​ШЕТЕЛДІК ТЕЛЕАРНАЛАРДЫҢ ТАРАЛУЫН РЕТТЕЙТІН ЗАҢ ОРЫНДАЛМАЙ ҚАЛА МА?

/uploads/thumbnail/20170708234431411_small.jpg

Естеріңізде болса, өткен жылы қазан айының соңында Елбасы «Кәсіпкерлік мәселелеріне қатысты Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғанын жазған болатынбыз. Аталған заңмен «Телерадиотарату туралы» заңның 34-бабына өзгерістер енгізілді. Ол өзгерістерге сай телерадио хабарларын таратумен айналысатын операторлар шетелдік телерадио хабарларын Қазақстан Республикасының аумағында тарату кезінде ол сигналдарды шетелдік жарнамалардан тазартуға міндеттелді.

Мұны елдегі бірқатар қоғам қайраткерлері, БАҚ басшылары шетелдік телеарналардың, әсіресе, ел азаматтарына ресейлік саясатты, оның басшысы В. Путиннің ұстанымдарын насихаттап отырған «ОРТ», «Россия», «НТВ», «РТР» сынды арналарды шектейтін мүмкіндік деп қабылдады. Қазақстандық телеарна басшылары осы арқылы отандық арналардың өнімдеріне сұраныс артып, сапалы контент жасауға жол ашатынын да мәлімдеген еді.

Заңға енген ол өзгерістерді шетелдік телеарналардың елге тарауына шектеу қоюға бағытталған деп бағалау біршама қате түсінік. Заңда, оны түсіндірген лауазымды тұлғалардың мәлімдемелерінде жаңа заң талаптары ел аумағында тарайтын шетелдік арналардың сигналдарын емес, ондағы жарнамаларды шектейтіні анық айтылды. Соған қарамастан, елдегі кабельдік операторлар жаңа заңға қарсы өре түрегелді. Бұл талап жүзеге асса, «Отандық кабельдік операторлар банкротқа ұшырайды, сөз бостандығына нұқсан келеді» деген сияқты уәждер көптеп айтылды. Осыны ескерді ме, басқа себептері болды ма, осы салаға жауапты Инвестиция және даму министрлігінің байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитеті жаңа жылдың алдында шетелдік телеарналардың хабарларын таратушы операторлар заң талаптарын орындауға, яғни, шетелдік арналардағы жарнамаларды эфирге шығармай, қиып тастауға мүмкіндік беретін құрылғыларды алып, іске қосу мерзімін 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін шегерген еді. Қарапайым тілмен айтқанда, жоғарыда қабылданған заң талаптары үстіміздегі жылдың 1 шілдесінде ғана күшіне енетін болды.

Сонымен, 1 шілдеге дейін кабельдік операторлар өздері тарататын шетелдік арналардағы жарнамаларды эфирден қиып алатын құрылғылармен қаруланып алуы тиіс. Алайда, бірқатар ақпарат құралдары өткен аптада салалық комитетте бас қосқан осы сала мамандары («Қазақтелеком» АҚ (ID TV), «Қазтелерадио» АҚ (ОтауТВ), «АлмаТВ» ЖШС, кабельдік операторлардың мүддесін қорғап жүрген «ҚР телерадиотарату операторларының қауымдастығы» өкілдері) өздері өткізген сынақ жұмыстарында шетелдік арналардың жарнамаларын қиып алудың автоматтық жүйесін енгізу мүмкін еместігіне көз жеткізгендерін айтқан. ҚР телерадиотарату операторларының қауымдастығы бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы ретінде Қазақстан аумағында тарайтын хабарларды жарнамадан арылтуды сол шетелдік арналардың өзіне жүктеуді ұсынған (заңды біз шығарамыз, ал, оны шетелдіктер орындайды екен – ред.). Осы мәселені бір жерден реттеу үшін, жарнамаларды «қырқумен» айналысатын  Біріңғай техникалық орталық құру туралы да сөз болған. Бірақ ешкім аталған мәселеде бір тоқтамға келе алмаған. Өйткені, әр компания тарайтын сигналдар сапасына әр түрлі талаптар қоятын көрінеді. Бұдан көретініміз, заңға өзгеріс енген уақыттан бері оны жүзеге асыратын бірде-бір тетік ойлап табылмаған. Ештеңе шешілмеген.

Өткен жылдың соңында бұл тығырықтан шығудың бір жолы ретінде елдегі ұсақ кабельдік операторлардың «ОтауТВ-мен» ымыраласа жұмыс істеуі, сол арқылы, жоғарыда айтылған жарнамаларды «қырқу» міндетін «ОтауТВ-ге» жүктеу ұсынылған. Алайда, «ОтауТВ» қожайыны «Қазтелерадио» АҚ өз сигналдарын спутниктік «тәрелкелерге» таратуға құқығы болғанымен, сигналдарын кабельдік желі арқылы таратуға лиценциялары жоқ болып шыққан. Бұдан бөлек, отандық операторда шетелдік арналарды кабельдік желі арқылы тарату құқығы да жоқ болып шыққан.

Әйтпесе, көптеген кабельдік операторлар жыл басынан бері «ОтауТВ-мен» келісімге отырып, аталған компанияға әрбір абоненті үшін ақша төлеуге дайын болған. Осы жерде ресейлік арналардың дистрибьютерлері де біраз шатақ шығарғанға ұқсайды. Ресейлік «Бірінші арна», «Дом Кино», «Телекафе» сынды арналарының хабарларын жеткізуші «Казахстанский центр-ТВ» ЖШС, «Eurasia Media Distribution» ЖШС («РТР-Планета», «Россия-24», «Телеканал «Россия», «Россия-Культура» арналары) бұл операцияларға араласпайтындарын мәлімдеген.

Заң қабылдарда ел Үкіметі отандық «ОтауТВ» желісін дамытуға, барлық ұсақ кабельдік операторларды осы компания астына үйіруге мүдделі болғанымен, соған бағытталған бірқатар іс-жоспарлар жасағанымен тараптар әлі күнге бір келісімге келе алмай отыр.

Осы қалыптасқан жағдайға байланысты мынадай жәйттерді көріп отырмыз. Біріншіден, шетелдік арналардағы жарнаманы эфирге қиып алатын, сол арқылы эфирге жарнамасыз хабарлар тарату – қазіргі уақытта кабельдік операторлар үшін техникалық тұрғыда мүмкін емес. Екіншіден, шетелдік арналарды «Қазтелерадио» АҚ арқылы тарату тағы да мүмкін емес. Шетелдік арналар Қазақстанға тарайтын хабарларын біз үшін жарнамадан тазартып береді деген де қисынға келмейді. Сондықтан, былтыр қабылданған заңның биыл орындалуы да неғайбыл. Осы салаға жауапты мемлекеттік органдарда екі таңдау бар. Бірі – заңның орындалуын табанды түрде талап ету, яғни, жарнамасы қиылмаған шетелдік телеарналардың сигналдарын таратуға тыйым салу. Екіншісі – осы талапты енгізіп отырған заңға қайтадан өзгеріс жасау. Сөйтіп, бұған дейін аталған заң аясында «айтқанын қайтып алу».

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар