Қарағандылық мектеп оқушысы Дария Андрейченко Майкрасофт компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс тағайындаған грантты Қазақстан оқушылары арасынан алғашқы болып иеленіп отыр, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы «Хабар» арнасына сілтеме жасап.
Дария Андрейченко біздегі Ұлттық біріңғай тесттің американдық баламасы САТ сынағына өз бетінше дайындалғанын айтады. Ол сынақ тапсырар алдында онлайн-сұхбаттасудан өткен.
Енді ол әлемнің ең танымал жоғары оқу орындарының бірі Дьюка университетінде білім алатын болады.
«Бұл университетке 32000 адамның тек 1700-і ғана түсе алады екен. Ал, осы шәкіртақы бойынша оқу бақыты жыл сайын әлем бойынша тек 8 талапкерге бұйырады екен. Маған оқуға түстің деген хат келгенде және шәкіртақы финалисті екенімді естігенде сенбей, әзіл шығар деп қабылдадым», - дейді Дарияның өзі.
Бірақ, Дария қатарластарымен бірге алдағы Ұлттық біріңғай тестілеуге дайындықтан сырт қалмайтынын айтады. Осы ретте Дария Андрейченконың мәнерлеп сырғанаудан бірнеше дүркін Қазақстан мен Ресей чемпионы екенін де айта кету керек.