21 Ақпан, 2023 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Бас әскери прокуратура 2022 жылдың тамызында "Шөлдала" шекара заставасында суицид жасаған мерзімді әскери қызметшісі Бекбол Мираштың өлімін тергеу барысы туралы мәлімет берді.
Ведомство дерегінше, билікті асыра пайдалану арқылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу айыбы бойынша күдікті ретінде сол заставаның келісімшарт бойынша әскери қызметшісі тергеліп жатыр. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес" ол Б.Мирашты және онымен бірге әскерге шақырылған басқа да мерзімді әскери қызметкерлерді жүйелі түрде психологиялық тұрғыда қорлап, соққыға жыққан.
"Күдікті қамауға алынып, тергеу жалғасуда және ерекше бақылауға алынған. Тергеу барысында болған оқиғаның барлық нұсқалары, соның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық мүмкіндігі тексерілді. Алайда, бұл дерек расталмаған. Адвокаттың өтінішхаттары белгіленген мерзімде қаралды және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы тәртібімен қанағаттандырылды" делінген Бас әскери прокуратура хабарламасында.
Күдікті сержант Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиев таяуда журналистерге осы іске қатысты адам сенгісіз фактілерді жария еткен. Оның сөзінше, сарбаздың киімі мен аузынан бірнеше адамның шәуеті анықталған. Осы ақпаратты жариялағаны үшін ІІМ Пірәлиевті "адвокаттық этиканы бұзды" деп айыптап, істі Әділет министрлігіне жолдаған.
Алайда Астана қаласының адвокаттар алқасы Сержан Пірәлиев ешқандай этикалық нормаларды бұзбағанын анықтады.
Жуырда ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Алдажұманов Бекбол Мираштың өлімінен кейін қызметтік тергеу жүргізіліп, департамент пен застава бастығы қызметінен шеттетілгенін айтты.
Дереккөз: ulysmedia.kz
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір