Ораз Жандосов, қаржыгер: БІЗДІҢ ЖАҒДАЙДА ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ ТӘУЕЛСІЗ БОЛУЫ МҮМКІН ЕМЕС

/uploads/thumbnail/20170708223627520_small.JPG

Алматыда кеше 2016 CFO Idea Exchange-Networking Event» саммиті өтіп, оған бірқатар экономистер мен қаржыгерлер, Ұлттық банк өкілдері, басқа да қаржы ұйымдарының жетекшілері қатысты. Саммит отырысы мен ондағы қатысушылардың сөйлеген сөздерін, ұсыныс, пікірлерін түрлі ақпарат құралдары өз саясаттарына ыңғайлап жариялап та жатты.

Саммит барысында негізгі әңгіме өзегі қаржы нарығы, мұнай бағасы мен валюта бағамы болған. Қатысушылар да әрқилы. Бұрын Ұлттық банктің тізгінін ұстаған Ораз Жандосов, Қадыржан Дәмитов, Қайрат Келімбетов, Әнуар Сәйденов сынды белді қаржыгерлер е болды. Олардың саммит барысында өздері басшылық еткен тұстағы валюталық саясат туралы, Қазақстанның қаржылық келешегі жайлы ойларын ақпарат құралдары жарыса жазды. Тіпті, бас банктің тізгінін ұстағандар қателіктерін мойындап, өздері қызмет еткен жылдардағы «әттеген-айларды» жасырмағаны да айтылды.

Мәселен, 1996-1998 жылдары Ұлттық банкті басқарған Ораз Жандосов: «Ұлттық қорды жасаған кезде мұнай салығының құбылмалылығын жоюды қарастырмадық. Еркін бағамға жіберілгеннің өзінде оны алдын ала болжау мүмкін емес. Менің ұсынысым, мұнайдан түсетін салықтың бюджет толықтыратын үлесін ұмыту керек», - деп, бас банк басшылығының сол кездегі кемшілігін мойындаған.

Былтырғы жылғы девальвациялар легін бастап берген экс-төраға Қайрат Келімбетов те стратегиялық қателіктерге бой алдырғанын жасырмапты.

«Менің басқаруым кезіндегі қателігім  бұдан да жетілдірілген коммуникативтік стратегияға бет бұру керек еді. Қазір әлемде түрлі қатерлерге жауап беретін көп әлеуметтік технологиялар бар. Мемлекеттік құрылым халықпен ұзақ мерзімді уақытта байланыс орнатуы керек еді», - дейді ол.

Әнуар Сәйденов болса өзі басшылық еткен жылдары Ұлттық банкте халықаралық қаржы жүйесіне ену, үздік технологияларды импорттау сынды бастамалардың аяқсыз қалғанын айтқан.

Алайда, ақпарат құралдарының дені сарапшылардың Ұлттық банк пен үкіметтің жетістіктерін айтқан тұстарын ғана іріктеп жариялаған. Ол ақпарат құралдарының айтқандарына қарасақ, тіпті, Ораз Жандосовқа дейін Бас банктің ұстанымын жақтап шыққан болып шығады. «Жандосов теңге бағамының сайлауға қатысы жоқтығын айтты» деген хабар ақпарат легін толассыз кезіп жүр.

«Теңге бағамы мен мұнай бағасы құлдырау тереңдігінен жетті. Одан әрі құлдырауы мүмкін емес», - деген О. Жандосов сөзін билікшіл БАҚ-тар жарыса жазып жатыр.

Осы жерде биліктен тысқары жүрген және оның кемшіліктерін айтудан жалықпайтын Жандосовтың мына бір сөзі біраз баспасөздің назарынан тыс қалған сияқты.

Саммит қонақтары Оразға «Ұлттық банктің саяси тәуелсіздігі туралы не ойлайсыз?» деген сұрақ қояды. Жандосовтың бұған берген жауабы мынау:

«Бізде сайлаулардың қалай өтетітінін ұната қоймаймын... Шынайы тәуелсіз Ұлттық банк шынайы дамыған, оның ішінде экономикасы әртараптанған елде болуы мүмкін. Бізде, Ұлттық банк туралы мен айтқан жайттардан бастап, банктік реттеуге дейін... бүгінгі қалыптасқан экономкиалық құрылымда және капиталдарды жинақтау құрылымында, билік құрылымында ол (Ұлттық банктің тәуелсіз болуы – ред.) мүмкін емес. Ұлттық банктің тәуелсіздігіне елдің басқаша даму деңгейінде ғана қол жеткізуге болады». Міне! Көптің көкейінде жүрген және биік мінберден естігісі келетін ой осы еді. Оны Ораз Жандосов айтты.

Ұлттық банк мемлекеттік қаржы реттеуші басты орган ретінде шынайы тәуелсіздікке ие бола алмай отырып, қандай да бір тиімді қаржылық-экономикалық саясат жүргізе алмайды. Өз бетінше шешім қабылдауға да қауқарсыз. Демек, Ұлттық банк пен Үкімет басшылығының да қаржы нарығындағы соңғы өзгерістердің (доллар бағамының құлдырауы) алда келе жатқан сайлауға немесе басқа да саяси жағдайларға еш қатысы жоқ деген уәжі де сенімсіз естіледі.

Дархан Мұқан

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар