Жалғасы. Басы мына сілтемеде.
Жошының жаулаушы рөлі Жошы ұлысы тарихының бастапқы кезеңіне жатады. Шапқыншылық талай қиямет әкелді, мәдениет ошақтары жойылып, талай жанның басы жұтылды. Бірақ Жошы ұрпақтарының Қыпшақ даласында билік құрған соңғы кезеңін (әсіресе ХІІІ ғасыр соңынан ХVІІІ ғасырға дейін) алғашқы жаулап алған кезеңімен салыстыруға болмайды. Моңғол империясының орталығы Қарақорымнан Бэйжиңге аударылған 1264 жылдан бастап Жошы ұлысы империалдық билікке бағынбайтын дербес мемлекетке айналды. Жошы ұрпақтары Қыпшақ даласына Орта ғасырлық мемлекеттік басқару жүйесін әкелді. Мемлекеттіліктің басты нышандарын қалыптастырды. Алып далада ара қақтығыстан арып шаршаған дүйім жұрттың басын біріктіріп, әрқайсысы ел болып қалыптасуына өктемдік ықпал етті. Жошы ұлысы державасы ыдырағанда, оның шекпенінен Ұлттық бірнеше жаңа мемлекеттер туып шықты. Мысалы, солардың бірі Ресей. Тарихшы С.М. Соловьев, М.Н. Покровский, В.Г. Вернадский, Лев Гумилевтер бұл шындықты мойындайды. С.М. Соловьев «Моңғол билігі тұсында Орыстың күш-қуаты нығайды», – деп жазса, М.Н.Покровский Татарлар орыстың әлеуметтік өміріне «терең өзгерістер әкелді» деп ой түйеді.
В. Вернадский және Лев Гумилевтің қисыны одан гөрі тереңірек. «1480 жылғы оқиға төңірегінде сөз болғанда, — деп жазды Лев Гумилев, — «басқыншылықтың күйреуі» туралы емес, керісінше Алтын орданың жұртында ұлы Москва княздігі, Қырым және Қазан хандығы, Ноғай ордасы сияқты бір-біріне қарама-қарсы мемлекеттік жаңа одақтардың пайда болу жайы сөз болғаны дұрыс». «Шығыс Русь Алтын Орда хандары билігінен басы босағанда сонау Монғол шабуылы кезеңіндегісінен әлдеқайда қуатты, қабырғасы қатайған мемлекет болып шықты» деп жазды В.Г. Вернадский. Жошы ұлысы жүйесінің Орыс жұртына тигізген саяси ықпалы жайлы ағылшын тарихшысы Чарльз Гальперинның «Орыс және Алтын Орда: Орта ғасырлық орыс тарихындағы моңғолдардың үлесі» атты еңбегінде біршама толық талданған. Ал Астархан, Қырым, Қасым, Ноғай ордасы, Өзбек және Қазақ мемлекеті осынау Жошы ұлысының туындысы. Өздерін әлдеқашан Моңғол деп атаудан қалған Жошы ұрпақтары аталған мемлекеттердің қалыптасуы, ел болып шыңдалуы, тәуелсіздігі, ұлтының бірлігі үшін қажымай талмай күресті.
Әрине, тарихта бұл деректер ұлы Шыңғысханның саяси ұпайына жазылғаны болмаса, Евроазия даласында 250 жылға жуық сұлтанат құрған Жошы ұлысының шаңырағын көтерген Жошы және оның ұрпақтары, болды. Бірақ Жошы, оның әйгілі хан ұлдарының өмірбаяны, атқарған ісі әйгілі әкенің (Шыңғысханның) көлеңкесінде қалып келді. Жошы ұрпағынан ұлы қаған шықпады демесек, ол құрған Қыпшақ хандығы өз алдына әйгілі держава болатын. Сондықтан Жошы ханның атқарған ісін оның әйгілі әкесінің рөлінен, Жошы құрған Қыпшақ хандығының тарихын Моңғол империясының тарихынан бөліп қарауға болмайды. Жошы хан оның ұрпақтары Қазақ мемлекетін құрып, қазақты ұлт ретінде, Қазақ елін ел ретінде қалыптастырып қабырғасын қатайтуға ерекше үлес қосты. Қазақтың хан ұрпақтарының барлығы да Жошы әулетінен тарайды. Қазақ мемлекетінің бір қайнар көзі Жошының тұңғыш ұлы Орда (Орда ежен) және оның ұрпақтары басқарған Ақ орда болды.
Зардықан Қинаятұлы, тарихшы
Пікір қалдыру