттық бренд» бағдарламасы болса, түсінер ем. Бірақ, Батыстан бес шал-кемпірді шақырып алып, бір сағаттық деректі фильмді  тағы да Батыста көрсету «Рухани жаңғырудың» бабына еш келмейді. Кешіріңіз.

Erkebulan Nurekesh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір