Қазақ – тағдыр тәлкегін көп көрген халық. Қолдан жасалған сандаған зұлматтар мен түрлі қуғын-сүргін салдарынан қазақтай шашылған ел жоқ шығар. Елбасы Н. Назарбаев айтқандай, осы күнге дейінгі қазақтың тарихы бірігу тарихы болып келеді. Осы бірлік пен ұлттық бірауыздылықты мақсат еткен қор құрылды жақында.

«Бір елде өмір сүріп, бір қазақ бола тұрса да жүз бен руға, дін мен тілге, жерге бөлінетін қазағымыздың қазіргі күйі көңіл қуантарлықтай емес. Заман өзгерді м, адам өзгерді ме деп отыра берсек, отыра береміз. Елді бірлікке шақыратын, атадан дәстүр болып қалған мейірбандық пен қайырымдылық қасиеттерімізді қалпына келтіруге нақты әрекет керек», - дейді «Әлем қазақтарының бірлік қоры» атты қоғамдық бірлестікті құрған азаматтар.

Осы жерде ұйымдастырушылар бұл ұйымның қандай да бір саяси мүдделерден, саяси мақсаттарды көздейтін топтардан ада екенін ерекше атап отыр.
«Қорды құрудағы негізгі мақсатымыз: дүниежүзіндегі қазақтардың басын қосу, қайырымдылық жолында жұмыс жасап, материалдық жағдайы нашар, көп балалы және толыққанды емес отбасыларға көмек көрсету, еліміз бен жеріміздің, ұлтымыздың болашағы үшін еңбек етіп, бір кісідей көмек қолын созу,өз үлесімізді қосу.», - дейді ұйымдастырушылар.
Қордың басшысы Тәңірберген Баймұрзаев деген ақсақал. 1935 жылы Түркістан өлкесінде дүниеге келген атамыз қызмет жолын Шымкент қаласында бастаған екен. Ұзақ жыл құрылысшы- инженер болып еңбек еткен атамыз бүгінде - мұсылманның бес парызының бірін орындаған қажы. Тәңірберген қажының артынан ерген бауыларының бірі, қорды ұйымдастырушы әрі оң қолы Райыс Әріпжанұлы.


«Еврейлер кезінде 600 жыл мемлекетсіз жүргенде осындай қорлары жұмыс істеп тұрған. Біз де әлемдік тәжірибелерді зерттей келе осындай қор құру керек деген ойға келдік. Қордың мақсаты – құрылтайшыларын байыту емес, кедей-кепшікке көмектесу, ұлтқа қызмет ету», - дейді Тәңірберген қажы Баймұрзаев.
Қор құрылтайшылары ұйымның қайырымдылықтан басқа рухани, мәдени бағыттағы жұмыстарға да демеушілік жасайтынын айтады.
Ерлан Төлеубай