Амал мейрамы құтты болсын!

/uploads/thumbnail/20170708151438426_small.jpg

Көрісу — Батыс Қазақстан аймағында ғана сақталған ежелгі дәстүр. Жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атайды. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін іиеке асына шақырьш, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені, Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Бұл мерекені амал мейрамы деп  те  атайды.  Жыл  құтты болсын, ағайын!

Назарларыңызға Әміржан Қосановтың ізгі тілектермен өрілген мына өлеңін  ұсынып отырмыз...

Жаңа жылдай жаңартар болмысты кім?

Жаратамын Наурыздай жыл басынмен! Батыс! Шығыс! Оңтүстік! Солтүстігім! Көрісейік, қанекей! Бір жасыңмен!

Мәре-сәре боп бүгін жатыр ауыл, Көрістің бе сырласың, құрдасыңмен? Алтай! Арқа! Алатау! Атырауым! Қауышайық, қанекей! Бір жасыңмен! Неге сонша cен-дағы ұсақтадың, Сөзіне еріп «түген мен пәлендердің»? Кішілерді қапсыра құшақтадым, Үлкендерге иіліп сәлем бердім! Мол тірнегі тірліктің, мол дүрмегі, Есіл өмір өтеді есіл күнмен. Ешкім менің әкемді өлтірмеді – Ренжіткеннің барлығын кешірдім мен! Көңіл шіркін, күмістей көлкілдедің. Көңілімді ұқпайтын талайың бар. Мен де ешкімнің әкесін өлтірмедім - Кешіріңдер мені де, ағайындар! Көктемнің мен көрнекті күшін алам,- Табындырды табиғат тылсымдары. Әр жыл сайын көріспек үшін адам Әр күн сайын қауышып жүрсін бәрі!

Қатысты Мақалалар