Сайлаубек пен сайттың жайы: Шыңғыс Мұқан мен Әсия Қыстаубаеваның назарына

/uploads/thumbnail/20170708220540691_small.jpg

Жақында бірқатар ақпарат құралдары Атырау облысы әкімінің ішкі саясат және әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Шыңғыс Мұқанның қазақ тіліне қатысты пікірін жарыса жариялады. «Не айтты екен?» деп оқысақ, өз облысында мемлекеттік тіл мәселесі жоқ екенін айта келіп, ғаламторда, атап айтқанда әлеуметтік желілердегі жазбаларында «жұлдыздардың» қатені көп жіберетінін, сол арқылы жазу мәдениетінің антистандартын қалыптастырып жатыр деген ой білдіріпті.

Қазақ журналистикасының шекпенінен шыққан шенеунік:

«Мәселен, "Instagram", "Facebook" сияқты желілерде жүз мың, жүз елу мың жазылушылары бар жұлдыздар қазақша жазады. Бірақ, қате-қате. Орфографиялық, грамматикалық қате өріп жүреді.  Ел алдында жүрген жұлдыздардың жазуын әсіресе жастар стандарт ретінде қабылдайды. Сондай жазуды көріп, оны өздері қолданып жатады. Бұрын жазу мәдениетін газет-журналдар арқылы әдебиетшілер мен сауатты журналистер қалыптастыратын, қазір желідегі сауатсыздық қалыптастырып жатыр», - депті. Әркімнің жеке парақшасын санап жүрсек, қате жазбалар кімнен болса да шығады. Оның үстіне әнші мен биші, спортшылар Шыңғыс Мұқан айтқандай «әдебиетші немесе сауатты журналист» емес қой. Ондай қателік тек қазақ тілінде ғана табылады деу де асығыс айтыла салған ой секілді.

Алайда, әкім орынбасары: «...Нәтижесінде, қазақша пікір жазушылардың қатарында да сауатсыздық кең таралып барады.  Ал, орыс тілінде жазылған пікірлер қатесіз, сауатты жазылады. Орысша жазып, қате жіберсең, «қатеңді» бетіңе басып, жеп қояды. Қазақ тілінде қате жазылса, қалыпты қабылдайды. Қазақ тілі қатенің тілі секілді болып барады», - деп, орыс тілінде жазылған пікірлерді қызғыштай қорыпты. Осы ретте шенеуніктің әлеуметтік желілердегі жұлдыздарды сынай отырып айтқан бұл пікірі қазақ тілді БАҚ-тарға қаратылған жымысқы сын сымақ емес пе деген де ойға қалдық. Әйтпесе, «Атырау облысының тіл саясатындағы ендігі жұмысы - тілдің сапалы қолданылуын қадағалау болуы тиіс. Бұл жұмысты қазақ тілінде жазылған мәтіндердегі қателерді түзеуден бастауымыз керек деп ойлаймын», - деген бастамасын әлеуметтік желілерге қатысты қалай қайырсақ та келтіре алмадық. Атырау әкімдігі қай «жұлдыздың» әлеуметтік парақшасын аңдып, қателерін түзеп отырмақ?! Шынымен, ондай ниеті болса сауатсыздықпен күресті атыраулық жұлдыз МС Сайлаубектен бастаса жөн болар еді...

Бұл облыс басшыларының, ішкі саясат, идеология жұмыстарына жауапты шенеуніктердің ақпарат саласына қатысты «біртүрлі» ұстанымдары бір бұл емес. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын ақпарат құралдарында жариялау бойынша өткізетін конкурсының талаптары да қызық. Облыстық Ішкі саясат басқармасының бастығы Әсия Қыстаубаева қол қойған құжатта облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын ақпараттық сүйемелдеуден үмітті сайттарға қойылатын мынадай талаптар бар: сайттар «күніне 100 ақпараттық хабарламаларды жасақтау, түзеу және жариялау, жұмыс күнінде 5-7-ден аз емес сараптамалық материалдыр әзірлеп жариялау, күн сайын бір мәрте фотомұрағатты жаңалап отыру» керек екен.

