Кеше Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс бергеннен соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық және шетелдік журналистердің сауалдарына жауап берді. Сол сұрақтардың БАҚ-та жарияланғандарының ішінде іліп аларлығы – елдің парламенттік басқару жүйесіне көшу мүмкіндігі мен сайлаудан кейінгі Үкімет құрамының қалай жасақталатыны туралы сұрақтар болды.
Алғашқысына сүйкей қамшылай жауап бергенімен Президент Қазақстан Парламентінің түптің-түбінде пәрменді органға айналатынын және оның қажетті шара екенін білдірді.
«...Саяси жүйенің өзгеруі – Конституцияның мәселесі. Оны халық референдумда қабылдады және өзгерістерді де халық қабылдайтын болады. Өзгерістер болу керек. Қазақстанда Президенттік басқару жүйесі жұмыс істеуде. Әңгіме билік өкілеттілігін билік тармақтарының – Президент, Парламент пен Үкімет арасында бөлу туралы болуы мүмкін. Біз бұл бағытта ойланып жатырмыз. Ал, оның қашан жүзеге асатынына келсек, біз экономикадағы, әлемдегі, ел ішіндегі ахуалға қараймыз. Егер басқарудың басқа жүйесіне көшу керек болса, біз бұл туралы жан-жақты ойластыратын боламыз, ойластырып жатырмыз да», - деп жауап берді Елбасы шетелдік журналистердің бірі қойған сауалға.
Елбасының бұл айтқандарынан шетелдік әріптесіміздің не түсінгенін қайдам, біздің ұққанымыз, Президент пен оның айналасындағылар Қазақстанның Парламенттік жүйеге көшуін қолдағанымен, әзірге ондай қажеттілік жоқ деп санайтын сияқты. Ол ойымызды Президенттің «Бізді демократияға асықтырудың қажеті жоқ. Демократия – біздің жолымыздың басы емес, жолымыздың ақыры» деген сөзі де нықтай түсті.
Сайлау туралы дүбір шыққалы халықты Парламенттің жаңаруынан кем мазаламаған мәселе – Үкімет құрамының, дұрысы оның жетекшісінің ауысуы болған еді. Бұл мәселе де БАҚ өкілдерінің назарынан тыс қалмапты. Президент өткізген брифингте бұл сұрақ та қойылды.
«Оны дауыс беру нәтижелеріне қарай көреміз. Алдын ала болжам бойынша, Парламент пен жергілікті мәслихаттар 60 пайызға өзгермек. Парламент кәсіби парламент болады. Ал, Үкіметті Парламент жасақтайды. Жаңадан сайланған Парламент алдында Үкімет өз өкілеттіктерін тапсырады. Парламент құрамы бекіген соң депутаттар Үкіметке сенім білдіру үшін дауыс береді. Егер сенім білдірілсе, Үкімет жұмысын жалғастырады. Сенімсіздік білдірілсе, Үкімет таратылады. Бұл – депутаттардың толық құқығы», - деген Елбасы бұл жерде де жалпы түсініктерден бөлек, «өз айтары» барын білдірді.
«Ал, менің жеке пікірімді білгілеріңіз келсе, Үкімет былтыр президент сайлауынан соң ауысқанын естеріңізге салғым келеді. Ол да Конституция бойынша жасалды. Үкіметтің бүгінгі құрамы біз қазір жұмыс істеп жатқан заңдар мен бағдарламаларды, дағдарысқа қарсы бағдарламаны, бес институционалды реформаны әзірледі. Мен Үкімет құрамы өте сауатты жасақталған деп ойлаймын. Барлығы білімді, бірнеше тілді біледі, өз істерінің шеберлері. Бізге, менің ойымша, олардың бастаған істі аяғына жеткізуіне мүмкіндік беру керек сияқты», - деді Президент.
