Алматыдағы «Ақкент» тұрғын үй кешенінің бірнеше тұрғыны баспанасын босату туралы сот орындаушыларының талабын алған. Алаяқтарға алданған тұрғындар тұрғын үй кешенін салған «Ayt Housing Complex» компаниясының алдында қарызға белшеден батып отыр, - деп жазады «Қамшы» порталы ratel.kz – ке сілтеме жасап.
ratel.kz компания пәтер сомасын бөліп төлеу туралы міндеттеме алып 500 шақты отбасын «Ақкент» тұрғын үй кешеніне орналастырғанын жазады. Тұрғындар, күн өткен сайын ай сайынғы төлемдерінің 50-60 мың теңгеге артып келгенін, бүгінде олардан ай сайын 300 мың теңге төлеу талап етіліп отырғанын айтады.
Ал, 11 сәуір күні сот орындаушылары ай сайынғы төлемге шамасы келмейтіндердің пәтерлерін босатуын талап еткен. Бұған наразы болған тұрғындарбүгін «Ayt Housing Complex» ЖШС кеңсесінің жанында бейбіт митинг ұйымдастырды. Митингке «Ақкентте» тұратын келіншектер келген. Ол жерде көп аялдамаған тұрғындар Алматы әкімдігінің алдына барды. Қолдарына «Байбек, Көмектес! Stop выселению!» деген өтініш жазылған плакат ұстаған келіншектерге қала әкімдігінңі аппарат жетекшісі Мұрат Сембеков пен әкімнің тұрғын-үй қатынастарына жауапты орынбасары Румиль Тауфиков шығып, сөйлесті.
Тұрғындардың өтінішін тыңдап, жағдайларымен ауызша танысқан Румиль Тауфиков ешкім «Ақкенттіктерді» пәтерлерінен шығара алмайтынын ашып айтқан.
«Сіздерді ешкім (пәтерлеріңізден – ред.) шығара алмайды! Бұл менің және қала әкімінің сөзі. Шығаруға әрекеттеніп көрсін... Сіздер біздің азаматтарымызсыздар!», - деп тұрғындардың көңіліндегі күдікті сейілтті.
Әкімдік кешенді салған құрылыс компаниясы мен тұрғындарды бір стол басына жинап, мәселенің мән-жайын анықтауға кірісіп кетті.