СӘБИЛЕР МАЗАРЫ

/uploads/thumbnail/20170708221854033_small.jpg

 

(ҚХР-дағы жоспарлы туу салдарынан шетінеген сәбилер рухына бағыштаймын)

Етегіне емхананың артқы дуалы келіп тірелетін Қаратаудың шағын төбешігі бүйректей бұлтиған ұсақ төмпешікке толы еді. Жұрт оны «сәбилер мазары» деп атайтын. Тіпті біреулердің:

     - «Сәбилер мазарынан» шырқырап жылаған баланың дауысы шығады – дегенін естігенмін бар.  Сонан ба, сәбилер мазарының сырлы тылсыматы аңсарымды аудара берді.

Ызғарлы желі сүйектен өтетін күз күнінің бірі болатын. Қас қарая Қаратаудың бөктеріне келдім. Қаратау десе дегендей алып қара жартас төбеден төне қарап, қоюласа бастаған түн бояуын баттастыра қалғиды. Жартасқа ұрылған дала желі тынымсыз гуілдеп, беймаза уыл-шуыл шығарады. Құлағымның түбінен жанай өткен жарқанат қанатының сусылынан түршіге қалып, аз тұрдым да айналама қарадым. Жер сұлбасынан «Сәбилер мазарына» жақындағанымды біліп, үлкен бір тастың суық бетін сипалай барып отырдым. Жел барған сайын күшейе түсті. Манағы тау қойнауының беймаза уыл-шуылы енді шыт жаңа басқа күйге ауысқандай, жылаған, шырқыраған сәбилер үні тұс-тұсымнан шулап қоя берді:

Уу, уу, іңгә, іңгә, іңгә, ә, іңгә, уу...

          Тасты қолыммен дірілдей тірене жалтақтап маңымды барладым. Кеуде тұсымды «тарс-тарс» ұрған жүрегімді меңгере алмай, мең-зең күймен бірталай отырып қалдым. «Жоқ, жоқ, бұл баланың дауысы емес, желдің шуылы» деп қалтыраған аяғымды қадай басып, орнымнан тұрдым. Сол-ақ екен, емхананың артқы дуалынан суырыла шыққан екі қара көлеңке қатарласа ілби басып «Сәбилер мазарына» таяды. Таяды да, жерге сіңіп бара жатқандай шөгеріле аласарып, бүгіле солқылдады. «Жын ба, адам ба?» Үрейлене аңтарылған   мен    орнымнан    қозғалуға    батына    алмай, қайтадан баяу басыла отырдым.

Түн жер бетіне қара тұмылдырығын кигізіп болдым-ау деген шақта шығыс жиек шырайлана ағарып сонау жотадан айдың шекесі қылтия қалды. Көлеңке біткен ық жағына жалдай қисайып аласара берді де, айнала анық көріне бастады. Сәбилер мазарының шетіне бүгілген екеуді де ай сәулесі арқаларынан сипап, алдарындағы ұсақ төмпешіктерге уыз нұрын ұсына берді.

Бұлар жын емес, бір ер, бір әйел., екі адам екен. Доғадай иілген жоталарының солқылдауынан-ақ жылап отырғаны білінеді. Танауларын тартып, өксулері де еміс-еміс естіледі. Бір мезетте еркек орнынан сүйретіле тұрып, қарлығыңқы үнмен:

  - Болды, тағдырдың бұйрығы солай шығар, тұр, Күләш, орныңнан, - деп әйелді демеді. Әйел онан арман бүгіліп алдындағы топырақты кеудесімен басардай егілді. Еркек әлгіндей емес, шираңқырай тіл қатты:

- Болды, тұр деймін, тағдырдың бізге берген бір қыз баласы да жетеді, ұл көрсек деп армандаушы едік, енді міне, оны да күні толғанда шырқыратып түсіріп, зорлықпен түсік қылып, берген құдайдың өзіне қайтарып, қара жерге тапсырдық! Тәубе қылайық, тұр орныңнан!

  Жігіттің қатқыл үні қарлығыңқы шықса да, әйелдің буынын бекітті ме, қолтығынан сүйемелдей көтерген қарымды қолдың ығына қарай көтеріліп, артына бұрылды. Сонда да солқ-солқ етіп егіліп жылап бара жатқаны байқалады. Екі көлеңке дуал далдасына сіңіп кеткенде барып байқаппын, бағанағы қорқыныштың орнын елжіреу алған жүрегім көзіме жас моншағын іркіп тұрыпты, шықтай мөлдір тамшылар төгіліп кетті. Көз алдым буалдырланып, дала желі тағы да ысқыра шуылдады:

– Іңгә, ің...о-у, іңгә, іңгә, іңгә, уу...у, іңгә, ің... у, іңгә... ә...

   Құлағымда көрші қарттың әңгімесі күңірене шертілді: «Е, қарағым, біздің мына шағын қалашық қаншалаған адамның қанымен суарылмады. Басқасын айтпайық, Ма бу Фаңның әскері халықты қырғанда алпыс сәбиді найзаның ұшына іліп өлтіріп, анау - Қаратаудың бөктеріне бесігімен қойғанбыз, бесігімен, - әжімді жүзін айғыздай келіп, сақалынан    тамшылаған    жасты    түрпілене    жарылған алақанымен дірілдей сүртіп, сөзін жалғай берген: «Қарағым, басқасын айтпайық, зор секіру деген пәлесі шығып сәбилерді түгел бала бақшаға алып, сонда мына менің екі кенжем ішінде қырық бала бір орында іш аурудан, аштықтан қырылып оны да сол, сол - анау оңбағыр Қаратаудың түбіне бетін әзер жасырғанбыз», – деп солқылдаған қартым сексен сегіз жас ие алмаған белін бүктей егілген.

- Іңгә, ің...о-у, іңгә, іңгә, іңгә, уу...у, іңгә, ің... у, іңгә... ә...

     Менің көз алдыма асық атып, доп қуған топ бала келді. Бірде тай-құлынға мінгесіп шапқылап бара жатса, бірде алты бақан әлпеншегінде әнмен тербеледі, бірде айсыз түнде ақсүйек қуалап жүгіреді. Көз алдыма елі үшін ұрандап бөрілі байрағын ұстаған, «егеулі найза қолға алған, ереуіл атқа ер салған» сарбаздар қосыны елестеді.

Бірақ, көз алдымдағы сурет ай сәулесінің ақ уызын мүлги емген ұсақ-ұсақ сыз топырақты төмпешіктер. Сәбилер періштесін ұялатқан Қаратаудың қара жартасы  төменге суық қарап, түнере мелшиулі.

Мен осыдан кейін сәбилер мазарынан шығатын дыбысқа шүбәланбай сенетін болдым.

Әне, әне... тағы да шықты:

- Іңгә, ің...о-у, іңгә, іңгә, іңгә, уу...у, іңгә, ің... у, іңгә... ә...

1994 жыл, Алтай.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

«Жүрек неге жылайды» кітабынан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар