Үкімет былтырғы жасаған жоспарларын қайта қарап, бірқатар болжамдарға өзгеріс енгізгенін жазған болатынбыз. Республикалық бюджетке мұнай бағасы мен доллар бағамын өздерінше белгілегенімен Үкіметтің есебі қате болып шықты. Қате есептелген қаражат ешқайда жетпей қалып, жағдай одан әрі ушықпай тұрғанда үкімет ол болжамдарын біршама өзгертті. Атап айтқанда, былтыр қараша айында 300 теңге деп белгіленген доллар бағамын 360-қа көтеріп, 40 доллар болады делінген мұнай баррелінің бағасын 30 долларға түсірді.
Сақтық ойлаған үкімет мүшелері Ішкі жалпы өнім өсуін де 2,1 пайыздан 0,5 пайызға дейін төмен белгілеп отыр. Осы межені бағындыратындарына сенімді секілді. Бірнеше есеге кем жоспарланып отырған өсімге қол жеткізе алмаса үкіметте бәленбай шенеунік несіне отыр, шынымен?
Экономист Марат Қайырланов үкімет мүшелерінің бұл сенімділігін мемлекеттік қаражат пен қытай инвестициясына арқа сүйеуімен түсіндіреді.
«Бұл өсім (0,5 пайыз) Ұлттық қор қаражатын жұмсау және қытайлық инвестицияның арқасында мүмкін болмақ», - дейді ол.
Экономистің айтуынша Қазақстан экономикасының құлдырауы мен капиталдың сыртқа кетуі әзірше толастар емес. Бірақ, билік те инвестициялық климатты жақсартуға барын салып жатыр. Мұнай мен металл бағасының төмендеуіне орай экономика номиналды тұрғыда тарыла беретін сияқты. Алайда, Марат Қайырланов экономиканың бұлай құлдырай бермейтінін, жағдайға қарай бейімделетінін айтады.
Қазақстан өнімдерін Қытайға экспорттау мәселелері бұған дейін де көтерілген еді. Мысалы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қытайдың Қазақстан не сатса да сатып алуға, ауыл шаруашылығына инвестиция құюға әзір екенін айтқан болатын.
«Олар (Қытай – ред.): «Біз астық, ет, бал, өсімдік майы, сүт өнімдері, бәрін сатып аламыз» деп отыр. Сонымен қатар, олар тек сатып алып қана қоймай, Қазақстанға инвестиция құятындарын айтуда. Бірге кәсіпорындар құрып, жаңа жұмыс орындарын ашпақ, салық төлемек және барлық дайын өнімдерді сатып алмақ. Бізге бұдан артық не керек? Тек қолдау білдіріп, ары қарай жұмыс істеулеріне қажет жағдай жасау керекпіз», - деген еді Б. Сағынтаев мырза.
Ал, ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Қытайға астық сатуды 4,9 миллион тоннаға арттыруды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді.
«Қазақстандық астыққа квотаны көбейту бойынша Қытай үкіметімен келісім жасалды. Бастапқыда жылына 500 мың тоннаға дейін рұқсат етілсе, кейін 1 млн және одан да көп тоннаға квота беріле бастайды. Демек, бізге жаңа экспорттық бағыт ашылып отыр, сондықтан фитосанитарлық қызмет өнімді жіті бақылап, оның карантинға түсіп қалмауын, өз міндеттемелерімізді орындау үшін үлкен жұмыстар атқаруы тиіс», - деп атап өтті А. Мамытбеков.
Астықтан басқа Қытай мен Қазақстан арасында ет саудасы да қызатын сиықты. 2015 жылы шығыстағы көршімізге 16 мың тоннадан астам ет экспорттаппыз. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта тек арта бермек деп отыр Үкімет басындағылар.
Осылайша, бұған дейін мұнай мен басқа да шикізатқа сеніп, жеңіл өнеркәсіпке атүсті қараған билік жан алқымға келгенде азық-түлік экспортын жандандыру арқылы тығырықтан шығудың жолын іздеуде. Тамақ бағасының ішкі нарықта оңып тұрмағанын ескерсек, астық пен ет өнімдерінің сыртқа шығарылуы базардағы бағаға тағы да біршама өзгеріс енгізетін сияқты.
Дархан Мұқан
Пікір қалдыру