Рушылдық (Өлеңдер)

/uploads/thumbnail/20170708234816320_small.jpeg

Артық құрмет

(Астанадағы Жерұйық сая бағындағы Панфилов ескерткішін көргендегі ой)

Есімде жоқ қай күні, айдың нешесі,

(Жасқа жетпей ұмытшақтық- ай десейші).

Жерұйық сая бағы тұрған жер

Момышұлы Бауыржанның көшесі.

 

Үй - ішіммен барып едік сейілдеп,

Сая бақтың саф ауасын жейін деп.

Балаларым кетті ойнап жүгіріп,

Мүсінге қарап қалдым біраз кейіндеп.

 

Білмеймін кімге, бәз біреуге ұқсатам,

Қолда дүрбі, жүзіде бір сұсты адам.

Қандай себеп болды екен мұнда қоюға,

Кіріптарлық, жарамсақтық- ай қыстаған.

 

Әр нәрсенің ыңғайы бар, парқы бар,

Алтынменен жездіңде өз нарқы бар.

Алматыда көше бар ғой атында,

Ол аз десең 28- паркі бар.

 

Сиғызбадым еш қисынға, санаға,

Бабаларым жанын еткен садаға

Хандарымызға Астанадан жер таппай,

Масқара боп қалып еді- ау далада

 

Азат елміз десең енді кім сенер,

Жалтақтаумен басшың әлі жүрсе егер.

Саябақтың сәні кетіп қаларма ед,

Рақымжан Қошқарбаев тұрса егер.

 

Дейміз- ау құр: батыр болған арғы атам,

Ауыр келер ұлттық сана, арға тым.

Жерұйығың жерге кіріп кетерме ед,

Тұрса егер Бегелдинов Талғатың.

 

Қатты айтты деп кінәләма сен мені,

Ақиқат қой жауды жалғыз жеңгені.

Ұрпағыңа қойсаң егер үлгі қып

Жетпей тұрма Бауыржанның еңбегі.

 

Өзің оңғар бұл елімді жасаған!

Намысы өлген, жігер - қайрат босаған.

Өз ұлына тас атады тасадан,

Өзгелерге артық құрмет жасаған.

 

Бәрі оңалар, келер күнде бар үміт,

Бабаларым күткен бұл күн зарығып.

Жақпадыма саябақтың ауасы,

Тынысымда кетті менің тарылып.

 

Рушылдық

 

Сен өзің тұқымы едің қаракөктің,

Жаныма жақын сені балап өстім.

Батыр, балуан арыстар арылмаған,

Текті туған тегіме қарап өстім.

Мен саған қайың шоқпар сілтемедім,

Жаныңнан жасқай ғана жанап өттім.

Әзілге әзіл қарымта әділ сөзбен,

Әр басқан қадамыңды санап өттім...

 

Қарымта айтсам қатты айтып кетті деме,

Басқа тексіз, тек өзім текті деме.

Қаза берсең ханнанда мін табылар,

Бір өзі сол биікке жетті деме.

«Ескі жол», «Қасқа жолдар» содан қалған,

Ертті дейсің артынан көпті неге.

Кеңеспен пішкен тонды келте қылмай,

Сынбайды дегендейін топты жебе.

Әз-Тәуке, Салқам Жәңгір, Қасым хандар,

Қабырғасын қалмақтың сөкті неге.

Табғашты табындырып қуатына,

Орыстар орманына қашты неге.

Есімхан ел есінде мәңгі қалған,

Айбарлы Абылайхан есті неге,

Алаштың арыстаны Кенесары,

Ел үшін бәске тікті басты неге?!

 

Қарт тарих жетпей қанша қасаңдаған,

Сырлар көп тасқа толық қашалмаған.

Үш жүзге хан болып сайланғандар,

Билігін билердің баса алмаған.

Демократиясы даланың міне солай,

Өзі біліп шалыс қадам баса алмаған.

Жеке мүлік, артық- ауыс мал болмаған,

Қазынасын халықтың шаша алмаған.

Шексіз билік бір қолға тисе егер,

Азғындап кетпеспе еді қашанда адам.

 

Ұлы жеңіс алты алаш бірлігінде,

Қол бастар батырлардың дүрлігінде.

Жеңіліс таққа талас, рушылдық,

Қазақтың қасиетсіз тірлігінде.

Отбасын отанынан артық көрер,

Ойламсыз рушылдар жүр бүгінде.

Бар қазақ бір туғаным деп білмейді,

Мақтанар руының ірілігіне.

Қазақты қараласа қарық болар,

Қарашы көңілінің кірлігіне.

 

Қазақпыз бес саусақтың саласындай,

Бар алаш бір болайық аласынбай.

Көптігін, жүзін біреу мақтан етсе,

Біреу жүр ханның туған баласындай.

Дегендей бұлданады төр менікі,

Мың жыл өтіп кетседе арасынды- ай.

Сахабадай сезінеді біреу өзін,

Иман нұрын құймастан санасына- ай.

Жемтік тастап ортаға жіберсе егер,

Ырылдап дайын тұрған таласуға- ай.

Ілесіп дұшпанның айтағына,

Зар болып қалмайық қара суға- ай!

 

Жетпей жүрміз тұтас ұлттық өреге,

Қалай ғана берік болсын кереге.

Мен төремін, хан тұқымы де мейлі,

Біреу саған тұрып төрін береме.

 

Меркіт, Керей, мейлі Найман, Арғын де,

Жалғыз өзім жауға ойран салдым де.

Ұлы жүз не, Кіші жүз не бәрібір

Өзі шыққан төбе биік әр кімге.

 

Ойлай көрме бұлай елден озамын,

Басқалар лас, өзім ғана тазамын,

Әулием деп әспеттейме ел сені,

Десең егер дін таратқан Қожамын...

 

Бүйте берсең қазағым бүлінесің,

Тұзағына жауыңның ілігесің.

Төменге оқысаң шежірені бөлінесің,

Оқысаң жоғарыға бірігесің.

Бар қазақ бірін- бірі бауыр тұтса,

Күн туар ұлт рухы тірілетін.

Силасаң өз- өзіңді өзімсініп,

Сыртқы жаулар жанынан түңілетін.

Жаманын жасырып, жаныңа жақын тартып

Кез жетті жақсылыққа үңілетін.

Болса егер дау алмайды, жауда алмайды,

Бір атаның баласындай бірігетін.

Нұрбақыт Байрахметұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар