Бүгін Астанада өткен Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде министр Мамытбеков мұндай жиындарды өткізу кеңестік дәуірден қалған ескі дәстүр екендігін айтып, оның тиімділігіне күмән келтірді.
Министрліктің жиынына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысқан еді.
«Тұтастай алғанда өткізіліп отырған форматтағы мұндай алқа мәжілістері кеңестік заманнан келе жатқан көнерген дәстүр. Мұндай уақыт өткізулерден үлкен нәтиже көріп отырғам жоқ. Біз түрлі форматта онсыз да кездесіп жүрміз. Жақында ғана Фермерлер одағының бас қосуы болды. Онда маңызды мәселелер көтерілді. Біз тікелей тауар өндірушілермен кездестік. Ал, мына жерде біз, біріңғай шенеуніктер, өзара жиналып алып өз-өзімізге барлығымыз білетін цифрлар туралы есеп беріп отырмыз. Бірақ біздің жұмыстың форматы осындай. Оны өзгертуге қазір біздің шамамыз келмейді», - дейді Асылжан Мамытбеков мырза.
Жиында Асылжанды нақты мәселелердің көтерілмегені ашындырса керек. Министр Үкімет жиындарына қарағанда бизнес-қауымдастықтардың бас қосулары нақты мәселелерді шешетінін тілге тиек етті.
«Ал, қазір орманшылар фитосанитария туралы, ал, малшылар орманшылар туралы әңгіме тыңдап отыр. Яғни, біз қандай да бір тапсырмаларды орындап, қандай да бір жаңалықтар енгізу орнына бір-біріміздің қыруар уақытымызды босқа алып отырмыз. Мәселелер жеткілікті, біз алқа мәжілісін ақпараттық тұрғыда пайдаланғымыз келді. Яғни, заңға енгізілген барлық өзгерістерді, саясаттағы өзгерістерді түгел айттық», - деген ол Премьер-министрдің бірінші орынбасарына қарата.
Сағынтаев қатысқан жиында Қазақстан астығын Қытайға экспорттау, халал индустрияны дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау мәселелері сөз болған. Вице-премьер Қытайдың Қазақстан астығына деген сұранысын тиімді пайдалану туралы айта келе министрлік жұмысындағы кемшіліктерге де назар аударған болатын.
«Бізде тек бір түйткіл ғана бар. Ол - біздің мемлекеттік органдардың үйлесімсіз жұмысы. Біз осы туралы айтқанда, техникалық реттеу комитеті бұл істі ауыл шаруашылық министрлігіне ысырды, министрлік болса, комитеттің жұмысы деп ат тонын ала қашты. Әрбір мемлекеттік орган өз міндеттемелерінен қашуда. Нәтижесінде - «баяғы жартас, сол жартас». Жұмыс орнынан қозғалған жоқ», - деді ол.
Мамытбеков мырза вице-премьердің осы сөзіне шамданды ма, Мәжіліс сайлауынан кейін болатын Үкіметтің жаңаруына байланысты себебі болды ма, министрлік қызметкерлерінің алдында, Премьердің орынбасарының көзінше батыл баяндама жасады. Білдей Үкімет басшысының орынбасары жетекшілік жасап отырған жиынды «уақытты босқа өткізу» деп атады.
Алайда, бұған Сағынтаевтың да сағы сына қоймаған сияқты. Министрлік ұжымына сайлау туралы анекдот айтып берген.
«Жақында Әзірбайжан мен Грузияда іссапарда болдым. Әзірбайжанның премьері сол кезде жақсы бір анекдот айтып берді.
Елде сайлау өтіпті. Бір партия жеңіске жетіпті. Партия серкесі басқару, экономика саласында жұмыс істемеген жас жігіт екен. Сайлау біткен соң кеңесшілерін жинап алып, сұрапты дейді.
- Бізде мұнай бар ма?
- Жоқ.
- Газ ше?
- Жоқ.
- Алтын..
- Жоқ.
- Мыс ше?
- Ол да жоқ.
- Орман бар ма?
- Орман да жоқ.
- Қой, онда жұмыс істейік, - депті сонда. Жаман анекдот емес», - деп аграрлық саланың құлағын ұстағандардың көңілін көтеруге тырысқан.
Пікір қалдыру