Мырзагелді Кемел, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
Маңғыстаулық жаңа танысым Ордалы Қосайға, өмірге бейтарап қарамайтын мінезіне бағып, бір жылдай ішімде жүрген ойларымды салыстырып алғалы осы хатты жолдадым.

Құрметті Ордалы Қосай мырза!
Сіз арқылы «Адай Ата-Отпан тау» рухани тарихи- мәдени кешенін салу идеясын мақұлдап, он жылдан сәл астам уақыт ішінде жұрт болып жұмылып осынау ғажайып кешенді тұрғызған Адай ата ұрпақтарына шексіз алғысымды білдіремін.
Бұл құрылыс екі жыл бойы салынып, жыл сайын жаңартылып, он екі атаның кенжесі Адай Ата елінің Ел таңбасы мен Адай Ата кесенесі, Ақсарай, «Ана келбет» ескерткіші, Батырлар алаңы, Ту төбе, төрт көрме залы, Ұран оты жағылатын мұнара, Көкбөрінің келбеті, соларды біріктіріп тұрған 362 баспалдақ салынып – бәрі- бәрі тарихты терең тануға арналған тұтастық кешені болып қалыптасыпты.
Кесене тұрғызу туралы ұсыныс беріп, оның тұжырымдамасын жасап, барлық істің басы-қасында жүрген қазақтың дара ұлы Сабыр Адайға алғысымыз шексіз. Орындалған іске бек ризамыз!
Екі жылдан бері көрісу күндерінде осы жерге келіп, танымымыз жетіліп, тарихқа ендеп жатқан жайымыз бар. Ендігі жерде біз – біріншіміз, біз – ұлымыз, біз – ерекшеміз деуге әдеттеніп бара жатқан қазағымызға ойсалар бірер сөз айтқым келіп, хат арнап отырмын. Біздікі – ұсыныс қана, ешкімнің көңіліне тиер болмасын.
Кешен іске қосылып, әр жылы наурыздың 14 жұлдызында осында бас қосу шаралары өткізілгеніне биыл тоғызыншы жыл екен. Сегіз жыл бойы Адай Атаның сегіз немересінің ұрпақтары осынау іс- шараларды өткізіп, жыл сайын дамып келе жатқан құрылысқа әр ата балалары өз үлестерін қосып, игілікті істі алға жылжытып келеді екен. 2008 жылы Қосай атаның ұрпақтары бастаған бұл іс 2009 жылы Тәзіке ата ұрпақтарына берілсе, 2010 жылы Құнанорыс атаның, 2011 жылы Ақпан атаның ұрпақтарына жүктеліпті. Осылай жалғасып келіп, Ал 2015 жылы Адай атаның сегіз ұлының ішіндегі қарашаңыраққа Мұңал ошағы иелеріне бұйырыпты.
Былтырғы жылы осы шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері ұсыныс жасап, Отпан тау кешенін ілгері да- мыта түсу және оның мән-мағынасын кеңіте түсу мақсатында ендігі жерде тек Адай атаның ұрпақтары ғана емес, 12 ата Байұлының өкілдері де өз үлестерін қосса, сонан соң барып Орта жүз бен Ұлы жүздің басты-басты аталарына кезек берілсе деген ұсыныс болған еді.
Бұл ұсынысқа қоса, басқаша да бір тілектер айтылған болатын. Ол – Маңғыстау облысының қалалары мен аудандары бұл игілікті іске кезектесіп өз үлестерін қосып, әр жылды кезектесіп бөліп алса, бірте-бірте Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс облыстары мен Алматы, Астана қалаларына кезек берілсе деген ұсыныс тұғын.
Бұл ұсыныстардағы кесене салу мақсаты әркім өз руын әспеттеуден биігірек тұруға, кей жағдайларда тереңдеңкіреп бара жатқан рушылдық кеселінен арылуға шапағаты тиер іс болар еді деп ой түйгенбіз. Оның үстіне анау атадан оза түссек, ерекше бір іс атқарсақ деген, орынсыз шашылу, қажеті жоқ бәсекеге де ұрындырмас еді-ау деген ойға да барғанбыз. Бұл іс елімізде киелі Түркістан, Бурабайдағы хан орда- сы, Астанадағы елордамыз сияқты бар қазаққа ортақ киелі орынды рухымызға сіңіру болар еді дегенбіз.
Біздікі - алып кешенге қатысты ізгілікті істер ауқымы бұрынғы күйінде қалып, тек бір ғана атаның ұрпақтарына арналған іс болып жалғаса ма, онда рулар арасында бәсеке болып, әр жылы әр ата өз руын әспеттеп, кітап шығарып, ескерткіш орнату- мен әуестеніп кете ме, бұлай болса кешенді салудағы мақсат ауқымы тарылып қала ма деген қауіп қана. Осы ойлар мазалап, осы хатты жазуға мені мәжбүрлеп еді.
Егер зиялылар ұсынған ойлар жүзеге асса, Батыс өңіріндегі ең биік шың Отпан тауында орналасқан Адай ата ескерткіш-кесенесі бар қазаққа ортақ кешен ретінде біздің достық, туысқандық, мейірім сынды басты идеяларымызға әдемі үйлесіп, жүйелі сөз бен іс ретінде бар қазаққа қызмет етер орын болар еді.
«Бар қазақ – менің жалғызым!» деп ұрандатқан озық ойлы, өрелі ақынымыз Сабыр Адай да бұл ұсынысымызды қабыл алатындай, оның идеясы бүкілқазақтық болып, өзі бар қазақтың құлағына құйған жыр жолдарына әдемі үйлесер деген ойдамыз. Сонда Отпан тауда жағылған оттың да ғұмыры ұзақ бола түсер еді, ол – барша қазақты біріктіруші күш ретінде танылар еді.
Сіз бен біз кездейсоқ танысқанбыз, әлі сұхбаттасып та үлгермедік. Бірақ Қосай атаның атын өз тегіңізге алған, белсенді өмірлік ұстанымы бар азамат деп танығандықтан сөзімді сізге арнадым. Маңғыстаудан шалғай жерде тұрғандықтан ондағы таныстарым да саусақпен санарлық. Білетіндерім – Өмірзақ Озғанбаев пен Сайын Назарбекұлы ағалар, бұлардың өздері де сыртта жүрген кісілер. Бұлардан басқа сәл ұзақтау таныстарым Светқали мен Сабыр. Жүгінетін басты кісіміз Әбіш ағадан айрылып қалдық. Сөйтіп, пікіріме пікір қосатындар саусақпен санарлықтай-ақ.
Сіз бұл ойыма не дейсіз? Және жалпы біздің бұл ойларымызды Маңғыстаудың патша көңілді халқы қалай қабылдайды.
Осы ойларыма қаратыла айтылған шыншыл жауабыңызды күтемін.
Мырзагелді КЕМЕЛ,
Астана. 19 наурыз 2016 жыл.
ХАТҚА ЖАУАП
Жеделдес ініміз Мырзагелді Кемелге!
Сіздің осы заманғы «жеделхатта» жазған хатыңызды балаларым оқып берді.
Сіз бен біз Фариза апаны мәңгілік сапарға шығарып салу рәсімінде кездесіп, пікір алысқанбыз.
Жеке тұлғаның, аймақтың жетістігін ұлттық деңгейге жеткізу елдік ауқымды үрдіске айналатын мезгіл жетті. Ол – білім мен ғылымды игеру, әлемдік деңгейге жету, озық технологияны жетілдіру арқылы ұлттың мерейін өсіру, сондай-ақ мәдени, рухани байлықты дамыту болса керек.
«Бабаларын қалтықсыз қастерлей алған халық, балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақшы» деген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты сөзінде де терең мән бар.
Осы тұрғыда жасалынған бағыт-бағдар, атқарылған ұлан – асыр істер, «Адай Ата-Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешеніндегі ғылыми танымдық ақпараттар мен материалдар легін сараптап таразы- лап ел қажетіне жарату үшін кейінгі жылдары көрісу күндерінің осында өтуінің әлеуметтік маңызы мен мақсаты зор.
