ЖАРТАСҚА ҚОНҒАН ҚЫРАН ​(жазушы Жақсылық Сәмитұлы жайында естеліктер)

/uploads/thumbnail/20170708221505311_small.jpg

Аппақ қармен томағаланған шоқтықты шоқылар, еңселі төбелер. Үрген иттің үні мен аспанға бүйдаланған түтіні ғана тірлік нышанын аңғартқан сай тағанында жалғыз ғана там үй. Бұл – бір мүшел бойы иен тауды мекендеген менің отбасым. Қыста қорадағы малдың ермегінен басқа ештеңе жоқ. Тоқ түгілі жалғыз радионың батерикасына қол жетпейтін кез.

Сондағы ең үлкен байлығымыз – кітап оқу. Қаладан үйге оралған сайын қарадомақ інілерімнің дәметкені болмай, майыса көтерген сумкамнан көп кітап шығады. Бәріміз жабыла, таласа-тармаса оқимыз. Сол көп кітаптың бірі – Жақсылық Сәмитұлының «Атамекен» атты әңгіме-повестер жинағы. Сыртқы жұқа мұқабасында жартасқа қонған бүркіт суреті берілген.

Әкем сол суретке ұзақ қарап:

– Әттеген-ай, бүркітті тасқа қондырғанын қарашы. Болмағанда жартастың үстіне аршаның суретін беріп, соған қондырса жөн еді, – деді баяу күрсініп. Біз бетіне сұрақпен тесілген соң, сауалымызды жанарымыздан оқыған ол: – тас – қаттылықтың, қаталдықтың белгісі. Қазақ қыранды тасқа қондырмайды. Тегеуіріні, тұяғы мұқалады деп біледі. Сондықтан ағаштан тұғыр жасап соған қондырады. Теріден тігілген биялайға қонақтатып алып жүреді. Байқасам бұл жазушының қаламы өткір болғанмен тағдыры ауыр, күрделі екен, – деп сөзін жалғады.

Әкем қарапайым ауыл адамы болса да көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Менің әдебиеттегі алғашқы ұстазым да осы кісі болатын. Оның бұл кітаптан бұрын-ақ жазушының есімімен, өмір жолымен таныс екенін аңғардым.

Ол «Атамекен»-ді ерекше ыждағатпен, тебіреніп оқыды. Толқығанын да жасырмады. Жазушы шығармасынан оның қилы, қиын тағдырын тағы бір мәрте тереңдей танығанын ақтарыла әңгімелейтін.

Бұл кітапты әкем қалай сүйіп оқыса, менде сондай ыстық көңілмен қабылдадым.

Осыдан бастап Жақсылық Сәмитұлы атты жазушының тұлғасы санамда биіктей берді. Оның жазғандарын журалдардан іздеп тауып, басыма жастана оқып, тамсана толқитынмын.

Ақиқаты аңызға ұласқан жазушының Шынжаң университетін бітірер бітірместе-ақ, Тарым жаза лагеріне қуылып, не бір ауыр күндерді бастан кешкенін ел аузынан да, өз шығармасынан да аңғаратынбыз.

Қытай қоғамындағы 1958 жылғы «ұлтшыл, оңшылдарға» қарсы күрес, 1962 жылғы аштық және қазақтардың Қазақстанға жаппай қоныс аударуы, 1966 жылдан басталған «Мәдениет төңкерісі» сынды аумалы-төкпелі күндер талай боздақтың басына әңгір таяқ ойнатты. Өлгені өлді, тірісі тулақ болып сүлдерін сүйретіп әзер оралды. Сол қатардағы ақын, жазушы Мағаз Разданұлының:

Сәлем саған Алтайым,

Тентегің сонша сағынды.

Жоғалып кеткен бір тайың,

Тарландап барып табылды. – деп тебіренгеніндей, уақытын жоғалтқанмен рухын жоғалтпаған сол топпен Жақсылық та туған жеріне шөлдеген сағынышпен, зарыққан шабытпен оралды. Жүрекке жиналған ащы шер, зарлы запыран қара сияға айналып қағаз бетіне төгілді. Өрнекті бояуымен өндіре жазды.

Қажығұмар Шабданұлы «Қылмысын» ақтарса, Мағаз Разданұлы «Ата заманды сөйлетті». Ал жазушы Ж.Сәмитұлы қазақ классикалық әдебиетіне жаңаша екпін қосып, махаббат пен ғадауатты жаңғыртты, лагерлік әдебиетті ұлттық нақышпен әрледі. Ғ.Мүсірепов «Ұлпан» арқылы қазақ әйелінің қазақ әдебиетіндегі әлемін қалай сомдаса, Жақаң да қазақ қызының, қазақ әйелінің нәзік жан сырын аса шеберлікпен кестеледі. Жақсылыққа ғана тән соны соқпағымен қара сөзден шуда есті, өшпес қолтаңбасын көрсетті.

Сөйткен Жақаңды бір қалада жүрсекте Алтайда көру маған бұйырмапты. Жақаң сол сексенінші жылдардың соңында Шынжаң радио-телевидения мекемесіне жұмысқа орналасып, Үрімжіге қоныс аударды.

Мен 1989 жылы Шынжаң оқу-ағарту инситутына оқуға түсіп Үрімжі қаласына бардым. 1990 жыл мамырда Шынжаң радиосы Шынжаң бойынша диктор іздеп, емтихан алып, сан түрлі саралаудан кейін мені таңдады. Содан бастап жарым күн оқып, жарым күн Шынжаң Халық Радио станциясында диктор болып жұмыс атқардым. 1991 жылы 16 қаңтар сәрсенбінің сәтіне радио босағасын аттадым. Онда радио, телевидения мекемесі бір ауланың ішінде жұмыс атқаратын. Жақсылық Сәмитұлы жаңадан құрылып жұмыс бастап жатқан аударма фильм жасау орталығының бас редакторы екен. Ол кісіні бетпе бет осы мекемеден көрдім. Әңгіме-сұхбаттың реті келмей, сырттай сыйлап жүрдік. 

1991 жылдың маусым айында қолымызға жазушы Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға ашық хат» атты мақаласы келіп тиген еді. Хат өзіміз пайдаланып жүрген төте жазуда шығатын «Шалқар» гезетінде басылған екен. Ол кезде көшірменің (ксерокопия) табылуының өзі қиын. Ашық әңгімеге баруға қорқатын кезіміз. Соған қарамай әлгі хаттың көшірмелерін жасап, оны сандығымыздың түбіне сақтап, кештерде қызу әңгімеге кірісетін едік. Сөйтіп жүргенде, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жариялаған сүйінші хабары жетті. Атажұртқа кетсек деген ішкі арман мазалай бастаған-ды.  

1991 жылы ҚР президенгті Н.Ә.Назарбаев Түркияға ресми сапармен барып, ондағы қандастармен кездесті. 1992 жылы әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті. Елбасы Н.Назарбаев алыстағы ағайынды Отанына шақырды.

1992 жылы Шынжаңнан шет жатқан Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданындағы жазушы Қабылқақ Күлмесханұлы бастаған қазақтар Қазақстанға көшкелі жатыр екен деген сөз тарады.

1993 жылы наурызда Шынжаң халық радио станциясының Алтайдағы меншікті тілшісі қызметіне ауыстым.

Ел ішінде «Жақсылық Сәмитұлы Қазақстанға көшкелі жатыр екен» деген әңгіме гуледі. Бір жолы Үрімжі қаласының көше автобусының ішінен Жақаңды көріп қалдым. Сәлем беріп қалмаққа жақындамақ болғанымша ол кезекті Ырдашияу аялдамасынан түсіп қалды. Сыртынан қимай қарап: «Қазақстанға кеткелі жүрген Жақаң да не арман бар екен деші!» деп күбірледім. Ол ұзап бара жатты.

Айтса айтқандай, сол жылы сәуір айының басында Жақсылық Сәмитұлы Үрімжі қаласындағы Армиябек Сағындықұлы, Ғалым Қалибекұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы қатарлы қаламдас інілерін ілестіріп Қазақстанға өтті.

Көп ұзамай Ж.Сәмитұлы «Азаттық» радиосында сөз сөйледі.

Мен үшін алғанда, мен ғана емес, менімен қатарлас қалам ұстап жүрген азаматтар арасында Жақаңның өзіне берілген мансап пен марапатқа пысқырып қарамай, соны қарға із салғандай аса батылдықпен қазақ топырағына қадам басуы талайымызға қанат бітірді. Бүкіл Шынжаң қазағы атын ерекше ілтипатпен атайтын Жақаңның дабырасы аз болмады.

Сол ыстық көңіл, көкірек қоламтасындағы аяулы арман Атажұртқа жетеледі. 1997 жылдың 16 қаңтарында Қазақ жеріне – Алматы топырағына қадам бастық. Бірден салып ұрып Жақсылық Сәмитұлының шаңырағына кіріп, ағамыздың айқара құшағына кірдік. Мауқымыз басылып, әңгіме тиегін тоқтаусыз ағыттық.

– Біз кеткеннен кейін Алтай елі неге жым-жырт жатып алды деп алаңдап жүр едім. Енді, міне, тәубе, сендерді көрдік. Бір келгенде атандай алты жігіт келіпсіңдер. Сең бір бұзылса енді бұзылады-ау. Алтай елінің алды бір ағытылса, арты тоқтау бермес, – деп балаша қуанды ағамыз.

– Аға, ел мен жерді сағындыңыз ба? – деймін мен.

          – Ер жігіт жеті жылда жер сағынады дейді екен бұрынғылар. Сағынбау қолдан келмейді ғой. Елден кеткелі 6-жылға аяқ басыппыз. Жеті жылда не боларын көрерміз, – дейді Жақаң сөзінің соңын күрсініспен доғарып. Айтпаса да ар жағында жатқан сағыныштай өзегінен ыстық дем бұрқырайды.

           Осыдан кейінгі жерде аға бауырлығымыз жақыннан жалғасып, құшақтай көрісіп шұрқыраса сырласатын болдық. Ол жылдары арғы беттен келген ағайынды саусақпен санап отыратынбыз. Жақсылық аға Салтанат есімді үлкен қызын ұзатып той жасағанда біразымыздың басымыз қосылып бір шұрқырасқанымыз бар.

          Бірде, яғный, 1999 жылдың қаңтарында Жақаң Ғалым Қалибекұлымен бірігіп «Жанашыр» атты қайрымдылық қорын құрып, шеттегі ағайынның отанына орлуына игі ықпал етсем деген бастама көтерді. Біз бір топ азамат  – Қанат Байтоллаұлы, Иманғазы Нұрахыметұлы, Кенжебай Жарқайұлы, Қазипа Қалиқызы, Жарқын Кәрімханұлы, Мәутай Әсетайұлы, т.б. қуана қолдап, қорға алғашқы көмек ретінде бір компиютер сыйладық. Бұл жолы да Жақаң ерекше қуанып, айрықша алғыс білдірді. (Бүгінде аталған қор «Шалқар» газетінің ұжымына тиесілі болып, Жаңыл Әпетованың басқаруында жұмыс істеп келеді).    

          Сол жылдың күзіне қарай үйіне барып сырласып отырған бір әңгіме әредігінде Жақаң: 

          – Бұдан 10-15 жыл бұрын жазуға отырғанда таң атқанша тоқтамай жазушы едім. Енді оның бәрі қалып барады... Жас кезде махаббат, жастық тақырыбында жазсаң қаламың жүйрік болады екен. 60-қа келіп қалдық. Енді ол жағы шабандап, басқа жай, тарихи дегендей салқын, сабырлы ойларға көбірек ойысады екенсің. Әр заманыңның тұсында бір сұрқылтай – жазу тақырыбың болады екен... Біздің 20 жыл айдауда өтті, 20 жыл деген кемінде 4-5 кітап-роман жазуға жетер еді ғой, – деп әлде неге алақызған көңіл күйін білдіріп отырды. Шамасы ойда жүрген көп шығарманы беріп үлгерем бе, жоқ па дегендей алаңдаушылығын аңғартқандай.

