АНАҒА, АНАҒА, АНАҒА, тағы да АНАҒА... Жақсылық жаса! Одан кейін ғана асқар таудай әкеңе қол ұшын соз. Отбасының алтын тірегі, бірден-бір саялы бәйтерегі, қызғыштай қорыған қамқоршысы әрі аузындағысын жырып беретін асыраушысы – әкеге емес, ең алдымен, асылым деп ардақтайтын анаға көңіл бөл! Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, түн ұйқысын төрт бөліп сені өмірге әкелген анаңды құрметте, жас ұрпақ! Тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен ана мейірімі адам санасындағы ешбір өлшемнің аясына сыймайтынын түсінесің бе?! Алпыс екі тамырын идіріп, кіндік қаныңды тамшылатып, алақанына аялап көтерген алғашқы ана қуанышынан, әрине, сен бейхабарсың! Өйткені, ол кезде саф ауаны енді ғана жұтқан әлсіз шақалақтың бірі едің. Сен қорғасындай балқыған, жібектей сусымалы, жылап емеурін танытып, жылап тұяқ серпитін, сай-сүйегің әлі қатпаған нәп-нәзік сәбисің ол уақытта. Тамшыдан тән түзген құдіреті күшті Аллаға шек бар ма, шіркін. Ананың мейірімі мен ананың қуанышын сен тәй-тәй басып, қаз-қаз тұрғанда да, ойыннан қол босамай, шаңға бөгіп асыр салғанда да, қолыңа қалам ұстап, қара танығанда да, көп кәсіптің біріне көңіл бөліп, жауапты қызметке қол жеткізгенде де, сезіне алмадың, бәлкім. Иә, біз өте әлсіз жаратылыспыз. Қазақ қызының көз жасына, қазақ әйелінің мұңына, қазақ анасының наласына ілікпейік, еркек кіндікті қауым! Қыз – біздің өрімдей сұлу талшыбығымыз. Әйел – сүттей ұйыған отбасының берекесі. Ана – бауыр еті баласы үшін жанын қиятын мейірім иесі. Әже – еліміздің ертеңін қалыптастыратын жас ұрпақтың ақылшысы әрі рухани тәрбиешісі. Осындай ұлы ұғымға ие әйелдер қауымын қалайша құрметтемейсің? Қалай ғана оларға көз сатып қарап, бір сәттік нәпсінің құрбаны етесің? Жүсіп Баласағұн шегелеп айтып кеткен «әйелдің жалғыз жетістігі – дақ түспеген арына» жауапкершілікпен қарайық! Бұқар жырау жырлағандай, «қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?» Ғабит Мүсіреповтің көркем ойындағы төзімді, мейірімді, парасатты, ұятты аналар жасасын! Бойжеткенге, жарға, анаға және қарт әжеге деген көзқарас түзелмей, қоғамның нәзік жанға деген пейілі тазармай, тал бесіктегі талшыбықтың болашағы бұлыңғыр. Бүгінгі жас буын адамгершіліктің осындай асыл қағидасын қаперінде ұстаса...
Қуаныш Тұңғатар
Пікір қалдыру