Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар,
ол – тәуелсіз Қазақстан.
Нұрсұлтан Назарбаев
Біздің Атажұртқа қайта оралуымыздың тарихи оқиғаларға байланысты тұстары көп. Жалпы, қытайдан қазақ жеріне бағытталған көштің тарихы бірнеше кезеңге бөлінеді.
1930 жылдардың ішінде Қытайдағы кеңес консулдықтарының жанынан құрылған Үрiмжi, Құлжа, Шәуешек, Алтай және Қашқарда орналасқан «Кеңес мұғаджарлар қоғамының» өкiлдерi мен олардың сенiмдi агенттерi 1945 жылдан бастап Кеңес Одағына қайтамын деген адамдарға кеңес азаматтарының паспортын (төлқұжатын) үлестiрді. Кезiнде «кеңестiк тазалау», «бай-кулактарды жазалау» деген желеумен жүргізілген кеңестiк саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырап, шекара асқан қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкiлдерiне де 1950 жылдары қайта оралу мүмкіндігі туды. Олардың арасында 1916-1933 жылдар аралығында Қазақстаннан қашқан қазақ, ұйғыр, дүнген, өзбек, орыс және т.б. ұлт өкілдері болды.
Олардың шекарадан ары өткендiгi туралы құжаттық белгiсi бар-жоқтығына қарамастан, тууы туралы куәлiгiн алып кеткендердi сол құжат негiзінде, ал, құжаты жоқтарды тiлектерi бойынша «кеңес азаматы» деген тiзiмге тiркедi. Тіпті, Қазақстанға кетемiн деп тілек білдірушілерге де мөр басылған Кеңес Одағы азаматының паспортын берген қолайлылықтар жасалды.
Екі ел арасында кеңес азаматтарын қайтару туралы арнайы келісім-шарт болмағанымен, 1954 жылы Кеңес одағы мен Қытай арасындағы қарым-қатынас туралы жасалынған 10 жылдық келісім-шарт «кеңес азаматтарының» Кеңес одағына қайтуына жол ашты. Сонымен бірге, Кеңес одағы Министрлер кеңесі 1954 жылы 16 сәуірде №751-329 ерекше құпия жарлығы бойынша маусым-тамыз айларында Қытай Халық Республикасындағы «кеңес азаматтарын» тың жерлерді игеруге көшіру туралы, 1955 жылы 17 қыркүйекте №1701 «Шекарадан тыс жерлердегі кеңес азаматтарын репатриациялау және оларды КСРО-да еңбекпен қамту» туралы қаулы қабылдады. Осы қаулылар негізінде Қытайдың Шынжаң өлкесінен қазақтар ғана емес, бір бөлім ұйғыр, дүнген, орыстар да қайта оралды.
Шын мәнінде Қытай мен Кеңес одағы арасындағы әр түрлі көші-қон жұмысының төркінінде көптеген халықаралық мәселелер жатқан еді. Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін жаңадан құрылған БҰҰ-на мүше мемлекеттер алдында тұрған ең зəру мəселе соғыс нəтижесінде босқындарға немесе азаматтығы жоқ адамдарға айналған миллиондаған адамдардың тағдыры болды. БҰҰ Экономикалық жəне Əлеуметтік Кеңесінің (ЭКОСОС) 1949 жылғы шешімі бойынша арнайы комитет құрылып, оның міндеттеріне босқындар мен азаматтығы жоқ адамдар мəртебесі туралы Конвенциялар əзірлеу жəне азаматтығы жоқтықты жою жөніндегі ұсыныстарды қарау кірді.
1948 жылғы БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының 15-бабында: «Əрбір адамның азаматтық алу құқығы бар. Ешкімді де азаматтығынан немесе өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан ерікті түрде айыруға болмайды» деп белгіленді.
1950 жылғы тамызда Халықаралық құқық комитетіне халықаралық конвенцияның немесе азаматтығы жоқтықты жою туралы конвенцияның жобасын əзірлеу тапсырылып, конвенцияның екі жобасы əзірленді.
