«Alma school» кәсіпкерлік білім беру мектебінің жаңа ғимаратындағы кітапханаға көрнекті қаламгер, кемеңгер тұлға Мұхтар Әуезовтің есімі, конференц-залға Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Дінмұхамед Қонаевтың, сондай-ақ конференц-холға Қазақстанның халық әртісі, композитор Ескендір Хасанғалиевтің есімі берілді.
Іс-шараға елге еңбегі сіңген құрметті азаматтардың ұрпақтары шақырылды.
Белгілі қоғам қайраткері, дипломат Мұрат Әуезов, Дінмұхамед Қонаевтың жиені, жазушы Диар Қонаев, Ескендір Хасанғалиевтің жұбайы Дарико Сопыжановна және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев арнайы келіп қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
– Мұхтар Әуезов нағыз классикке айналған жазушы. Бұл халықтың берген бағасы. Классиктің есімі заманға байланбаған. Керісінше, заман классиктен қорқады. Осындай биік рухпен өмір сүрген, нәтижелі еңбек еткен тұлғаның есімі кітапханаға берілгенінде айрықша мән бар деп санаймын. Жастарымыздың білім алуға деген зейіні ашылсын, – деп Мұрат Әуезов мектептің бастамасын құптайтынын айтты.
– Дінмұхамед Қонаевтің есімін қастерлеп, мектептің бір бөлшегін атағанына қуаныштымын. Конференц-холда Қонаевтың өмірі мен қызметі, ел үшін сіңірген еңбегі жайында үлкен жиындар өтіп, жастарға насихат жүргізіледі, деп сенемін. Әлі күнге дейін есімін естен шығармай, ел болып ардақ тұтып келе жатыр. Мұның бәрі сол көзі тірісінде атқарған үлкен істерінің жемісі. Мұхтар Әуезов атымен кітапхана ашылғаны да үлкен құрмет. Қанша дегенмен сол кісінің ұрпағымыз, оның үстіне музей-үйі менің басшылығымда. Мектеп оқушылары ұлы жазушы атамыздың кітаптарын оқыса, таныса дейміз. Ер есімі ел есінде сақталса болғаны, – дейді Диар Қонаев.
Мектеп басшылығының айтуынша, қазақтың көрнекті тұлғалары – Мұхтар Әуезов пен Дінмұхамед Қонаевтың есімі кітапхана мен конференц-залға берілуі "Alma School" мектебінің оқушыларды жан жақты дамыған, көкжиегі кең тұлға етіп өсіру үшін және қазақтың даңқты азаматтарын, олардың шығармашылығы мен еңбек жолын жас ұрпақтың арасында насихаттау мақсатынан туындаған идея. Атақты композитор, «Атамекен» патриоттық әнінің авторы Ескендір Хасанғалиевтің атына конгресс-холды берудегі ойымыз – шығармашыл жастарды дамытуға қосқан үлесі екенін жеткізді.
Пікір қалдыру