• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 18:03:53
Алматы
+35°

Өтіп бара жатқан 2020 жыл оқиғаларға толы күрделі жыл болды. Ол оқиғалар бірде саяси шешімдерге әсер етсе, енді бірде жүйедегі қордаланған мәселелердің бетін ашты. Қамшы порталы тышқан жылында қоғам өмірінде маңызды орын алған оқиғаларды ұсынады.

2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуекомпаниясының Fokker-100 ұшағы апатқа ұшырап, 13 адамның қаза табуынан, 31 желтоқсанда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Серікболсын Әбділдиннің өмірден өтуінен жаңа жылдың қаңтары қаралы көңіл-күймен басталды.

22 қаңтарда Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, марқұм Айсұлтан Рахаттың facebook парақшасындағы жазбаларды қоғамды дүрсілкіндірді. Ол бірнеше жазба жариялап, кейде анық емес, кейде түсінікті әрі анық бірнеше мәлімдеме жасады. Солардың бірінде өзін алдағы уақытта өлтіруі мүмкін екенін, бірінде Нұрсұлтан Назарбаев әкесі екені туралы жазды. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған мәселеге байланысты Назарбаевтар әулеті пікір білдірмеді. Тек 13 ақпанда сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Кейбір топтар жалған ақпарат таратып, үлкен компанияның, жеке адамдардың, тіпті бүтін бір елдің абыройына нұқсан келтіріп жүргенін көріп жүрміз. Бірақ оның артында жымысқы ой, пайда көру пиғылы тұрады және мұндай мысалдар соңғы уақытта біздің елде де көбейіп келеді. Мұның соңы арандап қалуға әкелуі мүмкін. Айсұлтанға қатысты да осыны айтқым келеді. Бұл – бірінші кезекте оның анасының трагедиясы" деп пікір білдірді.

7 ақпан. Жамбыл облысы Қордай ауданында 11 адамның өліміне соқтырған қазақ-дүнген жанжалы болды. Тұрмыстық даудан тұтанған жанжал жалыны аудандағы талай жылдан бері шешілмей келген этносаралық мәселелердің салдарынан ұлтаралық сипатқа ұласты. Жансал барысында 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. Оқиғадан жалпы жиынтығы 1 миллиард 7 миллион теңге шығын келген. 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 51 адамға айып тағылған.

25 ақпанда азаматтық белсенді Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтантағы тергеу изоляторында қайтыс болды. Оны 24 ақпанда кешкі уақытта бірнеше полиция қызметкері үйінен алып кеткен. Ресми деректе азаматтық белсенді жүрек талмасынан қайтыс болғаны хабарланды.

3 наурызда 10 жылдан астам түрмеде отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішевті шартты жазамен босату туралы сот шешімі шықты. Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталып, "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 14 жылға сотталған. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

 

11 наурызда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 вирусының таралуына байланысты пандемия жариялады.

Коронавирус әлемді жайлап, әне-міне Қазақстанға да келіп қалуы мүмкін делінген болжамдар жасалып жатқанда, 18 наурызда өтуге тиіс болған Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысында президент Тоқаевтың отставкаға кететіні, оның орнына сол кездегі сенат төрағасы Дариға Назарбаева келетіні туралы әңгіме желдей есті. Бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ақпаратты терістегенімен, әңгімеге сенушілер аз болмады. Олар коронавирусқа байланысты карантин осы саяси жағдайға байланысты енгізілуі ықтималдығын айтты.

 

13 наурызда Қазақстанда алғаш рет коронавирус тіркеліп, 2 адамнан вирус анықталды. Президент отставкасы туралы әңгімеге сенушілер вирустың барына сенімсіздік білдіріп, мұның бәрін президентті ауыстыру идесынан туған әрекетке балады.

14 наурызда "коронавирус инфекциясының таралуына байланысты 18 наурызға жоспарланған Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысы өтпейтіні" хабарланды.

16 наурызда Қазақстанда төтенше жағдай енгізілді. Оған сәйкес, Қазақстан аумағына кіріп-шығу шектелді. Қоғамдық шара өткізуге тыйым салынды, мектеп оқушылары, студенттер онлайн оқуға көшті. Сауда орындары, базарлардың жұмысы шектелді. Сауда орталықтарындағы балалар алаңдары, кинотеатрлар жабылды. Артынша қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар мен мекемелер қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысты. Ірі қалаларға блок бекеттер қойылып, қатаң карантин енгізілді.

