Жақында аяғы ауыр бір әпкеміз босанды. Тұрмысы тәуірлеу еді. Сол үш айлық нәрестесінің иткөйлектері мен сыйға келген кәстөмшіктерін сыйға тартпақ болып сайтқа бас сұқты.Содан телефонға тыным болмады. Сенесіз бе, хабарласқандардың арасында аяқ-қолы балғадай, шырттай киінген, тақымында темір тұлпары бар, сыр-сымбаты келіскен келіншектер де кездесіп жатты. Апайымның бар ойы тұрмысы нашар, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған бір отбасына тарту ету. Бір таңқаларлығы сұраушылардың дені «Расымен де, айырбасқа ештеңе алмайсыз ба?» дейді. Бастапқыда аң-таң болған едік «Айырбасы несі?» -деп. Мәнісін кейін түсіндік.
Сөйтсек, соңғы уақыттарда сыйға тартам деп алып ақы сұрау кейбір танымал желілердің хабарландыру берушілері үшін сәнге айналған екен. «Күртешемді 2 келі апельсинге, кеудешемді бір келі бананға айырбастаймын, гитарамды 4 келі алмаға алыңыз» сынды хабарландырулар жоғарыдағыдай желілерде өріп жүр. Шақалағының сыймай қалған киімін шемішкенің майына, құмшекерге, кәмпитке, тосапқа, картопқа ауыстырам деушілерді де дәл осы жерден кездестіресіз. Тіпті, асыл тұқымды ит-мысығыңыз болса, «будандастыру» арқылы да «тәп-тәуір» тиын-тебентабуға болады.Мұндайда тышқанның тезегінен теңге жасаған қайран Қожекеңнің қылығы еске түседі. Айтпақшы, жоғарыдағы төрт аяқтылардың тексіздері тегін. Тексізден текті туатынына нанбайтындар оны қайтсін. Жан баға алмай отырған жанұялар үшін тамаққа ортақ жан қаншалықты керек?
Жалпы, бұқара халықтың бұлайша қу құлқынның құлына айналуына не себеп? Әлде, көк қағаз құнының күрт өсуі, дағдарыстың дымқыл лебін сезініп үлгерген халықтың тегін кеткенше, тым құрыса тамағыма кетсін деген ішкі ниет-пейілінен туған ба, бұл? Аранның ашылуы ашыққандығының белгісі шығар бәлкім?...
Баяғыда...Баяғыда дейміз-ау, күні кешеге дейін жұрт көнетоз, тозығы жеткен, тар болып қалған киім-кешегін тума-туысқа, тұрмысы төмен отбасыларға таратып беретін. Осылайша ескі киім егесін табатын. Әрі қоқысқа кеткенше, көл-көсір сауапқа кенелгенге не жетсін. Бүгінгі жағдай басқаша. Жалпы бұл расында жұрттың пейілінің бұзылғанынан да хабар беретіндей. Бұлай деуімізге негіз жоқ емес. Бір сағаттай аталмыш желіде отырғанда байқағанымыз, сатушы-айырбасшылардың арасында тұрмысы тәуір жандар жетерлік. Тек тоз-тозы шықса да бергісі жоқ.
Екіншіден, бұл-бүгінгі қоғамның жанайқайы.Қара халықтың әлеуметтік хал-ахуалынан да хабар береді. Шеттей бала шағасы бар, асыраушысынан айырылған қалтасы жұқа, қолы қысқа жандарға көлдей көмек болмаса да жыртыққа жамау, материалдық демеу.Тұрақты жұмысы жоқ, жағдайы томен аяғы ауыр аналар үшін жоғарыдағыдай желілерді жағалап айырбасқа алған анағұрлым тиімді. Тозып қалмаса аз да болса азық-түлік, жеміс-жидектің рөлін тағы атқарады. Тегін бере қалса да кане. Өкініштісі, мұндайларға жоғарыда айтып өткеніміздей әлеуеті жоғарылардың жағаласатыны.
Салтанат Әлімқұлова