Ал, енді облыс идеологтарының «Меншікті интернет-ресурс интернет желісінің қазақстандық сегментінде жұмыс күндері 400 000-нан кем емес бірегей қазақстандық келерменнің (сайтқа бір тәулік ішінде кіретін жаңа қолданушы) болуы және материалдардың жарияланымы мемлекеттік және орыс тілінде болуы міндетті» деген талабына таңғалмасқа шараң жоқ. Олай дейтініміз, күніне 400 000 жаңа қолданушы («келермен» атауын тиісті мамандар талқылай жатар) кіретін ақпараттық сайтты табу мүмкін емес деуге болатын іс. Мүмкін болған күнде де оның басқа талаптарға (атап айтқанда екі тілде хабар тарату) сай келмеуі мүмкін. Әлде, атыраулықтар «екі тілді ақпарат құралы» деген ат үшін ғана қазақ тілінде аннан-мыннан ұрлап контент жасап жүрген, негізінен орыс тілінде ақпарат тарататын интернет-ресурстарды айтып отыр ма екен? Ондай ресурстардың өзі күніне жарты миллионға жуық «келерменге» ие дей алмаймыз! Қалай болғанда да бұл жерде бір шикілік бар. Тіпті, құйтырқылықтың құйрығы көрінеді десе де болады.

Ақпарат құралдарына осындай негізсіз талап қою кімге қажет болды екен? Бәлкім, қазақ тіліндегі сайттардың оқылымы аз, танымалдығы төмен деп қақпайлаудың бір амалы ма? Онда «қазақ тіліндегі жазбалар сауатсыз, пікірлер қате» деген шабуылдар қазақ тіліне деген жанашырлық емес, сондай құйтырқылық қарсаңындағы тактикалық жүріс демеске лаж жоқ. Орыс тіліндегі ақпарат құралдарының өнімін тұтынушылардың барлығы тек орыс тілділер дей алмайсыз. Қайта мемлекет қазақтың назарын қазақ тілді БАҚ-қа бұруға әрекет етпей ме? Биліктің ұстанымы осы болса, шынымен де қазақ тілді БАҚ-тың «екінші сортты» құрал болғаны ма?

Қанша жерден қиын болса да мемлекеттік органдардағы кейбір шенеуніктердің көзқарасы, тұтастай билік жүйесінің ұстанымына қарап отырып осындай ойға келеміз. Кешегі кеңестік кезеңдегі қазақ тіліне немқұрайлы қарау, оның болашағына сенбеу сияқты кесапат көзқарас әлі де сақталуда. Бүгінгі шенеуніктер де қазақ журналистері мен олар қызмет істейтін баспасөз құралын кемсітуден жалықпай келеді. Олардың ойынша қазақша газеттердің тиражы аз, телебағдарламалардың көрілімі нашар, қазақ тілді сайттардың рейтингі төмен. «Қазақ тілінде жазатын журналистер сауатсыз, мәселенің байыбына бар аламайды» немесе «Олардың жазғанын ешкім оқымайды» деген түсінік бүгінгі мемлекеттік билік өкілдерінің үйреншікті жарапазанына айналды. Дәл Қазақстан секілді КСРО шекпенінен шыққан ешбір елде мұндай келеңсіздік жоқ. Бізден басқа посткеңестік елдердің барлығы орыс тілді БАҚ түгілі, орыс тілінің өзін қоғамдық, мемлекеттік мәселе деп санамайды. Тек бізде ғана. «Жуас қой жүндеуге жақсы» дегендей, қазақ тілді қалам ұстағандарды тұқыртып отыру сәнге айналған. Орыс тілді әріптестерімізге «Әй, мұның қалай?» дей алмайтындардың қазаққа келгенде әкіреңдеп шығатыны баршаға аян. Әйтпесе, орыс тілді БАҚ-қа ақша төлеп жаздыра алмағандарын қазақ тілді басылымдар тегін-ақ жариялап жүр. Тым болмаса соны ескерсе етті.

Сөз соңында Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мырза мен ішкі саясат басқармасының бастығы Әсия Қыстаубаева ханымнан мынаны сұрағымыз келеді:

  1. Атырау облысының басшылығы тиісті қадам жасап, МС Сайлаубекті сауатты жазу былай тұрсын, сауатты сөйлеуге үйрете ала ма?
  2. Қазақстанда күніне 400 000 жаңа қолданушы қарайтын қанша АҚПАРАТТЫҚ САЙТ бар?
  3. Атырау облысы эконмикасы қарыштап дамыған өлке ретінде қандай қазақтілді республикалық БАҚ-қа, оның ішінде, электронды ақпарат құралдарына қолдау көрсетеді?

Осы сұрақтар жауап тапса, біраз мәселенің беті ашылады. Одан соң, жұлдыздар мен олардың әлеуметтік желідегі жазбаларына шұқшию қазақ тіліне жан ашығандық белгісі болса, ондай жанашырлықты сол жұлдыздардың дарақылығы мен сауатсыздығын айтудай-ақ айтып келе жатқан қазақ баспасөзіне де жасауға болады емес пе?

Дархан Мұқан

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар