Forbes журналы әдеттегідей әлемдегі миллиардерлердің тізімін жариялады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Басылым өткен жылғы ғаламдық дағдарыс, мұнай бағасының төмендеуі мен доллар бағамының нығаюы миллиардерлер қатарының азайғанын айтады. 2016 жылғы миллиардерлер тізіміне барлығы 1810 адам ілінген. Байлар тізімін әдеттегідей Майкрасофт компаниясының жетекшісі Билл Гейтс ($75 млрд) бастап тұр. Осы ретте былтырғы тізімге 1826 адам кіргенін айта кеткен жөн. Ал, тізімнің мұнша адамға қысқаруы 2009 жылдан кейін бірінші рет болып отыр екен.
Әлем миллиардерлері қатарына қазақстандық бес азамат енген. Тізімдегі 771-орынға тұрақтаған қазақ миллиардері Болат Өтемұратовтың жағдайын басылым $2,3 млрд деп бағалаған екен. Ол былтырғы жылы $2,6 млрд-пен әлемдік рейтингте 714-орынды бағындырған еді.
Президент Н. Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен күйеу баласы Тимур Құлыбаев 906-орынға тұрақтаған. Олардың әрқайсысында $2 млрд-тан бар көрінеді. Былтыр бұл жұп $2,1 млрд-пен әлемдік рейтингте 894-орынды иеленген еді.
ERG Еуразиялық тобының басшыларының бірі Әлижан Ибрагимов бір жыл ішінде $700 млн. жоғалтып, алғашқы мыңдықтан шығып қалған. Ол $1,5 млрд байлықпен биыл 1198-орынға жайғасыпты. Әлижанның былтырғы көрсеткіші $2,2 млрд (847-орын) болатын.
«Қазақмыс» компаниясының қожайыны Владимир Ким де $1,5 млрд-пен 1198-орынды қанағат тұтқан. Өткен жылы оның байлығы $1,8 млрд деп бағаланып, тізімнің 1054-орыны бұйырған еді.
Басылым қазақстандық миллиардерлердің бір жыл ішінде жоғалтқан қаражатының жалпы жиынтығы $1,5 млрд екенін айтады.
Пікір қалдыру