Қазақстан - қылкөпірде!

/uploads/thumbnail/20170708151443292_small.jpg

Украина Ресей тарапынан жойқын ақпараттық шабуылға ұшырады. Украина да біз секілді 23 жылда ақпараттық қауіпсіздігін нығайтпағаны, етек-жеңін жинамағаны белгілі болды. Соның кесірінен Ресей тарапынан жасалған шабуылдың бетін қайтара алмай отыр. Өзбекстан әлдеқашан Ресейдің көптеген телеарналарын эфирлік жиіліктен алып тастады. Көргісі келгендер спутниктік антенна арқылы ғана тамашалай алады. Ал бізде ше? Ресей біздің ақпараттық кеңістігімізде емін-еркін, толық қожайын сезінеді. Қажет кезінде төбемізге "әңгіртаяқ" ойнатып алуға әбден дайын. Тіпті, шенеуніктеріміз төл басылымдарымызды менсінбей, ресейлік басылымдарды артық көреді. Соларға сұхбат беріп, солардың ығына жығылады. Украинадағы жағдайды біздің салық төлеушілердің қалтасынан қаржыландырып отырған "Мир", "ОРТ-Еуразия", "Қазақстан" ұлттық арнасы толығымен ресейлік көзқараспен беріп отыр. "АИФ в Казахстане", "Комсомольская правда в Казахстане", "Московский комсомолоец в Казахстане", "Известия в Казахстане" сияқты басылымдар дәл осы сәтте - ақпарат таратушы емес, арандатушы қызметті толық атқарып отыр. Оған "Русские в Казахстане", "Закон кз", "Нур кз", "Интерфакс в Казахстане" ж.т.б сайттар мен электрондық ақпарат агенттіктерін қосыңыз. Құдай бетін аулақ етсін, егер, ертең Ресей Қазақстан шекарасына көз алартатын болса, бұл басылымдар кімді қолдайды? Әділдік туралы ауыз аша ала ма? Әлде, ұлтаралық қақтығысты өршітіп, өзге елдің сойылын соға ма?

     Президент әкімшілігі мен Ақпарат агенттігі жедел түрде - басшылары мен қосшылары, кеңесшілері кіл Ресейден келген "Қазақстан" ұлттық арнасы, "ОРТ-Еуразия" бірінші арнасы, "Закон кз" порталы жұмысына толық мониторинг жасап, кадр саясатын тағы бір пысықтап шығуы тиіс. Өйткені, бүгінгі күннің тәртібіне ақпараттық және мемлекеттік қауіпсіздікті өткір болып отыр.  Ал, біздің ақпараттық белбеуіміз бос тартылған.

Тоқтар Жақаш

"Қамшы"  сілтейді

Қатысты Мақалалар