«Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Қазақстан Республикасы Парламентінің Шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен перде тіккен кәсіпкер әйел 2014 жылдың қазанынан бері адал еңбегінің ақысын ала алмай жүр, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Бүгін жеке кәсіпкер аталған мәселенің нүктесін қойып, әділ шешім шығаруды сұрап Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми мен Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың атына хат тапсырды.

Кәсіпкердің айтуынша, 2014 жылдың қазан айында жалпы құны 82,5 млн. теңге болатын 3 лот бойынша депутаттар тұратын қызметтік пәтерлерге терезе перде сатып алу жөнінде мемлекеттік сатып алу конкурсын жарияланады. Сол лоттардың құны 25,1 млн. теңге болатын біреуін, яғни, қонақ үй бөлмесіне перде тігу жөніндегі лотты жеке кәсіпкер Ақмарал Ардаубаева ұтып алады. Кәсіпкер 2014-жылдың 05 мамырында Парламенттің Шаруашылық басқармасымен келісім шартқа отырады.
«Келісімге сай кәсіпкер дайындаған 130 перде жинағы (130 комплект) екі жылға жуық уақыт бойы Парламенттің Шаруашылық басқармасының қоймасында үйіліп жатыр. Ал, кәсіпкер А. Ардаубаева болса, әлі күнге дейін тиісті қаражатын ала алмай, бір жылдан аса уақыт бойы Парламенттің Шаруашылық басқармасымен соттасып жүр», - дейді Айқмарал Ардаубаева.
Кәсіпкерге парламенттің шаруашылық басқармасы «Тігілген перделер талапқа сай емес» деген себеппен қаражат төлемей отыр.
А. Ардаубаеваның қоғамдық қорғаушысы Мақсат Ілиясұлы сот барысында парламенттің шаруашылық басқармасы тігілген перде жинақтарына "негізсіз талап қойғанын" айтып отыр.
«Парламенттің шаруашылық басқармасы тарапынан перде матасының бір шаршы қалыңдығына 585 грамм мата талап етілген. Бірақ, біз Ресей, Украина, Беларусь елдеріндегі ірі мата шығарушы фабрикаларына сұрау салғанда, мұндай қалыңдықта перде тігілмейтінін білдік. Оның үстіне парламенттік шаруашылық басқарамасы «Аналитика» атты жеке ұйымның сараптамасы негізінде талап қойды. Бірақ, «Аналитика» ұйымы бізге осы іске қатысты ешқандай қорытынды жасамағанын жазды. Сот барысында осы уәждеріміз назарға алынбады», - дейді заңгер.
Кәсіпкер А. Ардаубаева осы жағдайға байланысты жиырма шақты жұмысшысына еңбекақы төлей алмай отырғанын да алға тартады.