1951 жылғы Босқындар мəртебесі туралы конвенцияға қосымша ретінде əзірленген «Азаматтығы жоқ адамдар жөніндегі хаттама» 1954 жылы жеке конвенция болды. 1954 жылғы конвенция азаматтығы жоқ адамдардың мəртебесін реттеуге жəне жақсартуға əрі азаматтығы жоқ адамдарға кемсітусіз негізгі бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз етуге арналған негізгі халықаралық құрал болып табылды.
1954 жылғы БҰҰ-ның Апатридтердің мəртебесі туралы конвенциясының 1-бабында былай делінген: «Əрбір мемлекет оның азаматтарының кім болатынын өз заңының көмегімен өзі анықтайды. Бұл заңды басқа мемлекеттер оның халықаралық конвенцияларға, халықаралық əдет-ғұрыпқа жəне азаматтарға қатысты танылған жалпы құқық принциптеріне қандай дəрежеде сəйкес болса, сондай дəрежеде таниды».
1954 жылдан бастап қарастырылған қытай жеріндегі шағын ұлттарға автономия беру мәселесінің көтерілгенін еске алсақ, әрине, оның ар жағында халықаралық заң негіздемелерінің жатқанын аңғару қиын емес. Көші-қон төңірегіндегі әр түрлі қозғалыстар сол тұстан бастау алды.
1961 жылғы Азаматтығы жоқтықты қысқарту туралы конвенциясы болды. Конвенцияның қолдану аясына енетін адамдар өзінің ісін қарау жəне тиісті билікке арыз беру кезінде оған жəрдемдесу туралы өтінішпен жүгіне алатын орган құруды көздеді. ХҚК мен БҰҰ-на қатысушы мемлекеттер апатридтерге халықаралық көмек көрсету қажеттігі туралы шешім қабылдады.
Осы және басқада азаматтықты қорғайтын халықаралық құқық ережелеріне сəйкес әр елге шашылған өзге ел азаматтары да өз құқын қорғауға немесе өзінің азаматтылығына қарасты елге көшуге құқықты екендігін тани бастады. Азаматтығы толық шешілмеген жеке тұлғалар тиісті органдарға өз азаматтығын алу жайында өтініштер білдірді.
Осындай халықаралық деңгейде қозғалған мәселелерге орай Кеңес одағы өз мемлекетінің пайдасына икемделген көптеген ішкі-сыртқы іс-әркеттерге бейімделді.
1955 жылға тікелей қатысты мәліметтерді саралар болсақ, Қазақстан кеңшарларына 2400 отбасы, яғный 39467 адам көшiп келдi. Сондай-ақ, ұжымшарларға қоныс аударған «кеңес азаматтарының» саны 2529 отбасы яғный 16016 болды.
Сөйтіп, Қытайдан «кеңес азаматтары» 1955 жылы 1-сәуірінен ұйымшылдықпен Кеңес одағы аумағына қоныс аудара бастады.
1960 жылы кеңес-қытай қарым-қатынасы шиеленіскенге дейін екі жақта қалған туыстар арнайы виза мен ресми куәліксіз бір-бірімен араласып тұрды. Тіпті Қытай егіншілері кеңестік жерлерден келіп шөп, отын-ағаш дайындап, балық аулап еркін өтіп жүрді. Бұл мәселелер екі елдің достық қарым-қатынасы аясында қарастырылды.
1962 жылға келгенде жағдай өзгерді. Дегенменде, Қытай мен Кеңес одағы екі ел үкіметінің осыдан бұрынғы «Шынжаңдағы Кеңес одағы мұһажырларының еліне қайту құжаттарын оңайластыру келісім-шартына» орай, сол жылы Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық облысынан өткендердің саны 100 мың адамнан асты.
Қытайдан көшiп келгендерге арнайы жеңiлдiктер жасалды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң 1962 жылғы 24 мамырдағы № 380-51 қаулысы негiзiнде әрбiр келген адамға 40 сом мөлшерiнде (қайтарылмайтын) көмек, 1 сом тәулiк ақы және азық-түлiк, өнеркәсiп товарлары беріліп, көмек көрсетiлдi.
Зерттеуші ғалымдардың пайымынша, 1950-1960 жылдары Қытайдан қайта оралған қазақтардың саны туралы, мұрағат құжаттарын саралай отырып, 1954-1963 жылдары Қытайдан 268371 репатриант қайта оралды деп есептеуге болады: 1954 жылы 2461 адам Қытайдан ұйымдасқан түрде келді. Келесі 1955 жылы мен 1963 жыл аралығында барлығы 199269 адам ұйымдасқан түрде, ал, 1962 жыл сәуір айында 66841 адам өз бетінше Қытайдан Қазақстанға оралды. 1962 жылы келгендердің ішінде 16135 әйел, 27375 бала, 13121 жалғыз бастылар тіркелді (ҚРОММ.1987-қ., 1-т., 127-iс. 139-п.). Барлығын қосар болсақ, репатрианттар саны 268371 адам болып шығады. Қабылданған репатрианттардың басқа республикаларға барып орналасқандары да аз болған жоқ.
Жалпы, көштің жағдайынан қарағанда 1955-1964 жылдар ішінде – Алтай жерінен ілгерінді-кейінді 1954 жылы 280 отбасы, 1955 жылы 865 отбасы, 1956 жылы 138 отбасы, 1958 жылы 65 отбасы, 1959 жылы 178 отбасы, 1961 жылы 99 адам, 1962 жылы 63 отбасы, 1963 жылы 49 отбасы, 1964 жылы 2 отбасы «Кеңес одағының азаматы» куәлігімен Қазақстанға қоныс аударды. Бұл жалпы жақтан екі кезеңге бөлінген бірінші топтағы көш есептеледі.
Жоғарыдағы екі дүркін көштен кейінгі үшінші көш еліміз егемендік алған 1991 жылдан бастау алды.
КСРО толықтай тарамаған, Қазақ елі тәуелсіздігін әлі жарияламаған 1991 жылдың қыркүйек айында егемен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға ресми сапармен барған еді. Сапар аясында Ыстамбұл қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, оларды көшіріп алуға уәде берді. Сол кездесуде қазақ диаспорасының өкілдері Елбасынан «алғашқы кезекте жедел түрде Ауғанстаннан ауып барып Пәкістанда, Иранда, Сауд Арабиясында және Түркияда босқын ретінде тұрып жатқан қазақтарды елге қайтаруға қол ұшын беруді» өтінген болатын. Президент бұл өтінішті бірден қабыл алып, әрі көпке созбай тәуелсіздігіміз жария болғаннан кейінгі аз уақытта Қазақстаннан арнайы әуе көлігін жіберіп, аталған мемлекеттерде босқын болып жүрген бауырларымызды атамекенге жеткізді.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялады.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 1991 жылдың 31 желтоқсанында радиодан сөз сөйлеп, алыста жүрген қандастарға арнап, «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялады.
Аталған хат «Егеменді Қазақстан» 1992 жыл 1 қаңтардағы санында жарық көрді. Онда мынадай жолдар бер еді:
«Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар!
Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына ұлы өзгерістер алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған 1991 қой жылы тарихта қалып, үміт пен күдігі мол жаңа – 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсыңыздың отбастарыңызға мол бақыт, қуаныш тілеймін! Аспанымыз әрқашан ашық болсын! Сіздермен атамекенде табысатын, емін-еркін қауышатын күнге тезірек жетейік!...
Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!»
1992 жылы қыркүйек айында сол кездегі ел астанасы Алматы қаласында Елбасының тікелей тапсырмасымен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы шақырылды. Әлем қазақтары ыстық сағыншыпен, толқыған көңілмен бас қосып, атажұртқа аңсары ауды.
Осылайша, айдай әлемге жарқын жүзімен жария болған жаңа қазақ елі өмірінде уақыт күттірмей шешуді қажет ететін «көші-қон» атты жаңа өрлеу пайда болды.
ҚР Министрлер Кеңесі 1991 жылғы 18 қарашада «Азаматтық құжаттандыру туралы» № 711 қаулысын қабылдады. Аталған қаулыдағы «Басқа республикалардан және шет елдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ Республикасына қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» деген бап талай қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздырды.
Алғашқы көшті моңғолиядағы ағайындар екі елдің «еңбек келісім-шарты» негізінде қозғады. Сөйтіп, 1991-1993 жылдары Моңғолиядан Қазақстанға 10461 түтін қоныс аударып үлгерді. Дерек көздері ұсынған осы ресми мәліметтен тысқары өз күшімен үнсіз көшіп келіп жатқан ағайынның да аяғы үзілмеді. Өткен ғасырдың соңғы жылдарына дейін, ондағы ағайыннан шамамен 13-14 мың отбасы тарихи отанына оралды.
ҚР Министрлер Кеңесінің «Көші-қон туралы» 1992 жылы қабылдаған қаулысы бойынша ҚР Еңбек министрлігінің жанынан Көші-қон басқармасы құрылған болатын. Аталған басқарма шама-шарқысының жетісінше алыстағы ағайынға ыстық құшақ ашты. ҚР Министрлер Кабинеті 1992 жылы қыркүйектің 23-інде қабылдаған «Шет елдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» әйгілі №791 қаулысы алыстан арып-шаршап жеткен ағайынның осы топырақта өсіп-өніп өмір сүруіне оңтайлы жағдайлар жасады. Оралмандардың көпшілігі үй-жай және басқалай жеңілдіктерге қол жеткізді.
Және де олардың құқықтық мәртебесі де ерекше ескеріліп, ҚР Министрлер Кеңесінің жоғарыда аталған №711 қаулысын және ҚР Жоғарғы Кеңесі 1992 жылғы 26 мамырда «Көші-қон туралы» заңын қабылдап, көптеген жауапсыз сұрақтарға шешім тауып еді. Аталған заң «Шет елдерде тұратын қазақтар үшін тарихи отанына емін-еркін оралуға» мүмкіндік берді, әрі ҚР Конституциясының ІІ бабы бойынша «республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға» кепілдік беретіндігін де ашық білдірді. Осыған жалғас ҚР Президентінің Жарлығымен 1996 жылы қабылданған «Шет елдегі ағайындарға қолдау көрсету туралы мемлекеттік бағдарлама» және 1997 жылы қабылданған «2000 жылға дейінгі көші-қон саясатының негізгі бағыттары» туралы қуатты құжаттар жасалды.
Аталған құжаттар қазақ көшінің кедергісіз жүруіне құқықтық мүмкіндіктер берді. «Халықтың көші-қон туралы» заңы ресми түрде бекумен бірге мемлекеттік мекеме – Көші-қон агенттігі құрылды. Қордаланған мәселелер шешімін тапты. Көші-қонға бөлінетін қаржының көлемі артып, оралмандарды баспанамен қамту мәселесі де бір қадам алға жылжыды.
2007 жылғы 28 тамыздағы ҚР презиндентінің №399 жарлығымен Қазақстан Республикасының 2007-2015 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымнамасы жасалды. 2011 жылы 22 шілдеде «Халықтың көші-қоны туралы» заңы өзгертулер мен толықтырулар арқылы қайта қабылданды. Жыл сайынғы этникалық көші-қон квотасының саны 20 мың отбасына дейін көбейіп, 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы Көш» бағдарламасы алғашқы қадамда сәтті жүзеге асырылды. Соңғы жылдары көші-қон жұмысы саябырсығанымен шеттен оралған қандастардың аяғы үзілген жоқ.
Соңғы көш басталғалы жер бетінде бақандай 20 жыл өтті. Бар қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлемге әйгілі ел болдық. БҰҰ-на мүше 193 мемлекеттің ішінен тек қана төрт мемлекет репатрианттардың тарихи отанына оралуымен мемлекеттік деңгейде айналысса, Қазақстан соның бірі және бірегейі болып, Германия, Израиль жəне Ресей Федерациясымен үзеңгілес жұмыс атқарып отыр.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін жұмыс, еңбек, оқу және туысқандық шарттармен бір бөлім қазақтар Қазақстанның әрбір жеріне көшіп келе бастады. Әсіресе, алдыңғы лекте Моңғолиядағы ағайындардың еңбек келісім шартымен түп қотарылуы ерекше дүмпу тудырды. Одан кейін алыс-жуық елдердегі ағайындар мен Қытайдағы қазақтарда әр түрлі жолдармен келе бастады.
