Елордада Наурыз мейрамына орай халықтық серуендер өтіп жатыр. Мереке екі күн бойы тойланады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Астана қаласының ресми сайтына сілтеме жасап.
«Астана-арена» стадионында өткен мерекелік шараның басталуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, онда әзірленген этно-ауылды аралады.
«Осынау ізгі мереке Парламент сайлауын өткізу шарасымен қатар келді. Қазақстандықтар бір үйдің баласындай тұтастығын көрсетті. Халқымыздың осы бірлігі мызғымайтын болсын. Біздің жасап жатқанымыздың бәрі қазақстандықтардың кейінгі ұрпағына мұра болып қалады. Біздің болашаққа апаратын жолымыз зор жетістіктер мен Тәуелсіздігіміздің игіліктері арқылы жарқырап тұратын болсын. Барша табиғат жаңарған Наурыз мерекесінде адамдар әрдайым бір-біріне деген өкпе-ренішін кешірген, мұқтаждарға көмектескен, бақыт тілеп, ағаш отырғызған және бұлақ көзін ашқан. Халық бұл күні тілеген тілектер міндетті түрде орындалатынын айтады. Мен әрбір шаңыраққа бақыт, шаттық шуағын және бар жақсылықты тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Басты шаралардың бірі «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда өтті. Әдеттегідей, киіз үйлер тігіліп, спорт жарыстары ұйымдастырылды, алтыбақан орнатылып, концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
«Жыл сайын киіз үйлер тігіп, бауырсақ таратамыз, наурыз көже мен қымыз ұсынамыз. Киіз үйлерде дастархандар жайылды. Ең басты мерекелердің бірі - гүлдену мен халық бірігетін күн. Бүгін қонақтарды таңғы сағат 8-ден бастап қарсы алудамыз. Үлкен-кішінің барлығы кеп жатыр», - деді қалалық басқармалардың өкілдерінің бірі Айман Шынбаева.
Халық арасында күрес, гір спорты, армрестлинг, арқан тарту, асық ату жарыстары өткізілді. Қалалық мәдениет мекемелері адамдарға мерекелік көңіл күй сыйлауда. Жас театр әртістері астаналықтардың назарына тақырыптық көріністер ұсынуда.
Мерекелік шаралар «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, сондай-ақ, қалалық алаңда да өтіп жатыр. Қалалық қызметтер киіз үйлер тігіп, тәтті-дәмділер таратып, сәндік бұйымдарды көпшілікке көрсетуде.
Айта кетейік, елордада халықтық серуен ертең де өтеді. Мерекелік шаралар «Студенттік» және «Жерұйық» парктерінде, «Астана-Арена» стадионы жанындағы этноауылда, қалалық алаңда, Қазақ елі монументінің және Бәйтерек монументінің жанындағы алаңдарда ұйымдастырылады.
Пікір қалдыру