Қазақ университетінде Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған конференция өтеді

/uploads/thumbnail/20170708234700741_small.jpg

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 15 сәуірде еліміздің және түркі әлемінің тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі, "Алаш" ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі көсемі,  саяси қайраткер Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған "Әлихан Бөкейханов және "Алаш мұрасы" атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Конференцияға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г. Н. Әбдіқалықова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ. М. Мұтанов, ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Н. М. Оразалин және басқа ғылым, білім және мәдениет қайраткерлері қатысады.

Конференция жұмысы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы мен еліміздің тәуелсіздік алуына өлшеусіз үлес қосқан қозғалыс көшбасшыларының мұрасын тарату мен қалың көпшілікке дәріптеуге бағытталған. Азаттықты аңсаған бабаларымыздың ұлы мұраты Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаев тұсында жүзеге асты. Ғалымдардың пікірінше, Президент алға тартқан "Мәңгiлiк Ел" идеясы "Алаштың" негізгі ұстанымы – қазақ бостандығымен тығыз үндесіп жатыр.

Ә.Бөкейхановтың озық ойлы идеялары оны Еуропа мен Азияның көрнекті саяси қайраткерлерімен бір деңгейге қойды. Бүгінде оның 150 жылдық тойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Ә. Бөкейханов патшалық Ресей уақытында да, кеңес үкіметі кезінде де қазақтардың еркіндігі үшін күресті. Үш рет жазаға тартылған ол 1937 жылы ату жазасына кесілді. Тек жарты ғасыр өткеннен кейін ғана жазықсыз жаладан ақталды. 

Конференцияда М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Уәлихан  Қалижанұлы «Ұлттың ұлы тұлғасы»; ҚР БҒМ тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжанов «Ә. Бөкейханов және ұлттық тарихты зерттеу методологиясы» ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,  тарих ғылымының докторы, профессор  Мәмбет Қойгелді «Әлихан Бөкейхан – Қазақ Ұлттық қозғалысының көсемі»; Мемлекеттік сыйлық иегері, академик О. Сәбден «Алаш идеясы арқылы өркениетке жаңа қадам" атты баяндамалар жасайды, сонымен қатар өзге де көптеген баяндамалар тыңдалады.

Конференция аясында Ә.Бөкейхановтың еңбектеріне арналған кітап көрмесі өтеді, публицист Мұхамеджан Сералин 1911 жылы негізін қалаған "Айқап" журналының жаңа санының тұсаукесері болады.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар