Зейнетақы жүйесін ел билігі ержелден масыл көреді. Содан болар алдыңғы жылдары әйелдердің зейнетке шығар жасын ұзартып, ерлермен теңестіреміз деген бастама көтерілді. Қоғам наразылығына тап болған бұл идеяны билік «патамушта» аталып кеткен министр Серік Әбденовке итере салып, бар бәле соның бастамасымен болғандай ой туғызғысы келді. Алайда, өкімет басындағылар ойлағандарын жүзеге асырды. Енді әйелдердің зейнетке шығу жасы әр жыл сайын жарты жылға ұзартылып отыратын болды. Қоғам «патамуштаны» табалап жатқанда билік осындай заң қабылдап алған еді. Ал, миссиясын орындаған министр «халыққа қарсы бастама көтергені» үшін қызметінен босатылды.
Биыл зейнетақы жүйесіне қатысты тағы да шу шықты. Бұл жолы болашақ зейнеткерлердің келешек үшін деп жинап жатқан ақшаларына мемлекет көз алартып отыр. Атап айтсақ, Үкіметтің соңғы кеңейтілген жиынында елбасы ортақ зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңгені экономиканы қолдау шараларына жұмсауға «рұқсат» берді. Ол қаражаттың 1000 миллиарды «ҚазАгро» холдингіне берілсе, 360 миллиарды тұрғын үй құрылысын қолдауға бағытталмақ. Тағы көп бөлігі кредитке батқан банктерді құтқаруға жұмсалмақ. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев зейнетақы қорынан алынатын ақшаның 1,450 трлн теңгесі биыл толық жұмсалатынын, оның 350 млрд теңгесі республикалық бюджеттің дефицитін жамауға, 600 млрд теңгесі немесе зейнетақы жинақтарының 41 пайызы екінші деңгейлі банктер мен ұлттық холдингтердің шартты облигацияларын сатып алуға шығындалатынын айтқан еді.
Зейнетақы қорынан қаражат алу туралы шешімді үкіметтегілер Елбасының аузымен айтқызды. Нарық заңдары, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізгі қағидасы – жинақтарды табысы мол жобаларға инвестициялау, сол арқылы қордың инвестициялық кірісін арттыру ісі аяққа тапталды. Зейнетақыдағы жинақтар еселеп табыс түсіретін жобаларға емес, қарызға батқан банктер мен компанияларды қолдауға, тиімсіз саясат нәтижесінде тұралаған бюджеттің шығындарын жабуға жұмсалмақ. Нақтырақ айтсақ, зейнетақы қорынан 100 млрд теңге бөлінгелі отырған «ҚазАгро» 2008-2009 жылы Ұлттық қордан бөлінген қаражатты тиімді жұмсай алмаған холдинг ретінде Президенттің өзінен сын естіген еді. Президенттің өзі бұл ұйымды дұрыс жұмыс істей алмаса тарату туралы да айтқан болатын. Бірақ, халықтың жинақтарынан тағы қомақты қаражатты бағыттау арқылы үкімет тұралаған компанияға қолдау көрсетпек.
Зейнетақы жинақтарынан алынатын 500 млрд теңгені долларға конвертациялау туралы шешім де түсініксіз болып отыр. Билік бұл қаражатты шетелдік нарыққа инвестициялауды жоспарлағанымен, нақты қандай құралдарға жұмсайтынын ашып айтпай отыр. Бір қарағанда үкімет дағдарысқа қарсы шараларды нақты зерттемей, қаражат бағытталатын салаларды толық анықтамай ойластырған секілді. Яғни, зейнетақы қаражатын сыртқа шығару ісінде ашықтық пен жариялылықтың жоқтығы көзге ұрып тұр. Билік халықты доллардан бас тартуға, ұлттық валютаны ғана қолдануға шақыра отырып, өзі 500 млрд теңгені долларға айналдырып, шетелдердің экономикасын инвестицияламақ. Мұндай шаралардың қаншалықты тиімді көрініс беретінін айту қиынға соғады. Осы уақытқа дейін Қазақстан табысты инвестор ретінде еш жерден көрінген емес.
Халықтың бәленбай жыл жиған-тергенін тағы сол халықты жоғары өсімді несиелермен қанап келген банктерге беру жайы да ешкімді бей-жай қалдырып отырған жоқ. Өйткені, қазақстандық банктердің халықаралық қаржы нарығындағы рейтингі өте төмен. Біздің банктердің несие портфелінің 75 пайызға жуығын қайтарылмайтын несиелер құрайды екен. Бұл жағдай біріншіден банк несиелерінің пайыздық көрсеткіштері өте жоғарылығын көрсетсе, екіншіден халықтың әлеуметтік ахуалының төмендігін білдіреді. Яғни, қазақ банктеріне шетелдік инвесторлар қызығушылық танытпайды, қаражат құймайды. Сол себепті де мемлекет билікпен ым-жымы бір банктерге халық қазынасынан қолдау көрсетпекші. 2008-2009 жылғы банк дағдарысы кезінде де мемлекет отандық банктерге осылай қолдау көрсетті. Оның қайтарымы болды деп айта алмаймыз. Банктер сол қиын қыстау кезеңде де өз қызметкерлеріне жоғары бонустар беруді тоқтатпаған еді. «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма? Ісіңді біреу істесе, қолың қышып бара ма?» дегендей, бар шаруасын мемлекет халықтың ақшасына шешіп беріп жатса, олар несіне сассын?!
Осылайша, тиімсіз мемлекеттік менеджмент халық қазынасын тағы да талан-таражға салмақшы. Мемлекет зейнетақы қорынан 5,8 млрд долларды экономиканы қолдауға жұмсағалы отыр. Экономикасы бізден де сорақы Ресейдің өзі бұл бағытқа 10 млрд доллар бағыттамақ. Ресей мен Қазақстан экономикасының көлемін ескерсек, біздің билік жұмсағалы отырған қаражаттың әлдеқайда ауқымды екеніне көз жеткізесіз.
Дархан Мұқан
Пікір қалдыру