ЕЛІМІЗДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР САНЫ АРТЫП ОТЫР

/uploads/thumbnail/20170708232836376_small.jpg

Қаржылық дағдарыс пен ел ішіндегі қымбатшылық халықтың әлеуметтік ахуалына кері әсерін тигізбей қоймайды. Біреулер қысқартуға ұшырап, табыс көзінен айрылса, енді біреулер еңбекақысын ештеңеге жеткізе алмай қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Сонымен қатар, зейнеткерлікте отырғандарға да бұл дағдарыс оңайға соқпай тұрған сияқты. Статистикалық мәліметтер зейнет жасындағы азаматтардың ішінде де жұмыс іздеушілер мен жұмыс істеп жүргендер санының артқанын көрсетіп отыр.

ranking.kz сайты 2015 жылы жасы алпысқа бет алған жұмысшылар санының екі есе артып, 21,2 мың адамды құрағанын жариялап отыр.

Бұрын бұл көрсеткіш керісінше төмен деңгейде болған. Тіпті, біршама азайған да. Мәселен, 2013 жылы – 19, 2014 жылы 31 пайызға кеміген. Ал, соңғы жылдары зейнет жасына жақындағандардың жұмысқа шығуына не себеп? Әрине, қаржы дағдарысы.

Еліміздің денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұған дейін елімізде 2 миллион шамасында зейнеткер барын жариялаған еді. Сол екі миллионның жасамыстаулары үйде отырмай еңбекке араласып жатқан көрінеді.

Алайда,экономист Олжас Құдайбергенов жұмыс істейтін зейнеткерлердің санының артуына демографиялық фактордан басқа, салық органдарының жұмысы да ықпал етуі мүмкін екенін айтады.

«50-жылдары туу көрсеткіштері жоғары болды. Статистикаға жүгінсек, 60-64 жастағы азаматтардың саны жыл сайын артып отырғанын көреміз. Олардың саны 2010 жылы 479 мың болса, былтыр 620 мыңға жеткен. Яғни, зейнеткерлер саны артса, олардың ішінде жұмыс істейтін бөлігінің де қатары жиілейді», - деген экономист мұнда экономикалық фактор маңызды рөл ойнамайтынын айтады.

Қалай дегенде де, бейнетінің зейнетін көріп, үйде, бала-шағаның жанында жатқанға не жетсін? Қартайғанда жастармен жағаласуға қариялардың да құмарта қоюы екіталай. Ал, күннен-күнге қымбаттап жатқан азық-түлік пен коммуналдық төлем ақылардан бастап, зейнеткерлерді бейнетке салуға себеп болатын жайттарды санамалай беруге болады. «Ұл мен келіннің тапқаны балабақша мен пәтерақыдан артылмай жатқанда, жоқ дегенде тамаққа сеп болайын» деген ой да қарияларымыздікі.

Ал, «Зейнетақымен қамту туралы» жаңа заң әйелдердің зейнет жасын 2018 жылдан бастап әр жыл сайын алты айға ұлғайтуды, сол арқылы ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын теңестіруді көздеп отыр. Осылайша 1964 жылы туған апаларымыз зейнеткерлікке 63 жасқа толғанда барып шығатын болады.

 

Қатысты Мақалалар