Мәслихат сайлауына тәуелсіз депутаттарды өткізбеу – еркін ойлылардан сескенудің белгісі

/uploads/thumbnail/20170708224323510_small.jpg

Мәслихат депутаттығына өздерінің кандидатурасын ұсынған 300 үміткер бүгінде сайлау додасынан шығарылып тасталды. Жер-жерлердегі сайлау комиссиялары үміткерлердің өткізген табыс декларацияларынан кінәрат тауып, өзін-өзі ұсынғандарды саяси додаға қатысудан шеттеуде. Осындай сайлаудан шеттетлген үміткерлердің бір тобы Президенттің мәселені шешуге араласуын сұрап, үндеу де жасады.

Сайлау комиссиялары мен үміткерлер шағымданған заң орындары бұл жағдайды қолданыстағы заңнамаларға сәйкес анықталып отырған кемшіліктер нәтижесінде болған қалыпты оқиға десе, додадан шеттетілген  үміткерлер мен қоғам белсенділері «Нұр Отан» партиясының үміткерлерін ғана жергілікті өкілетті органға өткізу мақсатында биліктің қасақана жасап отырған қитұрқылығы деп бағалауда. Түрлі облыстар мен Астана қаласындағы сайлау комиссиялары кіріс туралы декларацияларынан кінәрат тауып, сайлаудан шеттеткен үміткерлер әлеуметтік желілер мен тәуелсіз БАҚ арқылы дабыл қағуда. Ондай үміткерлердің арасында тек билікті ашық сынап жүрген оппозициялық ұстанымдағы азаматтар ғана емес, өзін-өзі ұсынған билік партиясының мүшелері де бар. Мәселен, Астана қалалық мәслихаты депутаттығына үміткер, бұрынғы Мәжіліс депутаты, КВН қозғалысының белді жанкүйері Бақыт Сыздықова да табыс декларациясы кесірінен сайлаудан алынып тасталып отыр. Ақпарат құралдары оның декларацияда 6 теңге кем көрсеткенін жазуда.

Өңірлерде орын алып отырған осындай келеңсіздіктерге күйінген КТК телеарнасының бұрынғы басшысы, танымал журналист Арман Шураев мұндай сайлауды өткізбей-ақ қою керек деп ашына жазды.

«Мен сайлауды мүлдем өткізбей-ақ қоюға шақырамын. «Нұр Отан» партиясының үміткерлерін түгел депутат етіп бекіте салайық. Сонымен іс бітті. Қаншама миллиардты үнемдеп қаламыз. Кейбір қызу сайлау комиссиялары сайлауды кезекті фарсқа айналдырып жатқаны қынжылтады. «Нұр Отанның» жеңетіні бәріне түсінікті. Егер сайлау додасына өзгеше пікір айтқан болса, бұл мемлекетке қатер төндіре ме?», - дейді А. Шураев.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев үміткерердің тапсырған салық декларациясындағы кемшіліктер ондағы қате көрсетілген қаражат пен мүлік сомасына қарамастан назарға алынатынын айтқан.

«Жағдай былай: мейлі бір теңге, мейлі жүз теңге, тіпті, мың доллар ма, мұның барлығы декларация тапсыру кезінде ескерілмесе заң бұзышылық болып саналады», - дейді М. Сәрсембаев.

Астанадағы №17 сайлау округы бойынша үміткер болған Бақыт Сыздықова өз кандидатурасының алынып тасталуын арандату деп бағалады.

«Мен мұның арандату екенін біліп отырмын. Мұны салық декларациясында мәліметтерді дұрыс көрсетпедің деп түсіндіруде. Бұлай болуы мүмкін емес. Мен сайлауға мұқият дайындалдым: бірнеше фирмалар-салық жөніндегі кеңесшілерім болды. Олар менің барлық деректерімді тексеріп, кеңес берді. Сондықтан, менің салық декларациямдағы мәліметтердің қате болуы мүмкін емес. Өзімнің ісімнің дұрыс екеніне толық сенімдімін», - дейді Б. Сыздықова ханым.

Қазақта «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен көр» деген мақал бар. саясат сахнасында танымалдығы жоғары, мемлекет билігіне ашық қарсылық танытпайтын Бақыт Сыздықовадай кандидаттар сызылып тасталып жатқанда, тәуелсіз үміткерлердің депутаттықтан дәмеленуі шынында да қиын жағдай. Ең бастысы, Мәжіліске өтетін үіткерлерді «біржақты» еткен билік, ендігі кезекте өңірлердегі өкілетті органдардың депутаттарын да қатаң сүзгіден өткізуге шындап кіріскені белгілі болып отыр. Әйтпесе, кіріс туралы декларация толтырғанда неге тек өзін-өзі ұсынған үміткерлер ғана қателесіп, «Нұр Отан» атынан ұсынылғандардың құжаттары мінсіз болады? Ал, ақтөбелік кандидат Алмаз Жантәкеновті сүріндіру үшін КСРО кезіндегі үлестік купондардың қазбалануы «Сайлау» атты осы саяси комедияның кульминациясы болды.

Дархан Мұқантегі

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар