Нарық біреулер үшін аяушылық пен адамдықтан ада, біреуді біреу қанап жеп жатқан жабайы әлем болса, істің көзін тапқан енді біреулер үшін зор табыс пен таңдау еркін беретін, баршаға барынша мүмкіндіктер ұсынатын ауқымды жүйе саналады. Алғашқы ұстаным көбіне саусағының ұшын қимылдатуға мойны жар бермейтін жатып ішерлерге тән болса, кейінгі анықтаманы шаруаның көзін тапқан іскер жандарға телуге болатын шығар.
Күн сайын сан мыңдаған өзгерістер орын алып жатқан бүгінгі қоғам өміріне қарап, нарықтан, оның заңдылықтан ешкім тысқары қала алмайтынын көруге болады. Дүние толқынында әркім шама-шарқынша әрекет етуде. Нарық берген мүмкіндіктерді құр жіберіп алмауды міндет санайтындар шаруасын дөңгелетіп әкетуде. Кәсіп ашып, өз жағдайын жасап қана қоймай, қаншама адамды жұмыспен қамтып отырған іскерлер қауымдастығы қайда болмасын сый-құрметке ие болуда.
Бүгінде бизнестің қазаққа жат әлем еместігін танытып жүргендер жетерлік. Қазақстанда да, шет елдерде де. Сондай іскер азаматтың бірі – Расул Сәдуұлы. Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданында кәсібін дөңгелетіп отырған ол бүгінде қытай қазақтары арасында ғана емес, тұтастай Шыңжаң өңіріне танымал кәсіпкер. Расул Сәдуұлы кәсібін қарапайым тойға шақыру билеттерін әзірлеуден бастағанын айтады. Бір арағанда қарапайым шаруа көрінгенмен мұның артында үлкен ұлттық мүдде болғанын жасырмайды.
«Қанша тойшыл халықпыз десек те, сол той қызметтерін өзіміз атқармаймыз. Жай ғана шақыру билеттерін Қытай қазақтары ұйғыр азаматтардың баспаханаларында жасатып келді. Қанша жерден сапалы қағаз, әдемі бояу қолданса да бір ұлт бір ұлттың рухани мәдениетін дәлме-дәл ұстанады деп айта алмаймыз. Ондай шақыру билеттерінде қазаққа тән емес ою-өрнектер, қазақы танымға жат безендірулер қолданылып, ұлттық нақыштарымыз бұрмаланып келді. Осыны көргенде «Неге қазақтар тойына шақыр ұйғырдың «бағағын» алуы керек? Неге өзіміздің шақыру билетіміз жоқ?» деген ой келді. Сөйтіп жүргенде кәсіпті де бастап кеттік», - дейді Расул Сәдуұлы.
Бүгінде Расул Сәдуұлы ашқан «Шаттық» сауда серіктестігінде 30-ға тарта адам тұрақты жұмыс істейді. Серіктестік жұмысын қазақ тойларына шақыру билеттерін басып шығарумен бастағанымен, бүгінде той қызметінің барлық салаларында жеместі еңбек етіп жатыр.
«Қытайдың Үрімжі аймағынан басқа да өңірлеріне, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, арысы Түркия сияқты елдерден тапсырыстар түседі. Осы күнге дейін Қазақстанда саудаланып келген дайын үлгідегі шақыру билеттерінің 70 пайыздары біздің өнімдер еді», - дейді кәсіпкер Расул Сәдуұлы.
Бизнестен бөлек Расул Сәдуұлының қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүргені және бар. 2012 жылы ол Үрімжіде өңірлік «Шаттық» кәсіпкерлер селбестігін құрып, жұмысын енді бастаған кәсіпкерлерге жол сілтеп, бизнестің ортақ мәселелерін бірлесе шешудің жолдарын қарастыруда. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстар, достық қарым-қатынастардың екі елдің де іскер азаматтары үшін мол мүмкіндік беретініне сенімді. Жақында Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығы Алматыда өткізген басқосуға арнайы шақырылған кәсіпкер бұл бағытта да қыруар жұмысты жүзеге асыруға болатынына сенімді.
«Қытай елінің «Бір жол – бір белдеу» стратегиялық жоспары бар. Бұл жоспар бойынша Орталық Азия елдерімен әріптестік байланыс орнату көзделген. Бүгінде Қытай елі экологиялық таза өнімге, оның ішінде азық-түлік пен тұрмыстық тауарларға деген зор сұранысқа ие ел. Міне, осы ретте қазақстандық кәсіпкерлермен байланыс орната отырып, екі жаққа да тиімді нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Жалпы, бизнесте, сауда-саттықта шекара жоқ. Тарихтан білетін «Ұлы Жібек жолы» сондай сан алуан өркениеттер мен қаншама мемлекеттерді байланыстырған үлкен көпір. Соны жандандырудың ыңғайы келіп отыр. Оған екі мемлекет те мүдделі. Әдетте, қазақ елінің кәсіпкерлері Қытайдың нарығы үлкен екенін, сұраныстың зор екенін білгенмен, ондағы нарықтың ішкі заңдылықтарын, негізгі талаптарын біле бермейді. Ірі жобаларды алдын-ала зерттеп алмай кірісіп кетіп, шығынға батып қалу қаупі де жоқ емес. Сол үшін іскерлік қауымдастықтар арасында осындай байланыс орнауы, тұрақты бас қосулар болып тұруы қажет», - дейді ол.
Әлем елдерін қыспаққа алып отырған дағдарысқа қатысты да кәсіпкердің өзіндік ұстанымы жоқ емес. Тек шикізат пен табиғи байлыққа иек артып отырудың ұзаққа апармайтынын үнемі айтып жүретін көрінеді.
«Адам бар жерде өлмейтін бір сала бар. Ол – қызмет көрсету саласы. Қанша дағдарыс болса да бұл сала белгілі-бір қиындықтарға тап болуы мүмкін, бірақ, мүлдем жойылып кетпейді. Қазақстандағы іскер бауырлар кәсіп ашарда осыны ескерсе екен», - дейді бизнес әлемінде бағын сынап жүрген қандасымыз.