Мониторинг: Девальвацияның тұрғындарға әсер-ықпалы қандай?

/uploads/thumbnail/20170708151428795_small.jpg

MediaNet  Халықаралық журналистика орталығы жанындағы «DEMOSCOPE» бюросы Қазақстан  тұрғындарының девальвацияға көзқарасы мен девальвацияның тигізген әсерін анықтау мақсатында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 14 облыс орталығынан барлығы 2000 адам қатысты. Сұрақтарға 18-жастан жоғары 70% әйелдер мен 30% ер адамдар жауап берді.

2014 жылдың ақпан айында болған девальвация қазақстандықтардың бестен бір бөлігінің жинаған ақшасына айтарлықтай кері әсер етті. Сонымен қатар, 14%-ң жинақ ақшасы аз ғана суммаға зиян шекті. Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан көбінің (54%) жинақ ақшасы болмағандықтан, ешқандай өзгеріс байқалмады. Ал жауап берушілердің 6%-ң ақшасы шет ел валютасымен сақталғандықтан зиян шекпеді.   Сауалнама нәтижесі девальвацияның салдарынан туындаған тауарлар бағасының өсуі жеке/отбасылық бюджетке тікелей әсер еткендігін көрсетті. Сол себепті, респонденттердің 32%-ы тамақтануға жұмсалатын шығынын, 10%-ы киім алуға жұмсалатын қаржысын қысқартқан. Ал сауалнамаға қатысушылардың 8%-ы тұрмыстық техника сатып алуды уақытша тоқтатса, 18%-ы пәтер немесе көлік сатып алуды кейінге қалдырған. Ал сұрақтарға жауап берген қазақстандықтардың 2,5%-ы балалардың оқуына жұмсалатын шығынды қысқарттық деп жауап берді.

Респонденттердің оннан бірінен көбі девальвация салдарынан туындаған бағаның өсуі барлық нәрседен үнемдеуе мәжбүрлейді деп жауап берді. Ал, девальвация 19% қазақстандықтардың   бюджеттеріне де өмірлеріне, де ешқандай әсер етпеген. Сауалнама жүргізу барысында қатысушыларға девальвация әсерінен туындаған қаржылық шығынның орнын қалай толтырасыз деген сұрақ қойылды. Үштен бір бөлігі, нақты айтсақ 36%-ы, ештеңені өзгертпеймін деп жауап берді. Ал қатысушылардың 31%-ы қаржылық шығынның орнын толтыру үшін жұмыс берушілерге жалақыны көтеруге өтініш білдіремін деді. Ал 15%-ы жалақысы жоғары жұмыс қарастырамын деп жауап берді.  Сауалнамаға қатысушылардың 7%-ы ұзақ уақытқа арналған жалақысы жоғары жұмыс іздеуге ниетті екен. Бірақ ол үшін жалақысы жоғары жұмысқа қажетті іскерлік дағдыларды оқимын дейді.

Девальвация қазақстандықтардың болашақ жинақ ақшаларын жоспарлауға да әсер етті. Олардың 25%-ы жинақ ақшам жоқ, болашақта та болуы екіталай деп жауап берді.  Бестен бір бөлігі (20%) болашақта ақшаларын АҚШ долларымен сақтаймыз дейді. Ал 23%-ға жуығы қаржысын аралас: бір бөлігін теңге, бір бөлігін доллар, бір бөлігін еуромен сақтамақшы. Ал 3,5%-ы ақшаны тек еуромен сақтаған дұрыс дейді. Респонденттердің 18%-ы ешқандай қаржылық қауіптерге қарамастан, ұлттық валюта теңгеге сенім білдіреді.  Қалған 0,5%-ы жинақтарын алтын, акция, тіпті алмаз күйінде сақтауды дұрыс деп есептейді.

Қатысты Мақалалар