13 Сәуір, 2022 Саясат
Фото: Ашық дереккөз
Кеше Karimmassimov.com сайтында қаңтар оқиғасынан кейін қамалып, бүгінде қылмыстық кодекстің 5-бабы бойынша тергеліп жатқан ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің денсаулығы нашарлағаны туралы ақпарат шықты. Ол жерде "Мәсімов көптеген созылмалы сырқаттармен ауырады, соның ішінде жүрегі нашар, дәрігерлер оны дереу қамаудан босату керектігін айтып отыр" делінген. Ақпарат ресми болмаса да біраз адам оған реакция танытып, Мәсімовтің босатылуына қарсылық білдіріп үлгерді.
Журналист Серікжан Мәуленбай жүргізетін, ресми түрде БАҚ деп тіркелген "БЕСсимптомно" Telegram-каналы қазақстандық және ресейлік кей ақпарат құралдары мен Telegram-каналдар Кәрім Мәсімовті қолдау бойынша белсенді пиар-компанияны бастағанын жазады. Желілік басылымның мәліметінше, Мәсімовті ақтап жазу үшін блогерлерге 200 еуро (шамамен 97 мың теңге) ұсынғаны туралы да ақпарат бар. Telegram-канал Жаңа Қазақстанда бәрі заң алдында тең, Мәсімов айыпталып отырған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті туралы іс барынша ашық болатынына, сот әділ шешім шығаратынына сенім білдіреді.
Ал қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан қамауда отырғандардың ішінде ауырып, хәл үстінде жатқан күдіктілер мен сотталушылар көп екенін тілге тиек етіп, Мәсімовті босату туралы сөз қозғаудың өзі артық деп санайды.
"Ол кәнігі спортшы сияқты еді ғой. Желіде түрлі марафондарға қатысқанынан көптеген сурет бар. Марафоншының жүрегі ауырады дегенмен келісу қиын. Екіншіден, барлық азаматқа, оның ішінде сотталушыларға бірдей көзқарас болуы керек. Егер Мәсімовті осындай диагнозбен босататын болса, мұндай диагноз қойылған барлық сотталушыны босатсын. Мәселен, қазір қаңтар оқиғасы бойынша сотталып жатқандар көп. Солардан жүректің ишемиялық ауруына анализ алып көрейік, диагноз расталса, босатайық. Бірақ олай болмайды ғой. Аронды қандай жағдайда босатқанын бәріміз білеміз. Сондықтан Кәрім Мәсімовты босату туралы сөз қозғаудың өзі артық. Оның үстіне ол отанға опасыздық жасады деп айыпталып отыр" дейді қоғам белсендісі.
♦ ҚК 336-бабы 4-бөлігі – "Пара алу"
♦ ҚК 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы – "Билiктi немесе лауазымдық өкiлетігін асыра пайдалану"
♦ ҚК 175-бабы 1-бөлігі – "Мемлекетке опасыздық жасау"
♦ ҚК 179-бабы 3-бөлігі – "Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту"
♦ ҚК 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы – "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)"
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір