Қазір қанша дабырласақ та сөз еркіндігі бар. Ерінбеген үйінде отырып та, баспасөз арқылы да үкіметті сынай алады. Президентті де жерден алып, жерге салып жатқандар бар. Депутаттар да сыннан тыс қалып жатқан жоқ. Менің қолыма қалам алғызып отырғаны да – осы депутаттарға жасалып жатқан шабуылдар.
Қазақ десең өзіңе тиеді. Біз өзімізге келгенде ғана батырмыз. Олай деп отырғаным соңғы бірнеше күн бойы депутаттарды, оның ішінде парламентке өткен санаулы ғана ұлтжанды жігіттерді жексұрын етіп көрсетуге тырысушылықты байқап отырмын. Кеше бірқатар телеарнадан сондай хабарлар көрдім. Оның артында кім тұр, мұндай әңгіме кімпге керектігі бөлек әңгіме. Алайда, мынаған назар аудартқым келеді.
Жер сату туралы әңгіме бір бүгін шыққан жоқ. 2000 жылдардың басында Иманғали Тасмағамбетов бастаған Үкімет алғаш рет жер сату туралы әңгімені бастады. Ол да үлкен дауға ұласып, министрлер кабинеті мен мәжіліс арасында үлкен келіспеушілік болды. Ол кезде де жер сатуға қарсы шыққан басқа емес, осы депутаттар еді.
Бұл жолы кейбір ақпарат құралдары парламентті тек Нұртай Сабильянов пен Бекболат Тілеухан ұстап тұрғандай, сол екеуіне шүйлігуде. Екеуінің қай деңгейдегі саясаткер екенін, билік баспалдақтарындағы салмағын жақсы білеміз. Заң шығарушы органның шешуші рөлге ие бола алмай отырғанын ескерсек, ол екеуі не тындыра алады? Соны ойладық па? Жоқ, әлде «жаптым жала, жақтым күйе» деп соққылай береміз бе?
Біле білсек, бұған дейін де бірнеше рет мәжіліске депутат болған Нұртай ел мен жерге қатысты көптеген мәселелерді көтерді. Шығыс Қазақстанның Ұлан, Үржар сынды аудандарының халқы ол кісіге дән риза. Сабильянов сол бағытынан әзір тайып кетті деп ойламаймын.
Бекболат Тілеуханға келсек, ол да ұлтжанды, қазақты қалай ел етсек, абыройын көтерсек деп жүрген жігіт. Тілдің жайын тек теледидардан ғана емес, парламент төрінен де шырылдап тұрып айтты. Қазақ тілінің ахуалы туралы Мәсімовке қарата жасаған үндеуін неге ұмыта қалдық? Бұрынғы да, қазіргі де депутаттардың ішінде Кәрім Мәсімовке осылай батыл сауал жолдаған басқа депутат бар ма? Таппайсыз. Мұны бірақ ешкім ойлап отырған жоқ. Әйтеуір қараласақ, күстаналасақ болды деген мақсат бәрінікі.
Осы жолы шу болып отырған жер сату мәселесі парламенттің өткен шақырылымында заңға еніп кеткенін барлықтарыңыз білесіздер. Ол кезде Бекболат Тілеухан депутат емес еді. Бектіліп кеткен, Елбасы қол қойып тастаған заңды қайта қарататын құдырет оларда жоқ. Ондай болмаған да. Ең болмағанда осыны неге ескермейміз?!
Ол екеуі де маған ешқандай жақындығы жоқ адамдар. Бірі шығыстың жігіті, екіншісі Арқаның азаматы. Сол өңір халқы да азаматтарына араша түседі деп ойлаймын.
Кеше теледидардан «КТК», «31-канал» коммунистік партияның депутаты В. Косаревті қаһарман етіп көрсетуде. Қазаққа жаны ашитындар жерімізді аяусыз жыртып, эррозияға ұшыратқан сол коммунистік билік екенін неге ұмытады? Даулы мәселені, халықтың жанды жерін өзіне абырой жинау үшін пайдаланып отырған Косаревті көсем көргеніміз қалай? Менің ойымша, жер мәселесін енді бір шешсе, Президент шешеді. Былтыр қабылданған заңды да, биылғы Үкіметтің бастамасын да тек сол кісі ғана бір жақты ете алады. Сондықтан да, құр дабыра жасамай, істің оң шешілетін жолдарын іздейік. Барлығымыз Бекболатты күстаналап жүргенде, шынымен де жеріміз сатылып кетпесін!
Сәруар Айнабеков,
Зейнеткер, «Мұрат» шаруа қожалығының басшысы
Қостанай облысы Жангелдин ауданы
Пікір қалдыру