Құзіретті органдардың мәліметі бойынша, 1991 жылдан бастап 2011 жылғы 1 қазанға дейін тарихи отанына 221,300 мың отбасы немесе 860,400 мың этникалық қазақ оралған. Үрім-бұтағымен қосқанда миллионға жақын қандасымыз Отан құшағына оралып, Республикамыздың демографиялық жыртығын жамап қана қалмастан рухани бостығын толтыруға да айрықша үлес қосты.
Сөйтіп, ата-бабаларымыз қимай-қимай аттанған Атамекенімен ұрпақтарының қайта қауышуының орайы туды. Біздің көптеген ағайын бауырларымыз 1956, 1962 жылдар атажұртқа оралды. Көп сандысы Шығыс Қазақстан және Алматы облысы өңіріне қоныс аударды.
Екіге бөлінген туыстардың арасы Кеңес үкіметі мен қытай арасындағы тоң жібіген жылдары қайта жалғанды. Біздің жақын ағайын-туыстардан 1982-1983 жылдары Күмісбек Майлыбайұлы, 1989 жылы Мақсұт Қыдырханұлы, 1990 жылы Құсайын Қорабайұлы және оның ұлы Жәнімхан Алтайдағы ағайындармен жылап көрісіп, туысшылап қайтты. 1994 жылы Бидахымет Мұқайұлы өзінің ұлы Болтай мен келіні Күмісхан Маңғылқызын ертіп Моңғолиядағы туыстарға барып келді.
Осы тұста, яғный, 1979-1980 жылдан бастап Түркияға босып кеткен ағайындар да ептеп өзінің туған топырағы Алтай-Баркөлге барып сәлемдесіп қайтты. Тірісін көріп, өлгеніне құран оқып, бар-жоғын түгендесті. Сол құрамда Мансүр тәйжі Құсайынұлы, Халифа Алтай, Сауат қажы Зуқа батырұлы, Әтейхан Қайсаұлы, т.б. көптеген адамдар болды.
Біздің ауылдан мен – Жәди Шәкенұлы, немере інілерім Тұрымбек Ботайұлы мен Тарғынбек Қанатбекұлын ертіп, 1997 жылы 16 қаңтарда алғаш рет ата-бабалар мекеніне қадам бастым. Осы топыраққа 1962 жылы көшіп келген Зәки Мұқаметқалиұлының отбасымен қауышып, Өтеу бабамыздың басына құран оқыдық.
1991 жылдан басталған тәуелсіздік тұсындағы алғашқы көш осы жылдарға дейін жалғасып келеді. Қытай, Моңғолия, Қазақстан үш елге бөлінген туыстар, қазақ халқының басындағы бақытты күндерінде өшкені жанып, өлгені тірілгендей бір-бірін тапты, таныды. Жоғалғанын тауып, кемтігі толды, көңілі семірді. Ұл мен қызын осы ұлан-байтақ ел мен жерге – өз Отанына қызмет етуге табыстады.
Бұрынды-соңды болып көшіп келген ағайындар негізінен Шығыс Қазақстанға, Алматы обылысына және Астана, Көкшетау, Қарағанды өңірлеріне жиі қоныстанды.
Аластан келген ағайынның мақсаты бөлініп-жарылу емес. Осы отан топырағына сіңіп, тұрғылықты халықтың телегейіне теңіздің тамшысындай болса да өз үлесін қосу. Осы тұрғыдан қарағанда сырттан көшіп келген ағайын 25 жыл ішінде жергілікті қандастармен әр түрлі құдандалық қарым-қатынасқа түсіп, ұлттық бітім-болмысымызды тіпті де айқындай түсті. Осы жерге келгеннен кейін туылған азаматтардың өзі ат жалын тартып мінер жасқа келіп, ел мен жеріне еселі үлесін қосуда.
Ел басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауындағы қазақ халқы Нұрлы болашаққа бет түзеген бүгінгі күнде қазақ халқы бір бүтін тұлғаға айналып, айдай әлемнің төрінен көріне беретіндігі даусыз. Еңсеміз биік, елдігіміз берік болсын, ағайын!
Ж.Шәкенұлының «Ақылнама» кітабынан
Пікір қалдыру