ОЛ – ҚЫТАЙ ПАЛУАНДАРЫН ОЛИМПИАДАҒА ДАЙЫНДАЙТЫН ҚАЗАҚ

/uploads/thumbnail/20170708232659250_small.jpg

Қазақтың өткені де бүгіні де үлгі-өнегеге толы. Қазақтың қай баласы болмасын, қайда жүрсе де намыс туын биік ұстап, қатарының алды болуға, азаматтық тұлғасын даусыз жеңістермен биіктетуге ұмтылған. Қай ортада, қандай жағдайда болмасын ұлт намысын өз намысынан кем көрмеген. Бұған бір жағынан тарихы тасқа таңбаланған халқымыздың батыр ұлдары салған даңғыл жол сеп болса, екінші жағынан әрбір қазақ баласының азаматтық ар-ожданы, тұлғалық қасиеттері ұлттың абыройын түсіруге жол бермеген.

Тағдыр талайымен шекараның арғы бетінде қалып қойған, сұрқия саясат салдарынан өзге елдің дәргейіне өткен қалың қазаққа да бұл сипаттар жат емес. Іле бойы, Өр Алтай, тастары талай тарихқа куә Тарбағатай бөктеріндегі қазақтан басқа, арысы Түркия, Ауғанстан асқан, Еуропаның алып елдеріне табан тіреген қазақ баласының ешқайсысы ұлт айбынын асыруға үлес қоспады дей алмайсыз.

Бүгінгі әңгімемізге арқау болғалы отырған Әлнұр Төргеұлы – тек Қытай қазақтары ғана емес, тұтастай миллиардтар еліне танымал, халықаралық деңгейдегі атақ-дәрежелерге ие палуан. 2004 жылы Афинада өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан Қытай құрамасында қазақ палуанының болуы айтарлықтай оқиға болатын. Небір мықты спортшылардың ішінен топ жарып, әлемдік бәсекеге жолдама алу қандай қиын болса, Қытай секілді миллиардтар елінде, «сен тұр – мен атайын» деген кіл мықтының ішінен озып шығу, үздік атану сонша қиын. Өзгелерді сөзсіз мойындатуың керек, ешкімнің ішінде қыжыл қалмайтындай, даусыз жетістіктерге жетуің қажет. Осы тұрғыдан қазақ баласының Қытай елі атынан олимпиада ойындарына баруы – мақтанарлық оқиға.

Жақында Әлнұр Төргеұлы Елордасы  Астанаға күрестен Қытай құрамасын бастап келді. Қытайға қайтар жолында Алматыға соғып, осындағы азаматтармен бірнеше күн бірге болды. Жеке кәсіпкер, ұлт жанашыры Әлнұр бастаған азаматтар күтіп алып, Әлекеңнің арқасына шапан жапты. Осы орайда "Қамшы" порталының редакциясына арнайы бұрылған Әлнұр Төргеұлын әңгімеге тарттық.

«Арғы аталарымыз палуан тұлғалы кесек кісілер болыпты. Әкеміз де күреске құмар кісі болған. 10-11 жасымнан ауыл арасында ойын-тойларда алаңға шығып, күресіп жүрдік. Біз мекендейтін Күнесте Қарағай су деген қыстақ бар. Сонда туып-өстік. Әкем дүниеден ерте озды да біздің шаңырақтың көп ауыртпалығын інісі Қарға Манап деген ағамыз көтерді. Ауылдағы Кәдірбек деген ағамыз спортқа, оның ішінде күреске бейімділігімді біліп, ауданда өтетін жарыстарға апарып жүрді. Алғаш қатысқан жарысым әлі есімде. Он екі жастағы кезім. Салмағым 47 келі. Ауданға барсақ жарыс аяқталуға жақын қалыпты. Содан мен жарысқа толық қатыса алмағанмен, сол жерде 15 күндік жаттығуға қалатын болдым. Рақым Үмітажыұлы, Сұрапалды Ахмет деген палуандар күрес техникасына баулыды. Сөйтіп жүргенде 10-15 күннен соң Текеске жарысқа бардық. Мен сол 47 келі салмақта еркін күрес жарысына қатысатын болдым. Сол жерде 1-орын алып, бір марқайып қалдым. Жаттықтырушыларым үшін де бұл жағымды жаңалық болған еді. Осы жеңісім менің Іле аймақтық спорт мектебіне қабылдануыма, содан кейінгі үлкен жеңістерге жол ашқан оқиға болды», - дейді палуанның өзі.

