Қызылордада есек терісінің саудасы қызып тұр

/uploads/thumbnail/20170708222353474_small.jpg

Қызылорда облысында ұрланған есектерді сойып, терісін сатып жүрген екі азамат ұсталған, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Ақпан айының ортасына таман әлеуметтік желіде өлі есектердің суреті жарияланып, оның авторы Қызылорда облысындағы өзі тұратын ауылда есектердің терісінің сыпырылып жатқанын жазған еді. Қолданушы оқиғаның нақты қай ауылда болғанын көрсетпеген, алайда суреттен он шақты есектің терісі сыпырылып, айналаның қан болып жатқанын көруге болады.

Бұл жазбаға қалдырылған пікірлердің арасында есектердің етін сатылымға шығаруға қатысты жазылған комментарийлер болды. Алайда автор бірнеше күннен кейін жазбасын өз парақшасынан өшіріп тастады. Осыған байланысты облыстық ІІД-і былай деп түсініктеме берген:

"ВКонтакте" әлеуметтік желісінде орналастырылған ақпараттың жойылуына байланысты жазба авторынан тиісті мәлімет алу мүмкіндігі болмады. Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінде есектің етін сатылымға шығару деректері тіркелмеген. Алайда есек малының терісін пайдаға асыру мақсатында сойып, терісін сылып алу фактілері тіркеліп, аталған деректер бойынша тиісті тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, биыл 2 ақпанда Сырдария ауданының тұрғыны мал қорасынан бір бас есек малының жоғалып кеткені жайлы арызданған болатын. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігімен (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бiрнеше рет, тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) қылмыстық іс қозғалып, жүргізілген шаралар нәтижесінде осы ауданның 2 азаматы ұсталды. Тергеп-тексеру барысында аталған азаматтардың есек малын сойып, терісін сатып жібергені анықталды. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр". Айта кетейік, олардың бұл қылмысы дәлелденген жағдайда мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылуы мүмкін. 

ІІД мәліметінше, саудаға түскен еттердің "есектікі" болмауына, тамақ өнімі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұтынушылардың денсаулығы мен санитарлық-гигиеналық талаптарының бұзылмауына санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандары жауапты және бұл салада құқықбұзушылық анықталса сала мамандарымен тиісті әкімшілік шара қаралады. Ал егер есек етін сату дерегі тіркеліп, санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді абайсызда бұзу, адамдардың жаппай сырқаттануына немесе улануына әкеп соққан жағдайда ішкі істер департаментінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы ("Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу") бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартады.

"Кез келген құқықбұзушылықтың алдын алу, жолын кесу, болдырмау бағытында ішкі істер департаменті тарапынан тиісті алдын алу шаралары қабылданады", - делінген ІІД түсініктемесінде.

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар