Қазақстан халқы әлі де АҚШ долларына сенім артуда, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы «Капитал» іскер ақпарат орталығына сілтеме жасап.
Мұны 2016 жылдың қаңтарында елдегі депозиттік портфельдің 80,3 пайызын шетелдік валютамен ашылған депозиттер құрағанынан-ақ көруге болады. Бір жыл ішінде жеке тұлғалардың депозиттеріндегі долларлық салымдардың үлесі 12,2 пайызға артқан. 2015 жылы бұл көрсеткіш 68,1 пайызды құраған болатын.
2016 жылдың қаңтарында банктердегі депозит көлемі 4,4 пайызға артып, 7,1 трлн теңгені құраған еді. Қаңтардың соңына қарай жеке тұлғалар депозиттеріндегі валюталық жинақтар көлемі 84 пайызға артқан.
Соған қарамастан, соңғы аптада ұлттық валюта бағамының біршама нығая түскені байқалады. Ұлттық банк соңғы бір ай ішінде теңге бағамы 0,6 пайызға нығайғанын айтып отыр. Мысалы, қаңтар айында доллардың орташа бағамы 361,53 теңге болса, ақпанда бұл көрсеткіш 359,19 теңгені құрады.
Бүгінгі қор нарығындағы күндізгі саудада АҚШ валютасының орташа бағамы 347,77 теңгеге төмендеді. Валюта нарығындағы бұл құбылыстарды ресми органдар мен сарапшылардың біразы мұнай бағасымен, нақтырақ айтқанда, әлемдік нарықта мұнай өндіру көлемінің кемуімен байланыстыруда. Бірақ, соңғы аптадағы доллар бағамының күрт төмендеуінің нақты себебін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов айтқан еді.
Өткен жылдың тамыз айында валюта нарығына араласпаймыз, теңгені еркін айналымға жібереміз деген Ұлттық банк ол райынан қайтып, ақпанның соңында алтын-валюта қоры есебінен валюта нарығына интервенция жасауды қайтадан қолға алды. Ахметовтың айтуынша, бүгінде валюталық интервенция жалпы сауда көлемінің 20 пайызын құрап отыр. Мұны Ұлттық банк валюта бағамының күрт көтеріліп кетуіне жол бермеу мақсатымен түсіндірді. Ел арасында қаржы үйлестіруші органның «еркін жүзуге» жіберілген теңгеге аяқ астынан бұлай «қамқорлық» таныта қалуына күдікпен қараушылар көбейді. Біреулер мұны 20 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауымен байланыстырып, билік үлкен саяси науқан қарсаңында девальвациялық процестерді кідірте тұруды, сол арқылы ел ішіндегі наразылық көңіл-күй тудырмауды көздеп отыр, сайлау өткен соң доллар бағамы қайтадан шарықтайды деп санайды.
Бірақ, Алпысбай Ахметов бұл күдіктің негізсіз екенін, алаңдауға негіз жоқтығын айтады.
«Ол мәліметтер (сайлаудан кейін валюта бағамының көтерілетіні – ред.) негізсіз. Қазір теңге бағамының төмендеуіне немесе өсуіне ешқандай экономикалық себеп жоқ. Бүгінде Ұлттық банк валюта нарығына араласуын азайтып отыр. Ол ай сайын кеміп келеді. Сомасын нақты айта алмаймын. Бірақ, қайталап айтамын, Ұлттық банк (валюта нарығына) ірі спекулятивті ауытқуларды болдырмау үшін қатысуда. Осы үшін ғана», - деп жанұшыра ақталған Ахметовтың уәжі елдің көңіліндегі күдікті сейілте ала ма? Ұлттық банк теңге бағамына ықпал ететін экономикалық себептер жоқ екеніне сенімді болса, валюталық саясатқа қатысты әубастағы ұстанымынан неге бас тартады? Спекулятивті ауытқулар қаупі бұған дейін болмады ма? Қаржы нарығында ол күнделікті кездесетін қауіп емес пе? Спекулянттардансезіктенсе былтыр неге валюта нарығынан сырт берді?
Бұл сұрақтардың нақты жауабын сол Мәжіліс сайлауына дейін білу мүмкін емес сияқты.
Жомарт Абдоллаұлы
Пікір қалдыру