Іле аймақтық спорт мектебінде жаттығып жүріп, Әлнұр ағаға Қазақстанға келіп, спорт мектебінде жаттығу мүмкіндігі бұйырды. 90 жылдардың басында Шыңжаң басшылығы мен Қазақстанның спорт мекемелері арасындағы келісімге сай өлке палуандары Алматыдағы спорт мектебіне келіп жаттығатын жағдай жасалды. Сөйтіп, алғашқы лекпен 1991 жылы Әлнұр ағамыз Алматыға, Қажымұқан атындағы спорт мектебіне оқуға келеді. Бастапқы келісім бойынша, қытайлық палуандар бес жыл Алматыда жаттығуы тиіс болады. Соған сай шығындардың біршамасын Қытай үкіметі, бір бөлігін спортшылардың өздері төлейді.

«Алматыға келген беттегі таңданысымда шек болған жоқ. Бұрын тек атын еститін, көреміз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін Жақсылық Үшкемпіровті, Дәулет Тұрлыхановты көру мүмкіндігіне ие болдық. Бұған дейін еркін күреспен айналысып келген мен бірден өзгердім. Классикалық күрес аталатын грек-рим күресіне ауысатынымды, сол бағытта жаттыққым келетінін айттым. Бұған әлгі ағаларымыздың жеңістері, өнегелі өткені себеп болды», - дейді Әлнұр Төргеұлы.

Ағамыз ол кезде Қазақстанда қарым-қатынас, білім беру тілі ретінде орыс тілінің үстемдік құрып тұрғанын айтады. Өзге тілде сөйлейтін өз қалаңда жүру қанша қиын болғанмен, кейін орысшаны да үйреніп алғанын, қазақша сабақ өткізетін, жаттығуларды қазақ тілінде ұйымдастыратын бапкерлердің де табылғанын айтады. Ә дегенде бес жыл Қазақстанда жаттығуы тиіс Әлнұр Төрге 1994 жылы Қытайға қайтып кетеді. Оған себеп, сол жылы грек-рим күесінен жастар арасындағы Қытай біріншілігіне барып, жеңіп қойғаны. Қазақ палуанының қарым-қабылетін байқаған Шыңжаңның спорт саласын басқарушылар сондай шешімге келеді.

Көп ұзамай 1996 жылы қыркүйек айында Әлнұр Төрге грек-рим күресінен Қытай құрамасына қабылданады. Бірнеше рет Қытай біріншілігін жеңіп алып, Бүкіл қытайлық спартакиадада 2001 жылы 3-орын иеленген Әлнұр Төрге сол жылы Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатына барып, 2-орын алады. Осыдан кейін Әлнұр ағамыз түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстардан жұлдесіз қайтқан емес, ал, Қытай ішілік біріншіліктерде өз салмағынан алдына жан салмады. Сөйтіп жүргенде Афина олимпиадасына дайындық та басталып кетті...

«Мен кілемге шығатын 57 келі салмақта ол кезде 4 мықты палуан болдық. Өзім Афинаға баратынымды 20 күн қалғанда ғана білдім. Алайда, дайындығымыз ерекше жағдайда өтті. Әлгі төртеуіміз бір-бірімізден қалыспай жаттықтық. Мен он шақырым жүгірсем, әлгілер де қалыспай он бес шақырым жүгіріп дегендей (күледі..). Сөйтіп, Алла қалап, Олимпиадаға бару бақыты маған бұйырды», - дейді ол.

«Олимпиада ол спорттық өмірдің шыңы ғой. Онда басқа талаптар, басқа жағдайлар. Афинада алғашқы кездесуімде неміс палуанын 3:1 есебімен жеңіп, екінші кездесуімде ресейлік палуаннан 3:2 есебімен жеңілдім. Өзім біршама өкінгеніммен мұндай ауқымдағы жарысқа алғаш қатысқандықтан жетекшілерім бұған көңіл толмастық танытпады. Әрі қытай ішілік іріктеуден өткенімнің өзі бір жеңіс еді»,- дейді Әлнұр ағаның өзі. «Олимпиада қарсаңында күрес мектебі қалыптасқан Қазақстанға келіп бірнеше ай жаттығу мүмкіндігі болғанда нәтиже де басқаша болар ма еді?» деген де өкінішін жасырмайды.

Палуан Афины Олимпиадасында Қытай құрамасы үздік үштікке ілінбегенін, бірінші орынды Корея, екінші орынды Куба, үшінші орында Ресей спортшылары иеленгенін айтады.

Олимпиададан соң Әлнұр Төрге екі жыл күресіп жүріп, кейін бапкерлікке ауысқан. Жаттықтырушы ретінде өзін сынап жүргеніне де биыл он жыл болыпты. Қазір Шыңжаң палуандар командасын баптайды және Қытай құрамасының бапкері болып еңбек етуде.

«Шыңжаң құрамасында қазір 60-тан астам палуан жаттығады. Дені 1994 жылы туған жігіттер. Жастар. Сол себепті олардың әрқайсысының болашағынан зор үміт күтуге болады. Қытайдың Жастар арасындағы біріншіліктерінен, Қытай чемпионатынан, Азия чемпионаттарынан жүлдемен оралып жүрген шәкірттерім бар», - дейді бапкер. Қытай мемлекетінің спортқа, оның ішіндегі бұқаралық спортқа ден қойып отырғанына да назар аудартады бапкер.

«Қытайды білесіздер, өте еңбекқор халық.  Және ісіне адал, қолынан іс келетін адамдарды ешқашан кеудесінен қақпайды, аяғынан шалмайды. Қытай соңғы жылдары өздерінде кенжелеген спорт түрлеріне шетелдерден мамандар тарта бастады. Шеттен ғана емес, өз елдерінің ішінде жүрген талантты мамандарды да назардан тыс қалдырмады. Сол ел ішінен іздеген мамандардың бірі ретінде мені де шақырды. Шақырған соң өз үлесімізді қосуға кірісіп кеттім. Қазір Қытайдың грек-рим күресіне үлес қосып жатқаныма бес жылдан асып барады. Жаман емес, бар білгенімді балуандарға үйретіп жатырмын. Мінеки, нәтижесін өздеріңіз де көрдіңіздер», - дейді ол.

Халықаралық белдесулерге сан қатысқан, өзі де шәкірт тәрбиелеп, түрлі жарыстарға қатысып жүрген бапкер Қазақстан спортшыларының, оның ішінде палуандардың дайындығына зор баға беретінін айтады.

«Халықаралық жарыстарға келгенде бауырларды іш тартып тұрасың. «Кімдер келді екен? Кім қайда орналасты? Дайындықтары қалай екен?» деп алабұртып жүресің. Қазақстан палуандары дене дайындығымен қатар, техникалық тұрғыдан да көш ілгері. Қазақстанда үлкен мектеп қалыптасқан. Спортшылардың жеңіске деген ұмтылысы, биік рухы ерекше таң қалдырады», - деп тәуелсіз ел спортшыларының талай биікті бағындыратынына сенім білдіреді.

Сондай-ақ, Әлнұр Төрге бүгінде ағайындарының біршамасы атамекенге оралғанын, Қазақстанның толыққанды азаматы ретінде ел дамуына үлес қосып жүргенін де айтады. Әлнұр ағамыз жары Шынар Шәпи екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Шынар жеңгеміз бүгінде Шыңжаң телевизиясында қызмет етеді.  

Осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері бірінші Алланың арқасы болса, одан кейін қанда бар палуандық, қазақ рухының көрінісі деп біледі.

«Жастайымыздан әкесіз өстік. Біз үш ұл, үш қызбыз үйде. Сол үш ұлдың үшеуі де палуандығымен аты шықты. Үшеуміз де күрестен спорт шеберіміз. Біздің мұндай деңгейге жетуімізде анамыз Күлсара Тоқтыбақтың ерен еңбегін айтпай кету зор айып болар еді. Менің өзімді оқыту үшін тынбай еңбек етті. Қазақстанға келіп үш жыл оқығанымда оқуға қажет 7500 юаннің бес мыңын мемлекет төлесе, қалған бөлігін анам төледі. Бұл сол кездегі есеппен әжептәуір қаражат. Осы күні күрестен бір жетістікке жеттім десем – ол анамның үмітін ақтағаным, еңбегін еш етпегенім», - дейді.

PS.: Алдағы Рио Олимпиадасына Азия елдерінен баратын палуандар арасындағы жолдамалар Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде сарапқа салынған болатын. Онда Қазақстан палуандары еркін күрестен – 4, грек-римнен – 1, әйелдер күресінен – 4, жалпы 9 жолдаманы жеңіп алды.

Азияның 30-ға жуық елінен келген 168 балуанның ішінен жеңіп алған жоладамар саны бойынша Қытай құрамасы екінші орын иеленді. Іріктеуде Қытай құрамасы еркін күрестен -1, әйелдер күресінен -1, ал грек-рим күресінен 3 бірдей жолдамаға қол жеткізді. 

Әзірлеген: Жомарт Абдоллаұлы

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар