Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Тараз қаласының іргесіндегі Бурыл ауылындағы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
"Қазір жағдай қалпына келтірілді. Меніңше, диаспоралар мен жергілікті билік түсіндіру жұмыстарын жүргізді, әкімдік пен құқық қорғау органдары шара қолданып жатыр. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды. Бізде ұлттық ұланымыз бар, ол күшейтілген нұсқаға өтті. Күдіктіге күзет қойылды. Бүгін оны қамау туралы мәселе шешіледі. (...) Барлығы бақылауда, ол жақта ешқандай да режим енгізген жоқпыз", - деп мәлімдеді министр Қалмұханбет Қасымов.
Сонымен қатар, ауылда жауынгерлік қызмет атқарып жатқан әскерилер - Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметіне қатысты да жауап берді. Оның айтуынша, әскерилер ауылда әлі 1-2 күн болады.
"Меніңше, бұл жеткілікті", - деп түсіндірді министр.
"Бұл тұрмыстық қылмыс, меніңше. Қылмыскер кінәсін мойындап отыр, барлық сараптаманы өткізгенде тергеу қиын болмайды деп ойлаймын, біз істі сотқа жылдам жібереміз", - деді ол.
Министр бұл жағдайда ұлттық араздықтың жоқтығын атап өтті. "Оның үстіне бұл осы істе жоқ. Мен осыны мәлімдеймін", - деп қорытындылады ІІМ басшысы.
Естеріңізге салсақ, Д. Кавазоглы деген азамат көршісінің үйіне ұрлыққа түсіп, үйде ойнап жүрген 6 жасар баланы 11 жерден пышақ сап өлтірген. Күдікті дереу ұсталып, кінәсін мойындаған. Оқиғадан соң ауыл тұрғындары бұл жағдайға наразылық білдіріп, Д. Кавазоглының отбасы ауылдан көшірілсін деген талап қойды. Наразалық білдіргендердің бірнешеуін полиция ұстап әкеткен. Сол ұсталғандардың босатылуын талап еткен ауыл тұрғындары кеше тағы наразылық білдірді.
Оқиға орнында жүрген Азаттық радиосының тілшілісінен өздерін "ресми органдардың өкіліміз" деп таныстырған біреулер планшетін тартып алған.
Ескерту: Фото мен видеолар Азаттық сайтынан алынды.
Пікір қалдыру