***

 

Коронавирус пандемиясы, төтенше жағдай, карантин елдің денсаулық сақтау саласы мен цифрландыру бағдарламасындағы көптеген олқы тұстарды әшкереледі.

 

Алдымен ақпанда медициналық маска тапшы болса, артынша, денсаулық сақтау министрлігі індеттің таралуы бойынша жасаған болжамы қате шықты. Ведомствоның сол кездегі басшысы Елжан Біртанов Қазақстанда эпидемологиялық жағдай өршіген тұста, вирус жұқтырушылар саны 3500 адамнан аспайды деген. Вирустың таралуы өршіген кезде шынайы жағдай экс-министр мәлімдемесінен бірнеше есеге күрделенді. Ауруханаларда төсек орны, өкпені жасанды желдету аппараттары мен дәрі тапшылығы қатты сезілді. Тіпті парацетамол, аспирин, цитрамон секілді дене қызуын түсіруге арналған қарапайым дәрілер таба алмай қалған күндер болды. 25 маусымда Біртанов қызметінен босатылды. 2 тамызда оның орынбасары Олжас Әбішев бюджет ақшасын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Ал 3 қарашада Біртановтың өзі қамауға алынғаны, аса ірі көлемде ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық істе тергеліп жатқаны хабарланды. 7 қарашада оған қатысты бұлтартпау шарасы өзгеріп, үй қамаққа алынғаны белгілі болды. Біртанов ісіне байланысты әзірге басқа дерек жоқ.

Төтенше жағдай кезінде ши шыққан салалардың бірі – цифрландыру. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігіне қарайтын, оның сол кездегі басшысы Асқар Жұмағалиев жауапты бұл сала электрондық қызметтерді дұрыс жүргізе алмады. 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемге өтінім қабылдайтын сервистер бастапқыда бірнеше күн жөнді жұмыс істемеді. Сондай-ақ қашықтан оқыту кезінде елдімекендерді интернетпен қамту мәселесі қағаз жүзіндегі деректерден мүлде алшақ екені әшкереленді. Осыдан кейін Жұмағалиев 20 шілдеде министр қызметінен босатылды. Бірақ оған қатысты қылмыстық іс қозғалмады. Ол 30 қыркүйекте Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, қызметіне тағайындалды.

Осы оқиғалардың арасында 2 мамыр күні Сенат төрағасы Дариға Назарбаевның өкілеттілігі тоқтатылды. Оның қызметтен босатылуына қатысты түрлі нұсқалар айтылды. "Әдеттегі кадрлық ауыс-түйіс" дегендер де, "мүдделі топтар таласының көрінісі" деп айтушылар да, "Тоқаев екеуі арасындағы текетірес кесірінен және шетелдегі дүние-мүлкін қорғау үшін кетті" дегендер де болды. Бірақ қалай болса да Дариға Назарбаева бүгінде алдағы мәжіліс сайлауына түсетін үміткерлер қатарында. Демек ол үлкен саясатқа қайта оралуы мүмкін. Экс-депутат Серік Әбдірахманов "оның бұл жолғы оралуының астарында президент болу мақсаты жатыр" деп санайды.

 

Парламент мақұлдап, сенат бекіткеннен кейін қоғам қарсылығына қарамастан  26 мамырда президент Тоқаев саяси партиялар туралы, сайлау туралы, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңдарға қол қойды. Енді елде партия тіркеу үшін қажетті 40 мың қол 20 мыңға төмендетілді. Сайлау туралы заңға сәйкес, партиялық сайлау тізіміндегі кандидаттардың 30 пайызы міндетті түрде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастардан құралуға тиіс. Парламенттік оппозиция түсінігі енгізілді. Митингтің хабарлау қағидаты қабылданды. Кей азаматтық белсенділер аталған заңдар дәл карантин кезінде қабылданғанына наразылық білдірсе, кей сарапшылар жаңа нормалар шынайы саяси реформаға бастамайтынын, "саяси реформа имитациясы" ғана екенін мәлімдеді.

 

Маусымның орта шегі, шілде айларында Қазақстанда коронавирус өрши түсіп, науқастар ауруханға сыймай, дәріханаларда дәрі жетпей, жедел жәрдем сағаттап кешігіп жатты. Қаралы хабар күнде келетін. Осы кезде билік елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдығы мен ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласы күнін атап өтті. 6 шілдеде концерт өтіп, түнге қарай ойын-сауық арты отшашуға ұласты. Бұл қоғамда қарсылық толқынын тудырып, азаматтар бірнеше күн әлеуметтік желі арқылы наразылығын білдірді.