«Жақсы заманда да, жаман заманда да Адай Ата мен Бекет атаға деген ел сүйіспеншілігіне қылау түскен жоқ. Өйткені олар тірісінде елдің - жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген Азаматтар. Жаудан елді арашалаған батыр. Дауда әділетті арашалаған Қазы. Озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірадарлар. Елімен жерін шексіз сүйген асыл азаматтар, абзал адамдарды ел де шексіз сүйеді. Адай Ата мен Бекет атаның басты құдіреті міне осында» - деп жазды «Бекет ата» кітабының алғы сөзінде ҚР Еңбек Ері һәм Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев.
Олай болса адамдарды ізгілікке, мейірімділікке, бауырмалдылыққа, жастарымызды отан сүйгіштікке тәрбиелеуде бұл іс-шараның алатын орны бөлек емес пе?!.
Дегенменде қалтасы қалыңдаған кәсіпкерлердің немесе рулар арасындағы бәсекенің ат шаптырып, тайын оздыру ұлтты ұшпаққа ұшырмасы анық.
Облыс әкімі қолдағанмен, мәслихат аппаратында отырған жекелеген шенеуніктердің рулық деңгейден аса алмауының салдарынан үрдіс қайта жалғасып, екінші айналымды халықтың еркінен тыс бастатып жіберді. Олармен бірге тізгін ұстасып жүрміз дейтін жалған патриоттар мен әсіре көсемдік танытушылар да оларды қостады.
«Жазған құлда жазық жоқ» дегендей бұхара халық кімге сенерін де, ерерін де білмей дал. Көнгіш, сенгіш, қылдай қиянат ойламайтын көпшілік ата-бабаның рухы үшін деп жарты күлшесінен де үзіп беруге дайын екендігіне көздері жететін озбыр - «патриоттың» бастамалар көтеруінің нәтижесі – бұл.
Сөйтіп, біліктіліктің сөзі емес, күштің сөзі өтіп тұр. Әрине, әр жағында бәсекенің бәсі басымдық етуде. Бәрінен бұрын аңызақ ауаны бірге жұтып, суымызды тұщытып бірге ішіп, желдің өтінде тоңып, аптап ыстыққа күйіп жүрген жерлестерімізден ұят та болды- ау. Олар да киелі Маңғыстаудың маңғаз жұртымыз деп өздерін асқақ ұстайды. Салт-дәстүрі бірдей, жекжат- жұрағат, құдамдалы, нағашылы-жиенді, кластастар, құрдастар, достар болып, бірге өмір сүріп жатыр.
Есболай бастаған беріштер, Кете Әжібай, Ақпан бастаған таздар бәрі де адайлармен бірге көшіп келді. Соңғы көшке де жарты ғасыр уақыт өтті. Бақилық болған ата-аналарының мәңгілік қонысы осында. Қазір Маңғыстауда еліміздің қай түкпірінен де келген келіндер бар, ал қыздарымыз өрісімізді кеңейтіп отыр. «Қазақ сұрастыра келсе, қарын бөле шығады».
Ұсынылған ойлар орындалса, әулие Әбіш кеңітіп атағандай «Отпан Тау» тарихи-мәдени кешені» исі қазаққа ғана емес, еліміз ұлттарының барлығына ортақ, тиесілі болады.
Маңғыстаудағы амал тойындағы көрісу рәсімі- түгендесу рәсіміне жатады. Қыстан мал-жан аман шықты ма, іздеп барып сәлем беретін қарттардан кім бар, т.с.с. Әр үйде наурыз көже, қыстан қалған сүрден қазан толтырылып асылуы міндет.
Әрбір отау иелері, ұядағы ұл мен қиядағы қыздың үлкен үйге келіп сәлем беруі. Әрбір үлкен үйдегі басталған көрісу, түгендесу бүкіл қазақ елінің бірлік күніне дейін жалғасып, бүкіл қазақ елі халықтарының бірлік күні - 1 мамыр мерекесі Отпан Тауда жалғасын тапса несі сөкет, несі ерсі.
Ізгі ниетпен, Ордалы Қосай
24.03.2016 жыл