Отбасы қоғамдық институт, мемлекет ішіндегі «мемлекет», бала тәрбиесінің бастау-бұлағы, адам капиталының құрушы факторы екені анық. «Ұл өсіре отырып, жердің, елдің иесін, қыз өсіріп, ұлтты тәрбиелейтін» дана халқымызды отбасы мәселесін әрқашан бірінші орынға қойған. Алайда, бүгінгі таңда қазақ қоғамында отбасы мәдениеті, тәлім-тәрбиесі құлдырауға ұшырап бара жатқан секілді. Бұл проблема туралы ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарованың пікірін білген едік...
ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасы демографиялық саясаты жөніндегі комиссияның мүшесімін. Бұл мәселені күнделікті ақпарат құралдарында да жиі көтеріп жүрміз. Қазіргі кездегі өте қиын, шешімі жоқ мәселе. «Гендерлік саясат» деп айтыңыздар, мұндағы гендер деген сөз маған ұнамайды. «Қазақты құртатын екі-ақ сөз бар: «гендер» мен «тендер» дейді. «Гендер» дегенді сөзбе-сөз аударсақ, бұл екі жыныстың теңдігі. Бірақ, біз қанша теңдік орнатамыз десе де, табиғаттан физиологиялық теңсіздік бар екінін жасыра алмаймыз. Әйелдің ағзасы бөлекше жаратылған. Бірақ, «екі жарты − бір бүтін». Солай деп аламыз да, қазір тоқал алуды бастама етіп көтереміз. «Қазақ байыса әйел алады» дегендей, ертеректе көп әйел алушылық болды. Себебі, заманның өзі солай еді. Жаугершілік, соғыс, әмеңгерлік адам санын толтыру мақсатында көп әйелге рұқсат етілді. Қазір заман басқа, біз уақытты кері шегіндіре алмаймыз. Біз сауатты, зайырлы мемлекетте тұрып жатырмыз, сондықтан, неке де тек бір әйел мен бір ердің тең құқылы одағы болуы керек. Көп әйел алу − қиын философиялық мәселе. Бала бір әке, бір шешенің тәрбиесін алып, берекелі отбасында өсуі керек, балалардың арасында қызғаныш болуы мүмкін. Сондықтан, қажет емес деп ойлаймын. Елімізде "1 жігітке 7 қыздан келеді" деген - өтірік ақпарат таз тарады. Бұл жалған ақпарат! 1000 әйелге 928 ер адамнан келеді деген ақпарат негізді. Негізі, статистика бойынша қыздарға қарағанда, 10 пайызға ұл балалар көп туылады. Бірақ, өлім-жітім ер жігіттердің арасында жиі болады да, 20-25 жастан кейін азая бастайды. Жол апаты, соқтығыс, төбелестен, зиянды әдеттерден ер балалар азая береді. Теңсіздік осыдан туындайды. Телеарналардан бір еркекке 9 әйелден келеді екен деп «соғып» жіберді. Мұндай, қате деректер таратпау керек. Егер, көп әйел алушылық болса, әйелдер жетіспей қалуы мүмкін ғой. Сондықтан, бір теріс жағдайдан екіншісіне кетпеуіміз керек. Кеңес кезінде орысша білім алдық, алайда үйдегі тәрбие қазақша еді. Ата-әженің әңгімесін, ертегілерін тыңдап өстік. Қазір ондай жанын үзіп беретін ата-әжелер жоқ. Бар болса да, өте аз. Менің жолдасыммен отасқаныма отыз жылдан астам уақыт өтті, шүкір, екі ұлымыз, бір немереміз бар. Жолдасым мінезді кісі. Ол да бір үйдің еркесі, ата-әженің баласы, мен де дәл солай. Соның өзінде, мен ер-азаматымның алдында басымды иіп, төменірек тұруға тырысамын. Онсыз отбасында береке болмайды. Қанша керемет болса да, ғалым болса да кез келген әйел ерін сыйлауы керек. Бірақ, бір- біріне жауапкершілікпен қарауы керек. Жаңа сіз айттыңыз ғой, екі мыңға жуық зәбір көрген әйел хабарласатынын. Мүмкін, ол әйел тілінен табатын шығар. Гендерлік саясат деген онша ұнамағанымен, біздің елде теңдік берілді, дегенмен оны дұрыс түсіну керек. Бір-біріне басына шығып кету емес, өзінің мүмкіндіктерін орынды пайдалануы:білім алу, ғылым жолына түсу, мансап қуу мүмкіндігін шектемеуі керек.
Өкінішке орай, қазіргі кез нарықтың, дүниенің заманы. Жарнамалардың барлығы байлық, сұлулық, жасанды сұлулық, соның айналасында. Сондықтан, балалардың бір-біріне бауырмал болып өсуі өте қиын. Көп балалы отбасы бола тұрып, жағдайы жақсы болмаса, бала өсе келе асырай алмасаң неге тудың деуі мүмкін. Бұрын қанағат қылатынбыз. Әйтеуір, киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ болса дейтінбіз. Қазір олай емес, бәрі жеткілікті болып өсуі керек. Қазіргі теңге құнсызданған заманда, бұл үлкен мәселе болуы мүмкін. Жастардың арасындағы суицид көбеюде. Қазір ақпараттық прессинг жүріп жатыр. Бір жазушы апамыз айтып еді, біз өрт сөндіруші секілдіміз, соғыста жүргендейміз. Таңертеңнен кешке дейін ақша табудың жолындамыз. Сол секілді, қазір көп балалы болу үлкен жауапкершілік. Қазақтың әрқайсысы сауатты, білімді болуы керек. Олай болмаса, біз ертеңгі күні қараң қаламыз. Біз қазіргі заманға иекемделуіміз керек. Бұрынғы отбасылар осындай еді деп жүз жерден армандасақ та, ол уақытты қайтара алмасымыз анық. Қазіргі ажырасып жатқандардың көпшілігі аштықтан емес, қанағаттың жоқтығынан мұндай қадамға барады. Жеке дара өмір сүруге ұмтылудың бәрі қанағаттың жоқтығынан туындайды, деп ойлаймын.
Жазып алған Жания Әбдібек
Пікір қалдыру