Қайтыс болып жатқандар саны артқан сәтте денсаулық сақтау министрлігі өліп жатқандардың басым көпшілігін пневмонияға шалдыққандар деумен болды. Соның салдарынан қоғамда ресми статистикаға деген сенім азайды. Ұзамай денсаулық сақтау министр Алексей Цой соңғы алты айда 1 172 адамның пневмониядан қайтыс болғанын хабарлады. Бұл мәлімдемелерден кейін, ресми деректі негізге алып алдымен Қытай, артынша батыстың он шақты ірі баспасөз құралы Қазақстанда өлім көрсеткіші коронавирустан да жоғары өкпе ауруы яғни пневмония тарап жатқаны туралы жазды. Кейін ұлыбританиялық Daily Mail басылымы ағылшын және қытай медицина мамандарынан сұхбат алып, олардың "Қазақстанда таралып жатқан пневмония іс жүзінде COVID-19" деген қорытындысын жариялады. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы өкпе ауруын COVID-19 деп санайтынын мәлімдеді. Содан кейін ғана барып денсаулық сақтау министрлігі пневмония статистикасын жариялы түрде жүргізе бастады. Алайда оның өзінде статистика тек 1 тамыздан бастап жарияланып, оған дейінгі деректер статистикаға енбеді.

16 тамыз. Лондонда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Рахат 30 жасқа қараған шағында қайтыс болғаны, жүрегі тоқтап қалғаны хабарланды.

 

21 қазан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетінін мәлім етті. Сайлауға Қазақстанда тіркелген 6 партияның 5-еуі қатысады, 1 партия сайлауға бойкот жариялады. Соңғы жылдары Қазақстанда бірде-бір саяси партия тіркелген жоқ. Демократиялық партия құратынын мәлім еткен қоғам белсендісі Жанболат Мамай мен оның жақтастары Әділет министрлігіне 1000 адамдық ынталы топ тізімін ұсынған. Артынша съезд өткізбек болған. Алайда съезд күні жақындағанда жақтастарының ұсталуына байланысты, съезд орнына митинг өткізді. ХАҚ (Халыққа адам қызмет) партиясын құратынын мәлімдеген белсенді Тоғжан Қожалиева мен "Сен" партиясын құрмақ болған бизнестренер Ахметбек Нұрсила тарапынан партия құру үшін нақты әрекеттер жасалмады.

 

10 қараша. Азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ пышақ жарақатынан қайтыс болды. Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

11 желтоқсан. Ресей думасының депутаты Вячеслав Никонов "Первый канал" мемлекеттік телеарнасының эфирінде "Қазақстан аумағы – Ресей тарапынан жасалған сый" деген даулы мәлімдеме жасады. Депутат сөзі Қазақстанда қызу талқыланып, Қазақстан сыртқы істер министрлігі депутатқа наразылық нота жолдады. Ұзамай тағы бір Ресей депутаты Евгений Федоров "Қазақстан Ресейге өз аумағын қайтаруға тиіс" деп, Қазақстан территория Ресей тарапынан жасалған сыйлық екеніне меңзеп, оны сыйға берілген көліктің мысалында түсіндіруге тырысты. Артынша Алматыда туған Ресей депутаты Владимир Жириновский Никонов сөзін қолдайтынын жеткізіп, "тұтас Қазақстан Ресейдікі" деп мәлімдеді. Саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев дума депутаттарының мұндай мәлімдеме жасауы "өте түсініксіз", мәселеге президент Тоқаев араласпаса болмайды" деген пікірде. Саясаттанушы Досым Сатпаев "егер Қазақстан өзін құрметтемесе, өзгелер де құрметтеуді қояды" деп, Қазақстан билігін батыл қадамдарға баруға шақырды.

16 желтоқсан. Алматы қаласы Тәуелсіздік монументінің және Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіштің алдында үш жүзге тарта адам жиналды. Алаңға келгендер 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен 2011 жылға Жаңаөзендегі мұнайшылар наразылығы құрбандарын еске алып, артынша наразылық акциясын өткізді. Шерушілерді жасақ бірнеше сағат бойы қоршап, ешқайда барғызбады. Жиналғандар "ВЫВОРЫ 2021", "Қазір болмаса қашан?", "1986 Ұмытылмас 2011", "Тағы қанша ұрпақ жүйе құрбаны болады?", "Нұрсұлтан, Отанымды жеме" секілді ұрандар жазылған плакаттар ұстап, талаптарын айтты.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: 2020 жыл

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір