Аспанбек Шұғатаевқа пәтер беруге кім қарсы болды?

/uploads/thumbnail/20170708222808603_small.jpg

Айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаевқа Павлодар облысының басшысы Қ. Бозымбаев пәтер бермек болғанда қарсы шыққандар да табылыпты, - деп жазады aitysker.com сайты oinet.kz – ке сілтеме жасап.

Өткен жылы бірнеше айтыста бас жүлде ұтып, артынша «Алтын домбыраны» қанжығалаған керекулік ақын Аспанбек Шұғатаевқа Павлодар облысының билігі пәтер сыйлапты. Оны ақынның мына өлеңдерін негізге алып ақпарат көздері жазды.

Байбек берген көлікті жүргізген ек,
Бозымбаев бір үйге кіргізген ед.
Енді осы үйде тұратын сәуле шашып,
Аспанға айдай сұлу бір қыз керек!

Рас өтірігіне көз жеткізу үшін Аспанбектің өзімен хабарласқанымызда ол пәтердің берілгенін жасырмады. Әйтсе де, ақынға баспананы БАҚ өкілдерін «шулатпай» бергені таң қалдырып отыр. Әлде шынымен де күндестердің көзіне күйік болмасын деді ме? Олай дейтініміз, өткен жылдың соңында Павлодар облысындағы бір топ ақын жазушыларға грант тапсыру кезінде аймақ басшысы осы мәселені қозғады. Ол өзінің ақын Аспанбек Шұғатаевты жеке қабылдап танысқанын айтты. Және алдағы уақытта оған облыс атынан пәтер беру мәселесі қаралып жатқанын айтқан. Тек сол сыйлыққа кейбір зиялы қарсы болып жатқанын да жасырмады.

— Аспанбекке пәтер беру туралы сөз шыққанда қарсы болғандар болды. «Ол жап-жас болып қандай еңбек сіңіре қойыпты. Талай жылдан бері біз ала алмай жүргенде?», деген сөз жетті. Соны айтқан адам да осы жерде отыр, көзіне шұқымай-ақ қояйын,— деген еді Қ. Бозымбаев. Міне, осы бір көрсеқызарлық ақынды ашық әспеттеуге кедергі болған сияқты. Аспанбекке баспананы облыс әкімінің өтініш жасауымен жомарт жандар алып беріпті.  Бәлкім, ол кәсіпкерлер көзге түскілері келмеген шығар.

Жалпы, «Алтын домбыра» ұтып айды аспанға шығарған Аспанбекті дәріптеу өзінің туған өңірінде кем түсіп жатыр. Мектептер мен колледждерде жастармен кездесулер өткізіп, оның жетістіктерін үлгі етсе ақындық өнерге құлшыныс білдіретін жастар да көбейер еді. Павлодар облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Айнұр Сәрсенбаева, бұл мәселені ойластырамыз деп сөз берді, түнеу күні. Жалынды жасқа күндестік танытқанша жігер берген дұрыс емес пе?!

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар