1941жылы қараша айында неміс фашистерімен Мәскеу түбіндегі ұрыста ерлікпен қаза тапты делінген 8-гвардиялық дивизияның 28 жауынгері туралы мұрағат деректерін жариялаған РФ мемлекеттік мұрағатының бұрынғы басшысы Сергей Мироненко былтыр шілде айында қазақстандық «Радиоточка» сайтына сұхбат берген болатын. Сұхбатта С. Мироненко 28 панфиловшының қалайша батыр атанғанын, олардан батыр жасау кімге не үшін керек болғанын тәптіштеп түсіндірген. Қазақстан қоғамында осы тақырыптағы пікір таластар әлі де толастамай тұрған себепті мұрағатшының сол сұхбатын қазақ тіліне аударып, «Қамшы» оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.
Сергей Владимирович, Сіздің орыс баспасөзінің Бүкіләлемдік конгресінде 28 гвардияшы-анфиловшылардың ерлігін аңыз деп мәлімдеуіңізге не себеп болды?
Менің түсінбейтінім, сіздер Бүкіләлемдік конгресті мұндай мәлімдеме жасауға лайық жер емес деп санайсыздар ма? Сұрағыңызды түсінбей отырмын. Оған дейін мен осы мәселеге байланысты «Коммерсант» газетіне сұхбат бердім, ол салмақты, үлкен газет. Одан бұрын, шамамен 5-6 жылдың алдында РТР арнасындағы «Мұрағат құпиялары» телехабарында Татьяна Коморова екеуміз осы эпизод туралы айттық. 1991 жылы бас әскери прокурор тарихи журналға осы тақырыпта мақала жазды. 1966 жылы «Новый мир» журналы Кардин деген журналистің осы туралы мақаласын басты. Сіздер менің конгресте осы мәселені көтергеніме неге таң қаласыздар?
Тарихи тақырыптағы дискуссияны осы конгресте көтеруге не себеп деп сұрамақшымыз.
Менен онда Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ұлы Отан соғысының проблемалары туралы тарихи баяндама жасауды сұрады.
Ол құжаттар (КСРО Қарулы күштері Бас әскери прокуроры Н. Афанасьевтің баяндамасы – ред. ) неге осы қазір жарияланып отыр?
Біріншіден, ол құжаттар қазір интернетте жарияланып отыр. Сондықтан да осылай түрлі талқылауға тап болды. Біз адамдарға артық сұрақтардан арылып, Бас әскери прокурор, генерал-лейтенант Николай Афанасьевтің баяндама хатын оқу мүмкіндігін ұсындық. Ол ерлік болмаған. Сіз құжатты оқыдыңыз ба? Сізде ол құжат бойынша сұрақтар бар ма?
Көп адам «Ол ерлік болмады» дегенге наразылық танытуда...
Сіз мені дөрекілігім үшін кешіріңіз. Тек нақұрыс қана панфиловшылардың ерлігі болмаған деп айта алады. Панфилов дивизиясының, панфиловшылардың ерлігін жоққа шығару мүмкін емес. Ол – Ұлы Отан соғысындағы ерекше оқиға. Біз Мәскеуді қорғап қалған ол дивизия жауынгерлеріне қарыздармыз. Дивизия өзінің жауынгерлік құрамының елеулі бөлігінен айрылды. Бірақ, біз фальсификациямен күресіп жүргендіктен, ал, бұл сөзсіз фальсификация, мен мұны Қазақстанда неге ауыр қабылдап отырғанын түсінбеймін.
28 панфиловшы туралы ресейлік оқулықтарда жазылған ба?
Тарихи-мәдени стандартта «панфиловшылар ерлігі» туралы айтылады. 28 адам туралы онда ештеңе жоқ.
Құжатқа қатысты менде сұрақтар бар. Жарияланған материалдарда мағынасы маңызды жолдардың асты сызылған. Бұны құжатты жазғандар істеген бе, әлде жариялау алдында болған шаруа ма?
Ол құжат мұрағатта қандай күйде сақталды, сол күйінде жарияладық. Ол – құжаттың электронды көшірмесі.
Құжат қай жылы құпия мәліметтер қатарынан алынды?
1991 жылы оларды әскери прокуратура құпия грифінен айырды.
Сіздің ойыңызша 28 панфиловшының құрметіне ашылған ескерткіштердің атын қайта өзгерту қажет пе?
Ол ескерткіштер Панфилов дивизиясының ерлігіне арналуы керек. 28 батыр туралы не айтуға болады? Сіздер түсініңіздер: ондай батырлар болған жоқ.
Сонымен, ол құжаттар негізінен анау айтқандай жаңалық емес дейсіз.онда неге бұл дау-дамай осы күнге дейін тыйылмай келеді?
Жаңалықты қабылдау қиын. Катынь қырғынына қатысты қаншама құжаттар болғанын еске алыңыз. Көп адамдар құжаттарға сенбейді. Тіпті Ресей Федерациясының польшалық офицерлерді немістер емес, біздің қырғанын мәлімдеген Мемлекеттік Думаға да сенбейді. Риббентроп-Молотов Пактісіне қатысты қаншама дау болды. Қаншама уақыт бойы Кеңес Одағы осы пактінің құпия хаттамалары болғанын жасырып келді. Жаңалықтың барлығы қоғам санасына оңайлықпен кірмейді. Сіз бұл сұрақты одан да осы жайттарды түсінбей жүргендерге қойыңыз.
Мен үшін бұл жайттар басы ашық мәселелер. 1948 жылы Бас әскери прокурордың да бұған күмәні болмаған. Бұл құжаттар сол 1948 жылы неге жарияланбағанын түсіндіретін бізде құжат жоқ. Әзірге, ондай ештеңе анықталмады. Олар жасырылды деп ойлауға болады. Бірақ, жарыққа шықпайтын ешқандай құпия болмайтынын түсініңіз.
Мемлекеттік мұрағатта бұл тарихқа басқаша сипаттама беретін неміс құжаттары бар ма?
Тыңдаңызшы, ол құжаттар баяғыда-ақ жарияланып қойған. Ол құжаттарды тарихшылар пайдаланып жүр. Неміс құжаттарында 1941 жылғы 16 қарашадағы Дубосеково разъезінде болған ұрыс туралы ештеңе жоқ. Сондай-ақ, немістің 18 немесе 50 танкісі қирады деген де ештеңе жоқ.
Сіздің ойыңызша 28 гвардияшы-панфиловшылар туралы аңыз соғыс жылдарында әскери ерлік үлгісі ретінде керек болды ма?
Өтіріктің үстіне ештеңе тұрғыза алмайсыз. Тіпті, мектепте де өтірік айтпауға үйретеді. Тарихтың да ғылым ретіндегі міндеті – ақиқатты іздеу. Осы ақиқатты түсіндіру – басқа адамдардың жұмысы. Тарихшыларға да қатысы бар. Бірақ, ақиқатты іздеу біздің мұрағатшы мамандардың, тарихшылардың мамандығының өзегі. Бар болғаны осы. Бұл жерде сезімге берілмеу керек. Жалған дүниемен ештеңе құралмайтынын салқын қанды қабылдау қажет.
Дереккөз: radiotochka.kz
Сергей Ким