Ал, енді түсініп көріңіз. «Бізге негізі былай қарай бару керек. Бірақ, мен олай бармай-ақ қою керек деп ойлаймын» деген жаңылтпаштан не ұғуға болады?! Оппозиция өкілдері парламенттік жүйеге көшіп, саяси реформа жасау керек дегенді айтып жүргеніне жиырма жылға жуық уақыт болды. Ақорда да өткен жылдардан бері парламент өкілеттілігін кеңейтуге мүдделі екенін білдірген болып жүр. Бірақ, нақты іс жоқ. Алға жылжығысы келмейді. Әйтпесе, «демократиялық жолмен өткен әділ сайлауда жасақталған осы парламенттің өкілеттігін кеңейтеміз» десе, алдыңғы айтқандарына еш кереғар болмас еді ғой.
Одан кейін, «Үкімет былтыр жаңартылды» дегені де қисынға келіңкіремейді. Былтыр президент сайлауынан кейін Елбасы Үкімет құрамын өзгеріссіз қалдыруды ұсынғанда, қолбала парламент оған үнсіз келісе салғанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Ендеше, Елбасы қай Үкіметтің жаңарғанын айтып отыр?
Үкімет тек «Шетінен сауатты, шетінен білгір» шенеуніктерден құралса, ел неге дағдарыс қыспағына түсе береді? Экономиканың кем тұстарын халықтың зейнетақысы мен айыппұлдар есебінен толтырудан басқа жолдарды неге қарастырмасқа? Жиырма жыл бойы шикізат сатудан басқа түк бітірмеген бүгінгі министрлерді қалайша «өз ісінің шебері» дейміз? Қатардағы министрлерді айтпай-ақ, осы уақытқа дейін не бір облыс басқармаған, не бір өндіріс орнында еңбек етпеген, өткен-кеткені күмәнді, алайда, екі мәрте Премьер-министр лауазымына тағайындалған, Қазақстан тарихында премьерлік тақта ең ұзақ отырған Кәрім Мәсімовті ауыстыру қандай қиындық туғызады? Оппозицияда жүргендерді алып келмесе де, қазіргі Үкімет құрамында премьерлік орынға лайық бір министр жоқ па? Бар, әрине. Биліктің еңбекторысы атанған Бақытжан Сағынтаев, жаңа технологиялар мен инвестиция саласын ұзақ жыл басқарып келе жатқан Әсет Исекешов, экономиканың әр саласында еңбек еткен Өмірзақ Шүкеев, басқарған облысын гүлдендіріп жіберетін, жергілікті халықтың тек алғысына бөленіп жүрген әкімдер Қырымбек Көшербаев, Бердібек Сапарбаев кімнің тақиясына тар келеді? Осыған дейін бір мәрте премьерліктің дәмін татқан, елбасының сенімді кадры саналатын Иманғали Тасмағамбетовты бұл лауазымға олқы деп кім айта алады?
Айта берсе, халықтың көкейінде көп мәселе жүр. Елдің басым бөлігі биліктен осы сайлаудан соң біршама жаңалық күтті. Үміттенді. Елбасы заң шығарушы органды бір жақты еткен соң, Үкіметте ауыс-түйіс болады, билік басына елшіл тұлғалар келеді, басқару жүйесі халыққа бетін қаратады деп сенді. Түрлі арандатулар мен айдап салуларға ермеді. Ал, сол халық сенімін билік ақтады ма?
Тәпсіршілер Елбасының бұл айтқандарын әлі талай «түсіндірер». «Елбасы Үкімет ауыспайды, Парламент күшеймейді» деп ашық айтқан жоқ. Барлығы уақытымен реттеледі» дейтіндер табылар. Алайда, қазақстандық саясаттың жазылған, жазылмаған заңдарынан хабары барлар Елбасының кешегі айтқандарын келешек саясаттың қалай қарай ығатынын білдіретін емеурін деп түсінеді. Солайша, көктеммен бірге бір жаңалық болар деген үміт те су сепкендей басылды.
Жомарт Абдоллаұлы
Пікір қалдыру