Алақандай ауылға автомат асынған әскер кіргізу: сескену ме, сес көрсету ме?

/uploads/thumbnail/20170708221514170_small.jpg

 

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл аулындағы жағдайдан бүгінде хабардар емес жан жоқ. Билік өкілдері ә дегенде жасырып жабуға тырысып, ақпарат құралдарына жариялануын шектеуге әрекеттенгенмен оқиғаны жылы жауып қою мүмкін болмады. Наразылық білдіріп ауыл орталығына ағылған жұртшылық пен олардың нендей талап қойғаны туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде, артынша тәуелсіз ақпараттық сайттарда жариялана бастады. Қандай оқиға болғаны, кім не нәрсеге наразы екендігі нақты фото, видеоматериалдармен дәлелді түрде жариялануда. Тіпті, осы мәселе туралы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың өзі мәлімдеме жасап, пікір білдірді.

Бас полицей орын алған оқиғаны «тұрмыстық қылмыс» деп бағалады. Ұрлық, тонау мақсатымен кісіні ұрып соғу, өлтіріп қоюдың барлығы құқықтық тұрғыда «тұрмыстық қылмыс» немесе «бұзақылық» деп бағалана бермейді бірақ. 6 жасар балаға 11 жерден пышақ салу ұсақ қылмыс еместігін түсіну үшін заңгер болудың қажеті жоқ. Шамасы министр, оқиғаның салдарын ауырлатпау, алыстағы ауылда орын алған жағдайдың шар тарапқа жайылмауын ойлап айтса керек.  Шенеуніктің онысына да түсіністікпен қарауға болады.

Мәселе басқада болып тұр. Қанша жасыруға тырысқанмен Бурылдағы оқиға кемі Қазақстанның барлық аймағына, арысы алыс-жақын елдерге жария болды. Ел әлеуметтік желіде халық пен полицейлер, әкім-қаралардың арасында болған әңгімеге дейін қолмен қойғандай айтып жүр. Осы жерде алаңдатарлық бір жәйтті айтпай кетуге болмайды.

Наразы жұрт ауылдағы алаңға ағылғанда облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев бастаған бір топ ресми делегация ауылға барады. Ол делегация ішінде облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, прокурорлар да жүргенін видеолардан көріп қалдық. Дұрыс, елді сабырға шақыру, наразы топтың арандап қалмауын, бұзақылыққа бармауын түсіндіру керек. Ашудың бетімен түрлі жағдай болуы мүмкін. Алайда, сол үшін автомат арқалаған арнайы жасақ пен бес қаруын сайлаған әскер кіргізудің қажеті қанша еді? Ауылдың тентегін тезге салатын, тәртіпке шақыратын ақсақалдар қайда, ел ағалары қайда? Бір ауыз сөзбен-ақ ызалы топты сабырға келтіретін, жиналған жұртты үйлеріне тарататын аузы дуалы адам қалмаған ба, Жамбыл облысында? Көкірекбаевтің сөзіне халқы құлақ аспаса, айтқанына көнбесе, ол жерге несіне барады? Облыс басшылары мәселені өздері шеше алмаса, арнайы кісі жіберіп, Бурылға жазушы, ұлттың ақсақалы Шерхан Мұртазаны алдырудың мүмкіндігі болмаған ба?

Суреттер Азаттық сайтынан алынды

Халық саны 5 мың адамнан сәл асатын алақандай ауылға сауыт киген, қару арқалаған жасақ кіргізу қыл үстінде тұрған ахуалды одан әрі ушықтырып жібермей ме? Төрт-бес үйдің терезесіне тас лақтырған он шақты тентек онсыз да қамауға алынған екен. Мына шулаған халық соларды босатуды талап етуде екен. Қолхат алып, үйді-үйіне жіберу, жағдай біршама тыншыған соң ісін әкімшілік сотта қарап, айып-жазасын кесу қиын болып па?  

Мұның ешқайсысы да қиын емес. Шағын ауылдағы осы оқиғаны билік басындағы белгілі бір топтар белгілі бір мүдделеріне пайдаланып отырған сияқты. Тіпті, Бурылдағы жағдай күштік құрылымдар үшін «Іздегенге сұраған» болды ма деген де қауіп жоқ емес. Елдегі шиеленіскен әлеуметтік жағдай, экономикалық қиындықтар қай өңірдің халқына болмасын оңайға соғып отырған жоқ. Халықты алаңға алып шығатын, ереуілге итермелейтін себептер көп. Билік те содан сескенеді. Барынша әлеуметтік шиеленістің алдын алуға тырысуда. Міне, «Бурыл операциясы» қазақ билігінің адамдардың топталып наразылық білдіруінен қарадай сескенетінінің белгісі ғана емес, іші қыж-қыж қайнап отырған былайғы жұртқа көрсеткен сесі де сияқты.

Жомарт Абдоллаұлы

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар