Ертең Қазақ Ұлттық өнер университеті Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алаш қарысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына орай «Ұлы даланың ұланымын» атты студенттер айтысын өткізгелі отыр, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Университеттің баспасөз қызметі хабарлағандай, айтысқа оқу орнының «Дәстүрлі ән» кафедрасындағы айтыс өнеріне маманданып жүрген студенттер мен Астана қаласы жоғары оқу орындарының таңдаулы айтыскерлері қатысады.
"Қазақ Ұлттық Өнер университетінің ректоры, ҚР Еңбек Ері, Әлем әртісі Айман Мұсақожаеваның қолдауымен 2014 жылы ашылған «Айтыс» мамандығында қазіргі таңда 7 студент білім алуда. Сол жеті жас талап ақындар жыр додасында өз бақтарын сынап көрмек. Сонымен қатар, Ардакерей Кәп, Дәурен Полатбаев, Нартай Тілеуқұл сынды жас айтыскерлер қатысады деп күтілуде. Айтыстың мақсаты - от ауызды, орақ тілді ақындардың жүрекжарды жырымен тәуелсіздіктің қадірін ұғындыру және азаттық жолында алтын бастарын бәйгеге тіккен Алаш ардагерлерін еске алу, атамұра өнерді дәріптеу",-деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.
ҚазҰӨУ қабырғасында тұңғыш рет өткізілгелі отырған студент жастар айтысына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков, академик, ғалым Сейіт Қасқабасов, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, жыршы, ҚазҰӨУ профессоры Алмас Алматов бастаған Аманжол Әлтай, Серікзат Дүйсенғазы, Жібек Болтанова, Дәулеткерей Кәпұлы, Балғынбек Имаш, Айнұр Тұрсынбаева, Шырынбек Қойлыбаев, Қалқаман Сарин, Әсем Ережеқызы, Еркебұлан Қайназаров, Иран-Ғайып Күзембаев, Сара Тоқтамыс, Жандарбек Бұлғақов сынды елге танымал ақындар қонақ ретінде келеді.
Үздік өнерімен дараланған ақынға - Қазақ Ұлттық Өнер университетінің ректоры, ҚР Еңбек Ері, Әлем әртісі Айман Мұсақожаеваның арнайы жүлдесі табысталады деп хабарланып отыр.