Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Сенаттың пленарлық отырысында ақпан айында валюта нарығына жасалған интервенция сомасын атады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
«Салықтық төлемі кезеңінде, яғни, ақпан айының соңында Ұлттық банк нарықтағы шетелдік валюта ұсынысының ауқымдылығына байланысты шетел валютасын сатып алуға мәжбүр болды. Нәтижесінде 2016 жылдың ақпанында Ұлттық банк 474 миллион доллар АҚШ валютасын сатып алды. Бұл – 2,4 миллиардты құрайтын жалпы сауданың 20 пайызына тең көрсеткіш. Яғни, Ұлттық банк валюта сатып алу арқылы алтын-валюта қорын толықтырып отыр. 2016 жылдың ақпанында Ұлттық банктің алдын-ала мәліметтері бойынша алтын-валюта қоры 2,8 пайызға өсіп, 27,7 миллиард долларды құрады», - деді Д. Ақышев.
Бас банкир айырбас бағамының еркін айналымы саясаты одан әрі жалғасатынын айтып отыр.
«Бір жағынан бұл алтын-валюта активтерін сақтауға, екіншіден отандық тауар өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді. Валюта айырбастау бағамының еркін айналымы жағдайында күн сайын валюта бағамының өзгеруі орын алады. Оған сыртқы факторлар, бірінші кезекте мұнай бағасы мен Ресей рублінің бағамы әсер етеді. Сондай-ақ, валюта нарығына ішкі факторлар да ықпал етеді. Сыртқы тұрақсыздықтар сақталып отырған жағдайда бұл саясат бір сәттік девальвация мен одан болатын соққылардың алдын алады. Біз бұрынғыдай валюта бағамын бір деңгейде ұстап тұрып, түрлі жағдайлардың қыспағынан шұғыл девальвация өткізу тәжірибесін тоқтаттық. Ұлттық банк еркін валюта айналымы саясатын жалғастырады және валюта нарығындағы қаржылық тұрақтылыққа қатер төндіретін шұғыл толқулар кезінде нарыққа араласу құқығына ие», - дейді ол.
Пікір қалдыру