          Несін жасырамыз. Алматы сынды алып қалаға жұтылып жүрген күндердің күйбеңге берілетін кездері де аз болмайды. Араға ұзағырақ уақыт салып тойларда кездесіп қалсақ, ағамыз бұртиып, жұмсақ назын бүлк еткізеді: «мына, Жәдилер кейде сәлемді де ұмытып қалатын болып жүр» деп шымшылайды. Сосын қайта шүйіркелесе келе: «анау қайда жүр, мынау қайда жүр?» деп сұрайды. Ел мен жерді сағынғасын, ауылдан келген бауырларының төбесін бір көріп те мауқын басатын сыңайлы. Қазақ топырағына қадам басқалы Жақаң арттағы ел-жұртқа ат ізін сала алмады.

          Бір қызығы, кейде үйіне бас сұққанымызда ағамыз басы артық әңгімені жақатпағандай әлде неге алаңдағандай болатын. Бізде ұзақ отыра алмайтынбыз. Кейіннен білдім, жазушы шығармасын аяқтатсам деген арпалысты ой үстінде, шәлкем шабыттар тоғысында әлде неге асығып отырады екен.

          Өзегіне жаман ауру ілінген соң тіпті де асықты. Шығармаларының тағдырына айрықша алаңдады.

          2008 жылдың 10 қаңтары Жақаң жұмыс орныма телефон шалды. Бірнеше рет көңілін сұрап барған едім, нашар жатқанын да білетінмін. Амандықтан кейін:

          – Қабдеш Жүмәділов пен Уақап Қыдырхан мені 2007 жылдың тәуелсіз «Тарлан» сыйлығына ұсынайық деді, соған иелік ететін қоғамдық ұйым керек екен. Бастықтарың Талғат Мамашевқа телефонда сөйлесіп едім, қолдап-қуаттайтындығын, хат жазатындығын айтты. Әнеу күні кітабымды шығарып беремін деген. Міне, тағы көмектесемін деп жатыр, онысына көп рақмет. Алла разы болсын. Саған айтайын дегенім, бірі – қолыңда тұрған кітабыма бас-көз болсаң. Екіншісі – Қазақстандық меценаттар клубындағы Естай деген жігітке хабарласып, «Тарланның» басқа шарттарын білші. Кітаптары мен өтінішін өзі әкеліп береді депті. Менің жағдайымды білесіңдер, Заңғар екеуің апарып бересіңдер ғой, – дегендерді айтты.

           Мен ол кісінің тапсырмаларын орындап, Т.Мамашевтың қауымдастық атынан ұсынған хатын алдым. Жұмыстан түскен кешкісін жолай Тұрсынбек (Кәкішев) ағамызды соғып, Жақаңның жағдайын айтып едім, ол кісі де «Тарланға» ұсыну туралы қолма қол хат жазып берді.

          Жақаңның үйіне сәлем бере кіргенімде ағамыз төргі бөлмеде диван үстінде жатыр екен. Жай ғана басын көтеріп амандасты. Алдыңғы рет көңілін сұрай барғанымда орнынан тұрып еді. Бұл рет ондағысынан да жүдеу көрінді. Ат арыса тулақ, ер арыса аруақ дейтін еді, іштей аяп кеттім. Дауысы баяғыдай, күйінің төмендеп бара жатқанын білдірмеуге тырысады:

          – Құрбан айт кезінде балалар есікті ашып-жауып, содан тымау тигізіп алдым, – деп булыға жөтеледі, – балаларымнан шығармаларыма ие болатын ешкім жоқ, ешқайсысы жолымды қумады. Бөтен емессіңдер, сендер жүгірмегенде кім жүгіреді, – деп бір тыныстады. Шығармаларының тағдыры туралы біраз әңгімеледі.

          Ертесі, 11 қаңтар түстен бұрын ұлы Заңғар екеуіміз Қазақстандық меценаттар клубын іздеп тауып, Ж.Сәмитұлының өтініші мен шығармаларын және Т.Мамашев, Т.Кәкішев, Қ.Жүмәділовтердің хаттарын тапсырып бердік. Бізді жылы қабылдаған Естай «комисцияның қарауынан өткен шығармалардың қорытындысы 26 қаңтар күні шығады» дегенді айтты.

       Бірақ,... Жақаңның оны күтуге дәрмені жетпеді. Соңғы үмітін сөндірмеген күйі 22 қаңтарда о дүниеге аттанып кетті. Ал күткенде не болар еді?

          26 қаңтар күні «Тарланның» нәтижесі жарияланды. Ж.Сәмитұлының есімі аталмапты! Жазушының жаны сезген шығар, күнәлі оймен «күтпегені жақсы болған екен» деп, пендешілік қиялға барасың. Күткенде, өз есімінің жоқтығын білгенде қасіреті қалыңдап, пәниге деген, пенделерге деген өкпе-реніші одан ары қалыңдар еді-ау.

          Марқұмның тірі күніндегі өсиеті бойынша жаназасы өз үйінде оқытылып, сүйегі Райымбек ауылындағы Сейітхан Әбілқасымұлы жерленген көне қорымға жерленді. Арғы беттен келген біраз адамның мүрдесі де осы төбені мәңгілік тұрағы еткен. Солармен бірге жатуды да ойлаған шығар.

          Менің қолымнан келгені тірі күнінде аманаттап кеткен «Атамекен» жинағын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан жарық көруіне оң ықпал ету болды.

          Қазақ әдебиетінде өз бағасын әлі толық алып үлгермеген көрнекті жазушы Жақсылық Сәмитұлының тұтас өмірі бейнетпен өткен екен. Жастығының жалынды жиырма жылын Тарым жаза лагеріне берді. Атажұртқа келіп жеттім бе, жетем бе дегенде маңдайынан сипайтын жылы алақандарға үлгермей пәниден бақиға аттанды.

          Оның маған өз қолымен сыйлаған «Сергелдең» романының алғашқы томындағы: «Алтын Алтайдың ақ иық тас түлегі, жазушы інім Жәди Шәкенұлына зор бақыт, асқақ мәртебе тілеп: Ж.Сәмитұлы. 03. 02. 1999» деген қолтаңбасын көрген сайын көз алдыма сонау бала күнімде оқыған «Атамекен» кітабының мұқабасы елестейді. Қап қара жартасқа қонған қыран сұлбасымен бірге «әттеген-ай!» деген әке сөзі жаңғырығады.

          Туған жер алтын ба еді топырағың,

          Күміс пе талдарыңның жапырағы.

          Мүжілген молалардың құлағында,

          Алтайдың ақ иығы отырады,  – деп Мағаз ағасы жырлағандай, Алтайдың алып жартасына қонақтаған қыран бейнесі ендігі жерде Жақаңның тұлғасына ауысады.

          «Әтттеген-ай!» деймін мен де, тағдыр Жақаңды тасқа емес, аршаға, ағаш тұғырға, биялайға қондырып, тұяғын мұқалтпай биікке самғатар бар жағдайды жасаған болса, оның тегеуірініне бұдан да мол, қомақты, май шүйделі ірі олжалар ілігер ме, қайтер еді?!

          «Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір»,  толқисың, үмітті ертеңнен іздейсің. Жақсылық Сәмитұлының рухани кеңістігі де сол нұрлы күндерге жетелейді. Ол күн  – қазақ әдебиетінің жарқын болашағы болмақ!

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

жазушы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар