Қарағанды облысындағы Нұра-Сарысу бассейнінің Төменгі Нарбақ су қоймасында бөген жарылды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Азаттыққа сілтеме жасап.
Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 4 сәуірге қараған түнгі сағат үштер шамасында Шет ауданында Нұра-Сарысу бассейнінің Төменгі Нарбақ су қоймасындағы плотина жарылған.
ТЖД аймақтағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ деп отыр.
Бөгеннің бұзылуынан Қызылорда-Павлодар жолының 796 шақырымында жолдың 5-6 метр тұсын су басқан. Жолда барлық көлік түрінің қозғалысына шектеу қойылып, арнайы бекет орналастырылған.
Су қазір Жаңаарқа ауданындағы Сарысу өзені аңғарында орналасқан Бидайық су қоймасына ағып жатқан көрінеді. Облыстық төтенше жағдайлар қызметі артық судың бұдан ары табиғи жолмен Сарысу өзенінің аңғарына кететінін айтқан.
Бұдан басқа 3 сәуір күні облыста 2 үй және Қарағанды қаласындағы аулалардң біразы су астында қалған.
Сондай-ақ, бүгін таңғы сағат 8 шамасында Шет ауданы Шопа елді мекенінде Шерубай-Нұра өзенінінің су бекетінде су деңгейі көтерілгені белгілі болған. Соған қарамастан, мамандар елді мекендерді су алу қаупі жоқ деп отыр.