Ресей шегінісі Украина жеңісін білдіре ме? Соғыс қалай өрбімек? Сарапшылар жауабы

/image/2022/10/14/crop-70_10_596x1060_63339710_605.jpg

Батыс сарапшылары Украина жеріндегі соғыстағы басымдық Украина жағына ойысып, Ресей әлсірей бастағанын айтып жүр. Алайда бұл соғыстың нәтижесі туралы айтуға жеткілікті ме? Украина жерін жау әскерінен толық тазарта ала ма, Ресей расымен жеңілістің аз-ақ алдында тұр ма? Немістің Deutsche Welle басылымы осы сұрақтарға жауап іздеп, сарапшыларды сөзге тартқан.

"Владимир Путин Украинаға басып кіруде сәтсіздікке ұшырады. Украина жеңісін жариялауға әлі ерте, десе де шығыс пен оңтүстіктегі басымдық Украина жағында екені анық" дейді Демократиялық қорғау қоры сараптамалық орталығының қызметкері Брэдли Боумен.

Ол Ресей Украинаның төрт аймағын аннексиялағанын жариялағанымен, аталған аймақтардың бір бөлігін ғана бақылап отырғанын атап өтті.

Осыған ұқсас пікірді Германияның сыртқы саясат қоғамының өкілі Андраш Рач та білдірді.

 

"Украина әр шаршы шақырымды азат еткен сайын, Ресейдің жалған референдумдары мен жалған аннексиясына деген сенімі төмендеп барады. Яғни, Украина азат еткен әрбір шаршы шақырым Ресей позициясының тек ұрыс даласында ғана емес, саяси тұрғыдан да әлсірей түскенін көрсетеді" дейді сарапшы. 

Сарапшылар Украина қарсы шабуылының сәтті шығуына украиндардың моральдық рухы, батыс қару-жарағы, сондай-ақ ресейлік қолбасшылардың айқын сәтсіздіктері себеп болып отырғанын айтады. Путин жариялаған мобилизация Ресей позициясын нығайтуды көздегенімен, алдағы айларда басымдық Украина жағында қалады.

 

"Ресей армиясы арқа сүйеп отырған қосымша күш екі-үш айдың ішінде келетінін ұмытпау керек. Демек, Ресей алдында үлкен проблемалар тұр, бұны украиндықтар пайдаланып қалуға тырысады" деді Берлин ғылым және саясат қорының әскери сарапшысы Вольфганг Рихтер. 

Ол ресейлік тарап енді күші айтарлықтай басым әуе шабуылдарын күшейтуі мүмкін деп санайды.

Дегенмен сарапшылар украиндық қарсы шабуылды асыра бағалауға болмайды, қарулы күштер жақын арада Украинаның Ресей басып алған барлық аумағын азат ете алады деп айту әлі ерте дейді.

Бонн университеті Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі орталығының қызметкері Йоахим Вебер Украинада ең алдымен шабуыл қаруы, атап айтқанда, танкілер мен жаяу әскер машиналары жетпейтініне назар аударды.

Германияда соңғы апталарда Киевке дәл осындай әскери техниканы жеткізу туралы қызу талқы жүріп жатқанымен, Берлин оң шешім қабылдамаған.

 

"Сонымен қатар, оларға жалпы соққы күші, оқ-дәрі және басқа да заттар жетпеуі мүмкін. Осылайша олар ресейліктерді аздап шегіндіреді, бірақ одан кейін күз-қыс кезеңінде майдан бір орыннан қозғалмайды" деп санайды сарапшы. 

Вольфганг Рихтер Кремль армиясының қуатын әлі де қатардан шығаруға болмайтынын, Ресей әскері әлі де қуатты екенін ұмытпау керектігін атап өтті. Ол Украина Ресей басып алған барлық аумақтарды жақын арада қайтарып алатынына күмәнданады.

"Әзірге бұл (Ресей басып алған барлық аумақтарды толық азат ету - ред)  – арман, елес сияқты. Бірақ Украина қарулы күштері Херсон облысына, сондай-ақ солтүстік-шығысқа қарай ілгері жылжи алады деп ойлаймын" дейді сарапшы.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар