Алматы қаласы Орталық кітапхана жүйесінің №4 кітапханасында қалың оқырманға есімі мәшһүр көрнекті қаламгер, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бексұлтан Нұржекеұлының 75 жылдық мерейлі мерейтойына арналған «Көркемсөз патшалығының хас шебері» атты әдеби-сазды кітапханалық бенефис өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Мәдени шараға жазушының қаламгер әріптестері, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары:жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар, Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Кәдірбек Сегізбаев,ақын, аудармашы, көсемсөзші, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі – Қуанышбай Құрманғалиқатысып, мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы мен шығармашылығы жайлы ой бөлісті. Сонымен қатар, жоғары оқу орнының студенттері мен кітапхананың оқырмандары қатысты.
Экраннан арнайы дайындалған «Мәңгілік махаббат жыршысы» атты слайд-презентация, бейнебаяндар көрсетіліп тұрды. «Сырлы сезім суреткері» атты кітап жаймасы ұйымдастырылып, кітапхана қызметкерлері көрмеге шолу жасап өтті.
Жан тебірентер сырбаз, сұлу әйелдер образдар галереясын жасап, шарпысқан құштарлық, қасіретті қимастық арқылы өмірдің қуанышы мен тағдырлар трагедиясын барынша шыншылдықпен бедерлеп жүрген сүйікті жазушымызды қазіргі таңда қалың оқырманы «Қазақтың Мопассаны», «Махаббат жыршысы», «Сырлы сезім суреткері», «Әйел жанының зергері» деп атап кетті. «Күтумен өткен ғұмыр», «Ерлі-зайыптылар», «Жау жағадан алғанда», «Бір өкініш, бір үміт», «Кінәлі махаббат», «Өзендер өрнектеген өлке» және т.б. көркемдік көрігінен шыңдалып шыққан шымыр да шұрайлы шығармалары оқырмандарының зор сүйіспеншілігіне ие болып, әдебиетіміздің алтын қорына қосылған құнды мұра болып табылады.
Кітапханалық бенефисті мерейтой иесіБексұлтан Нұржекеұлыөзі ашып, оқырмандар алдында өзінің өмір белестері мен шығармашылыққа келу жолы жайлы сыр шертті. «Менің бүгінгі бағындырған белесім – ол көп оқып, білгенімнің арқасы. Барлық ізгіліктің бастауы – ол білім. Сондықтан да жастар, уақыттарыңды бос ермекпен өткізбеңдер. Кітап оқыңдар» - деп, жастарға ағалық ақылын айтып, жол көрсетті. Өмірлік жан досыҚуанышбай Құрманғали: «Бексұлтанның қалам тербеп жүрген тақырыбы тек махаббат, сезіммен ғана шектелмейді. Ол тарихи романдар да жазып, Шыңғыс ханның өмірін зерттеп жүр. Сондай-ақ, аударма саласына да өзіндік үлесін қосып жүрген қаламгер» - деп, жазушының сан қилы талант иесі екендігіне көзімізді жеткізіп кетті.
Қаламгердің замандасы Қуанышбай Құрманғалиөз өнерін өзгелерге мойындата білген қарымды қаламгердің шығармаларының мазмұнына терең тоқталып, саралап өтті. Кітапхананың тұрақты оқырманы Телеуғали Тайман Бексұлтан інісіне деген өзінің ағалық лебізін білдіріп кетті.
«Әйел жарықтық – фәни дүниенің жалғыз жұмағы. Ондай тәттіні тату аз, оған табыну керек» - деп ағынан жарылған сырлы сезім суреткеріне кітапхана оқырмандары өздерін қызықтырып, толғандырып жүрген көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жазушының шығармашылығы туралы құнды мәліметтер алды.
Оқырмандардың ұтымды сауалдарына кеш қонақтарының тарапынан ұтқыр жауаптар беріліп отырды.
Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясының оқушылары: Нұрахмет Медина, Азаматқызы Айдай, Шин Әмина, Жайырова Нұрила, Бекұлы Үпілмәлік пенжоғары оқу орнының студенттері: Сайлау Сымбат, Қарабеков Асланбек, Ілияс Айдын, Аргимбеков БактиярБексұлтан ағаның шығармашылығы бойынша «Сиқырлы сезімдер симфониясы» атты әдеби-сазды композициясын ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Алматы Университетінің 3 курс студенті Тарыбай Ботакөз жазушыға осы мәдени шара аясында шығарған өзінің арнауын оқып, жырдан шашу шашты.
Сондай-ақ, Чайковский атындағы музыкалық колледждің, Алматы Университетінің, Алматы Полиграфилық колледжініңәнмен сусындап өскен дарынды өнерпаздары: Қадырбай Нұрдәулет, Куткужина Толқын, Насыр Ерсін, Қастей Айдос мерейтой иесінің құрметіне лирикалық әсем әндер орындап, кеш мерейін үстем етті.
Әдеби-сазды бенефис кештің соңында кітапхана ұжымы қадірлі қонақтарға естелік сыйлықтар беріп, жылы лебіздерінбілдірді.Оқырмандар да сүйікті жазушыларынан қолтаңба алып, естелік суретке түсіп жатты.
Адам баласына ғана тән ең сұлу, ең сиқырлы да сырлы сезімдерді өзінің шығармашылығына арқау еткен жазушының оқырманы ешқашан азайған емес.Әдебиеттің бірнеше жанрында көсіле қалам тербеп жүрген болмысы бөлек, аса талантты жазушымыз оқырмандарын әлі де тың туындыларымен қуанта берсін деген ниет бар баршамызда.
Айгерім Хаметова, А
лматы қаласы №4 кітапхана-бөлімшесінің кітапханашысы
Пікір қалдыру