Еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің киіну стиліне қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Tengrinews.kz– ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлының Египет Ислам республикасының президенті Абдел Фаттах Ас-Сисиді әуежайдан күтіп алуға киіп барған киімі біраз талқылауға ұшыраған еді. Желі қолданушыларының бір тобы А. Мұхамедиұының бұл «модасын» оғаштық деп сөксе, енді бірі оның стильдік тұрғыдағы артықшылығы деп бағалады. Министр осы мәселеге орай өз ойын білдіріпті.
«Бұл «де Голь» стилі.. Біріншіден, мен қазақстандық тігін шеберханаларында киім тіккіземін, шетелден сатып алмаймын. Өз елімнің патриоты ретінде осында тіккіземін», - деген А. Мұхамедиұлы бұл ісінен ешқандай оғаштық көрмейтінін айтқан.
«Шетелдік қонақтарды, мысалы Никита Михалковты еске түсіруге болады. Бұл стильде ешқандай асып-тасушылық жоқ. Қарапайым. Не Brioni. Шынын айту керек, бізде, шенеуніктерде белгілі-бір шектеулер бар. Соған қарамастан, бұл – мәдениет саласы. Мен өзім музыкантпын, виолончелистпін, оны неге көрсетпеске? Бірақ, мен қандай да бір стильдің фанаты емеспін, ешқандай сән қумаймын. Ондай мүлдем жоқ», - дейді ол.
Мәдениет және спорт министрі киіну стилінде Елбасы Н. Назарбаевты үлгі тұтатынын айтуды да ұмытпаған.
«Біздің президентіміз де сәнді киінеді. Оның галстуктары ылғи ашық түсті екенін айтуға болады. Ол бейресми кездесулерге әрқашан қызықты киініп барады... Мен үшін адам өзіне қатты көңіл бөліп, шектен шығып кетпеуі маңызды. Бірақ, тым сұрқай киінуге де болмайды. Киімімнің бәрін Қазақстанда тіктіремін. Стиль мәселесінде келіншегім көмектеседі. Ол да өнер адамы, өнертану кандидаты. Айтса да, әйелдер үшін ең тамаша әшекей – талғаммен киінетін күйеуі деген сөз бар», - деген А. Мұхамедиұлы өзінің киіну стилі туралы.
А. Мұхамедиұлы Мысыр басшысын күтіп алуға сұр түсті матадан тігілген, қалталары мен жағасы қара түсті матамен көмкерілген пальтомен барғаны ғаламтор қолданушылары арасында біршама сөз болған еді. Ол Елбасының Алматы қаласына соңғы іс-сапарына да осы пальтомен келген еді.
Пікір қалдыру